6.02.2025, 0:00
Оқылды: 96

Мичурин дәрігерлік амбулаториясының құрылғанына 10 жыл толды

Мичурин ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылғанына 10 жыл толды. Соған орай аталмыш емдеу орнында шағын мерекелік іс-шара өтті.

IMG-20250205-WA0018

​Кезінде облыс әкімі орынбасарының қатысуымен есігін айқара ашқан бұл амбулаторияда он жылдан бері күндізгі стационар, дәрігерге дейінгі қабылдау, зертхана, екпе, ем-шара, ерлер мен әйелдер бөлмелері үздіксіз жұмыс істеп келеді.
​Іс-шара барысында сөз алған аталмыш амбулатория меңгерушісі Мәнсия Дәуова атап өткендей, бүгінде мұнда 33 қызметкер бар, олардың үшеуі дәрігер болса, 23-і орта буын медицина қызметкері. Олар 9 мыңға жуық тұрғынның саулығы үшін уақытпен санаспастан, бел жазбастан еңбек етуде.
​Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов ежелден дәрігерлік қызмет асыл әрі адамгершілікті ту еткен кәсіп болып саналатынын, қандай қиын сәттер мен ауыр жағдайларда да дәрігерлер мен мейірбикелер өз ісіне мұқият қарап, адам жанының арашашысы бола білгенін айтып, жергілікті дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалады. Ол осы медициналық мекемесіндегі балалар мейірбикесі болып табылатын Мәншүк Бадияқова мен Нэйли Тапалованы өзінің алғысхатымен марапаттады.
​Аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Мырзағалиев, ауылдық округтағы қоғамдық кеңесінің мүшесі Олег Тюрин де ақ желеңді абзал жандарды атаулы күнмен құттықтады.

IMG-20250205-WA0024
​Айта кету керек, Мичурин ауылы қаламен іргелес жатқаннан соң бұл амбулатория Оралдағы №4 емхананың бөлімшесі болып табылады. Соған орай аталмыш емхананың директоры Алмас Жүнісбеков осынау іс-шараға арнайы келді.

IMG-20250205-WA0020
​- Осынау амбулаторияның жұмысының жүйелі жүруіне, орын алатын түрлі мәселелерді шешуге көп септігі тиіп жатқан Бәйтерек ауданының басшылығына, соның ішінде ауылдық округі әкімдігіне алғысымызды айтамыз. Жалпы қазіргі таңда бұл дәрігерлік амбулаторияға байланысты өзекті мәселе жоқ. Дегенмен ағымдағы жайттарды ретімен шешетін боламыз. Ғимарттың қасбетін жөндеу, көлік, қажетті құрал-жабдықтар алу, мамандар тарту бағытындағы жұмыстар қолға алынуда,-деген Алмас Тоғайбайұлы бір топ қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады. Олардың ішінде жалпы тәжірибе дәрігері Назым Хамидолла, аға мейіргер Анаргүл Сәрсенова, кіші қызметкерИрина Костина, амбулатория ардагері Болат Иманғазиев бар.

IMG-20250205-WA0019

​Ал жалпы практика мейіргері Жұмагүл Албетярова, сала ардагерлері Қилым Тұяқова, Күмісханым Ғабдолова амбулатория меңгерушісінің алғысхатын алды.
​Іс-шара барысында емделушілер де өздерінің игі тілектерін білдірді.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале