Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов Бейбітшілік, Махамбет, Макаров және Достық ауылдық округтерінде есептік кездесуде болған кезде тұрғындармен негізінен осы бағыттағы мәселелер қозғалды.
Бейбітшілік ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев тұрғындарға биыл ІІ тоқсан бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндап, жыл басында көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды. Есептік жиында негізінен айтылған түйткіл - бала санының толмауына байланысты қазақ сыныбының біріктіріліп оқытылуы. Мұғалімдер шағын жинақты мектепте сабақ беру курсынан өткен. Алайда аудан әкімі Марат Тоқжанов біріктірілген сыныптардағы білім сапасына алаңдаушылық білдіріп, мектеп директоры мен ұстаздарға ата-аналармен толыққанды жұмыстануды, бала санын арттыруды тапсырды.
Махамбеттік тұрғындар да басқосуда ауыл халықтың өмір сапасын жақсартуға қатысты атқарылған іске оң бағасын беріп, ұсыныс-тілектерін айтып, көкейдегі сауалдарын қойды. Тұрғындардың басым бөлігі Д.Нұрпейісова, Садовой, Тәуелсіздік көшелеріне қатқыл табанды ауылішілік жол тартылуына құлықты. Дегенмен аумағы кең ауданда 68 елді мекені барын ескеруін сұраған аудан басшысы жол салу ісі кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді. Ал ауданық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТҮКШЖКжАЖ) бөлімінің басшысы Аслан Даубаев лайсаң кезде тұрғындар қиналмауы үшін шеткі көшелерге ескі асфальт пен құмды қиыршықтас қоспасын пайдалану арқылы мәселені шешу қарастырылуда екенін жеткізді.
Макаров ауылдық округінің әкімі Еркін Әбілкәкімовтың айтуынша, Мирный ауылына балалар ойын алаңын салу бойынша жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған. Макаров ауылына аялдама тұрғызуға қатысты ауданық ТҮКШЖКжАЖ бөліміне хат жолданып, жұмыстар жүргізілуде. Жалпы округ бойынша бес сенбілік ұйымдастырылып, 237 адам, 6 техниканың күшімен 25 тонна қоқыс шығарылған. Ауыл ішіне 670 ағаш отырғызылған. Тұрғындардың атқарылған іске көңілі толады. Тек ауыл сыртындағы су жаңа асфальтты жүк көліктері үгітіп, тоздыра ма деп алаңдаулы.
«Бос жүк көліктері өтеді. Ал жүк тиелген ауыр көліктердің өтуіне рұқсат жоқ. Тексеріс тұрақты жүргізіледі», - деді Марат Лұқпанұлы.
Достық ауылдық округінде де 2023 жылдың ІІ тоқсанында атқарылған ілкімді істер баршылық. Солардың бірқатары абаттандыру саласына тиесілі. Достық ауылының көшелерін жарықтандыруға 2 155 720 теңге қаражат бөлініп, Таңшолпан, Балауса, Алтын таң, М.Мақатаев, И.Тайманов, Т.Рысқұлбеков көшелері самаладай жарық күйге енген. Бүгінде Чувашин ауылында Чувашин ЖББОМ күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кейін оқушыларды жаңа мектепке ауыстыру жоспарда тұр. Сондай-ақ Чувашин және Красный Урал ауылдарының кіреберіс және ауылішілік жолдарына асфальт төсеу толығымен аяқталған. 2023-2024 жылдары Достық ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 3,5 га аумаққа 1200 орындық ЖББОМ салу үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Қазіргі таңда ата-аналарды толғандырған түйткіл – ескі мектептептегі жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі, ертең-ақ сол білім ұясында оқитын бала қауіпсіздігінің мәселесі. Аталған мектеп директоры Светлана Голубевадан қазіргі мән-жайды анықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов білім беру нысанының ішкі жағдайын көзбен көргенін айтып, жөнделетінін жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған орынды талаппен ымыраға келуге, мәселені шешуге әрдайым дайын екенін білдіріп, өз кезегінде көпшілікті де істелген жұмыстан шикілік іздемей, қайта бірге атсалысып, жауаптылық танытуға шақырды.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz