11.05.2021, 9:52
Оқылды: 65

Майсара - өз ісінің маманы

Заман ағымына сай кей мамандықтардың «құны» төмендеп жататыны заңды дүние. Кезінде қоғамға аса қажетті телефонист, телеграфист секілді мамандықтар қазір арнайы салада болмаса, мүлде жоқтың қасы. Сол секілді осыдан шамамен 15-20 жыл бұрын алыс пен жақынды байланыстырып, екі арада көпір іспеттес болған сағыныш хаттар мен газет-жорналдарды әр үйге жеткізетін пошташы мамандығының да бүгінде қадірі азайып барады.

BE88BD0F-3064-4B93-8469-F4400D30F60E

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің бәсі артып, тамырын кеңінен жайған заманда ұялы байланыс телефоны арқылы еркін сөйлесіп, түрлі хабарламалармен қоса, құжаттар мен суреттерді оп-оңай алдыртып отырғанда, расымен ешкім ұзын-сонар хат жазбасы анық. Жаңалықтарды да газет-жорналдардан күтпей, әп-сәтте әлеуметтік желіден оқи салады. Дегенмен, әлі де тұрғындарға аянбай қызмет етіп, мамандығына адалдық танытқан жандар жоқ емес. Солардың бірі, саналы ғұмырын, дәлірек айтқанда 38 жылын пошташы қызметіне арнаған Мақанова Майсара.

Иа, 38 жыл аз уақыт емес. Ғұмыр болса осы салада әлі де қызмет етемін деп отырған Майсара Оразбайқызы Ресей Федерациясының Орынбор облысы Тұзтөбе ауданы Буранное ауылында дүниеге келген. Не бәрі 20 жасында «Пошташылар курсын» оқып, Орынбор облысының Донгус бекетінде алғаш еңбек өтілін бастайды.

- Жұмыс өте жауапкершілікті талап ететін еді. Ол кезде біз хат пен газет тасудан басқа, қосымша ақшамен де жұмыс жасайтын едік. Маркалы хаттарды, әрі зейнеткерлердің үйіне зейнетақы жеткіземіз, жергілікті радионың төлемін қабылдаймыз. Таңмен ерте тұрып, арнайы пошта тасымалдау маршрутын жасақтап алып, газет үлестіреміз. Себебі ертемен 8-9-да жұмысқа келген адам алдымен елдегі жағдайлармен танысуы керек. Сол себептен үстел үстінде соңғы нөмерлі газет-жорнал жатуы керек болатын. Талап өте қатаң болды, - дейді Майсара Оразбайқызы.

Кеңес заманында әр апта сайын пошташылар арасында ұйымдастырылатын «Газеттік бас қосуда» өздерінің оқып-білгендерін ортаға салып, елдегі, әлемдегі соңғы жаңалықтарды талқылау арқылы пошташылар дүниетанымын одан әрі кеңейтіп отырған. Әйтсе де, пошташылар арасында тез ақша санау, газеттерді сұрыптау, жылдамдыққа, ұқыптылыққа бағытталған түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болған Майсара әрқашан өзінің ұқыптылығымен, жауапкершілігімен бірден көзге түседі.

«Ертеректе тұрғындар хатты асыға күтетін. Бірі алыстағы туысынан, бірі әскери борышын өтеп жүрген баласынан, достарынан, таныстарынан күткен сағыныш хаттарын жеткізу біз үшін үлкен қуаныш еді. Хат алушыларды «дәстүрге» сай би билетіп, хатын ұстатынбыз. Содан соң әр мереке сайын құттықтау хаттар (открытка) толастамайтын. Әр отбасы мүшесіне әр түрлі құттықтау хаттарды жеткізетінбіз. Балалар лагерьде танысқан достарымен таныстығын үзбей, олар да өзара хат алмасатын еді. Сонымен қатар ертеректе пошта арқылы алыстағы «қарсылас» адаммен ойнауға мүмкіндік беретін «Шахмат картасы» деген ойын болды. Картаға шахмат ойыны бойынша жүрген әр қадамдарын жазып, алыстағы қарсыласына жолдайтын. Ол да жауапты асыға күтіп, өз қадамын жазған картаны кері жолдайтын еді. Ал қазіргі кезде хатқа ешкім қуанбайды, керісінше ренжиді. Себебі қазір тек соттың талап қағаздары немесе мекемеден жолданған арнайы тапсырыс хаттарды көбірек тасимыз. Тіпті ол хаттарды өзің қалай берерге білмейсің», - дейді пошташы Майсара.  

Өмір заңымен тұрмыс құрып, дүниеге бес баланы әкелген көпбалалы ана үй тірлігіне де, жұмысқа да қатар үлгереді. Кейін 1991 жылы Ресейден Қазақстанға, яғни Шыңғырлау ауданына қоныс аударып, пошта қызметін үзбей қайта жалғастырады. Ол кездегі еліміздегі тоқырау заманы, қиын кезең әр отбасыны, әр саланы айналып өтпегені анық. Қаражат жоқ кезде зейнетақыны жартылай азық-түлікпен берген кезде ауыр-ауыр сөмкені тасып, үйге жеткізеді. Бүгінде пандемия кезінде де, үй карантинінде отырған жандарға қолдау көрсетіп, дүкеннен азық-түлікпен қосымша, дәрі-дәрмектерін жеткізіп жүр.    

- Мен өз жұмысымды ұнатамын. Сол себептен болар, пошта саласында ұзақ қызмет еткенім. Дегенмен бұл саланың да өз ауыртпалығы бар. Ауа райының құбылмалығы, яғни қыстың күні боран, жауын-шашын, жаздың аптап ыстығы болса да, міндетің жеткізу болған соң еш ойланбастан жұмысқа шығасың. Бір жағынан үй иелерінің иттері сес көрсетсе, екінші жағынан газеттің бояуы үсті-басыңа жұғады. Адамдардың көңіл күйі бәрі сенің жұмысыңа әсер етеді. Жастар жағы осының бәріне шыдай бермейді, бірер айдан кейін бірден басқа жұмыс іздей бастайды. Бірақ мен әрқашан әріптестерімнің қолдауын сезіндім, сондықтан оларға алғысымды білдіремін, - дейді ол.

Заман өзгерді, жұмыстың форматы да өзгереді. Бірақ бұдан азайған жұмыс көрінбейді. Әйтсе де, өз жұмысынан ләззат ала білген Майсара Оразбайқызы үнемі жымиып жүріп, өзі үлестірген газет-жорналдарымен қоса айналасына жылулық таратудан жалықпақ емес.

 Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале