17.09.2021, 12:10
Оқылды: 47

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажы тыңдалды

Долин ауылдық мәдениет үйінде Теректі аудандық «Алтын шуақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Серік Ашықбаевтың бастамасымен жиын өтті. Оған Нұрғазы Сәтбаев басшылық ететін «Парасат-2018» жеке қайырымдылық қорының  өкілі Әлия Масалимова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Әлия Серікқалиқызы, аудандық емханадан дәрігер Гүлімхан Қуанаева және Долинный ауылдық әкімдігінің бас маманы Серік Жармұханов қатысты.

WhatsApp Image 2021-09-17 at 12.07.49

Жиналысқа келген тұрғындар мұң-мұқтаждарын айтып, талап-тілектерін жеткізді. Мәселен, Семей ядролық полигонында болған Қ.Ерзақов пен  үшінші топтағы мүгедек А.Жалетдинов көгілдір отын жүргізіп беруін сұрады. Қытымыр қыстың келе жатқанына алаңдап, жылу құбырын тартуға жеңілдік жасауды немесе бөліп төлеуді қарастыруды да тілге тиек етті.  Ауылға газ құбырын жүргізу кезінде мердігер компанияның «жеңілдік жасаймыз» деп алған тізімінен ешқандай көмек болмағанына тұрғындар реніш білдірді.

WhatsApp Image 2021-09-17 at 12.07.50

Ал екінші топтағы мүгедектігі бар Б.Нұрғалиев тұрақты жұмыс іздейді. Сонымен қоса азық-түлік пен көкөністерге жеңілдік жасауды да сұрады. Берік Әбезұлының тілегін Долинный ауылдық әкімдігінің бас маманы Серік Жарасұлы бүгіннен бастап қолға алатынын айтты.

— Мен қант диабетімен ауырамын, оның үстіне қан қысымым өте жоғары. Мал дәрігері болып жұмыс істеймін. Күннің ыстық кезінде жұмысқа жарамсызбын, үйден шыға алмай қаламын. Екі рет инсульт алып аман қалдым. Ендігі мені қинап отырған мәселе — вакцина болып отыр. Екпені алайын десем денсаулығым көтере алмайды, ал алмасам, басшылық жұмыс орнымды босату қажет екенімді айтты.

WhatsApp Image 2021-09-17 at 12.07.50 (1)

Сонда мен не істеуім керек? Денсаулық жағдайым дәрігерлерге белгілі болғанымен мүгедектік бермей отыр. Қант диабетімен өмір бойғы мүгедектік алуым керек емес пе, ештеңеге жағдайым келмейді,— деп ашынды А.Дүйсенбаев.

Тұрғындар мәселесін тыңдаған Ә. Масалимова мен бірлестік жетекшісі С.Ашықбаев сұрақтардың жауапсыз қалмайтындығын жеткізді.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале