14.10.2020, 11:37
Оқылды: 466

Өлеңті өркендесе...

Сырым ауданының орталығы – Жымпитымен қатар жатқан Өлеңті ауылында мыңнан астам тұрғын бар. Өлеңтідегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Тауфик Елеубаев – Жымпиты ауылдық округінің әлеуметтік мәселелерін бес саусағындай білетін ақсақал. 1994-2000 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың 1 және 2-шақырылымының депутаты болып екі мәрте сайланыпты. Қазіргі уақытта аудандық қоғамдық кеңестегі ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы, қоғамдастық өкілі. Еңбек ардагері ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуына, тұрғындарды әлеуметтік қолдауға қатысты орнықты мәселелер қозғап келеді.

Olenti (2)

Қазіргі уақытта Жымпиты ауылдық округіне қарасты Өлеңті ауылында «Жастар» саябағы көркейтілуде. Саябақ ішіне өрнектастар төселіпті. Ауыл жанындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қайта жасақталуда. Жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінен ауыл орталығына дейін тротуар салынған. Қоғамдастық өкілі ретінде ауыл игілігі үшін атқарылып жатқан шаруалардың басы-қасында Тауфик Елеубаев та «көз болып» жүр.

Olenti (3)

– Ауыл әкімдігі инфрақұрылым жұмысын дамытуды ширатуы тиіс. Жоба бойынша саябақ жанынан шам бағаналарын тұрғызу жұмысы баяу жүргізілуде. Бір ай жарым уақыттан бері темірбетон бағаналарды орнатуға шұңқыр қазатын техника әлі табылған жоқ, – дейді Тауфик Бердіғалиұлы.

Olenti (4)

Бастауыш ардагерлер ұйымының кабинеті 2013 жылы ашылған  әлеуметтік қызмет орталығында орналасқан. Орталық ғимаратында медициналық пункт, кітапхана және учаскелік полиция бөлімшесі бар. Өлеңті ауылы бөлек «отау тігіп» шығар күн туса, «кеңсе» есебінде болады деп салынған нысан екен. «Қазпошта» АҚ қызметкері де осында келіп, тұрғындармен зейнетақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысады. Бастауыш ұйым қатарында 130-ға тарта еңбек ардагері бар. Жақында қоғамдық ұйымның екіжылдық есебін берген Тауфик Елеубаев тұрғындарды ынтымаққа шақыратын бірнеше іс-шараны ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әр жылдардағы ауыл түлектерін ортақ іске қаражат жинауға үндеу, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы  иелерінің басын қосып, қарияларға қолдау білдіруге, ауыл ішінде қайырымдылық көмек ұйымдастыруға демеушілік жасауға тарту, олардың да көтерген мәселесінің шешімін табуға ақсақал ретінде атсалысу, ерікті өрт жасағын құру, жастарды діни ағымдардан сақтандыруға көңіл бөлмек.

Olenti (5)

Ақсақал бәрінен бұрын ауылдың әлеуметтік мәселесін көбірек ойлайды. Оның айтуынша, медициналық пункт үшін бөлек ғимарат салу қажет. Бұрын бұл мәселені облыс және аудан басшылығы алдында бірнеше мәрте көтерген. «Жымпиты ауылдық округінде жеке тұрғын үй салу үшін 500-ден астам адам жер кезегіне тіркелген. Өлеңті ауылының Бәйтерек, Еслямғалиев, Жүнісов көшелерінде отыз шақты үйдің орны бос жатыр. Біраз жер телімінде үйдің іргетасы ғана құйылған. Иесіз жатқанына он жылдай болғандары бар.  Менің білуімше, бес-алты өлеңтілік қана құжатын түгендеп, жерді қайтадан саттыққа қойып отыр. «Үй саламын» деп жер телімін алғандар тездетіп баспана тұрғызса немесе жер учаскесін сұрап жүргендерге сатса, жөн болар еді. Осы бағытта жер иесіне хабарлама жіберуді ауыл әкімдігіне ұсынғанмын. Сонда Өлеңтіден қоныс тебетіндер қатары көбейе түседі», – дейді ауыл қариясы. Ардагерлер ұйымының жетекшісі тұрғындар биліктен ауылға 100 орындық балабақша салуды, 200 орындық мәдениет үйін салуды сұрайтынын айтты. Әлеуметтік нысандарды салуға бюджеттен қаржы бөлу мәселесі бірнеше мәрте қарастырылғанымен, жоба шешімі мақұлданбай келеді. Өрісі кеңейіп келе жатқан Өлеңтіде тұрғындар мызғымай отыр. Ауылдан басқа жерге қоныс аудару мүлдем сирек. Керісінше, 60-тан астам адам баспана салу үшін Өлеңті аумағынан жер сұрап отыр.

Olenti (6)

Сырым аудандық орталық ауруханасына қарайтын медпунктте фельдшер мен санитар ғана қызмет етеді. Аядай бөлмеде отырған ауыл фельдшері Роза Кауенованың айтуынша, дәрігерлік есепте 950 адам бар. «Науқастарға ем-дом жүргізу үшін бөлек ғимараттың болғаны жақсы, әрине. Жаяу жүріп баруға Жымпитыдағы орталық аурухана қашық. Күндіз укол немесе система салдыруға келетіндер бар. Зейнет жасындағы қариялар денсаулығын жиі тексертеді. Сондықтан бірнеше кереуетпен қамтылған ғимаратқа көшсек, құба-құп болар еді. Фельдшер болып қызмет атқарғаныма жеті жыл болды. Қазіргі уақытта компьютер де қажет болып отыр», – деді Роза Кауенова.

Жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәншүк Бахитованың сөзінше, білім ордасында 310 оқушы бар. Төменгі қабаттағы шағын дәлізде орналасқан балабақшаға 50 бүлдіршін қабылданған. Мектепке дейінгі ұйымға хореограф, дене шынықтыру және музыка маманы қажет. Үлкен және кіші топтағыларға арналған жатын бөлмелері болғанымен, шағын орталық үшін демалатын орын қарастырылмаған. Бүлдіршіндер жуынатын орын мен әжетхана бөлек салынбаған. Бір топтағы 20-дан астам балақай қуықтай бөлмеде емін-еркін ойнай да алмайды. «Мектепте қоғамдық негізде қызмет ететін 15 үйірме бар. Қосымша факультатив сабақтары да жүргізіледі. Балабақша бөлек ғимаратқа көшсе, одан босаған кабинеттерді үйірмелер үшін жасақтар едік. Мектепте оқитындардың көбі – өлеңтілік балалар. Әзірше, қашықтан оқытуға байланысты алты сынып бойынша сабақ өткізілуде», – деді директордың орынбасары.

– Бұрын Өлеңті ауылының бас жоспары болған жоқ. Биыл ғана дайындалып жатыр. Бас жоспарды аудандық мәслихат бекіткен соң, кезекте тұрғандарға Өлеңтіден жер учаскелері беріле бастайды. Өлеңтіде 233 үй бар. Ауылға көшіп келушілер көбеюде. Бос жатқан жерлерді түгендеу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта ауыл жанынан жаңа 42 үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Өлеңті ауылында он көше бар. Бір ғана көше жолы асфальтталған. Ауылға жаңа балабақша мен он кісілік стационар ашуды тұрғындар сұрап отырғаны рас, – деді Жымпиты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қарасай Есмағұлов.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов биыл Өлеңті ауылын абаттандыруға қарастырылған қаражаттың 80 пайыздайы игеріліп жатқанын айтты. Бюджеттен саябақты жаңғыртуға 4 миллион 200 мың теңге, Ж.Досмұхамедов мектебіне дейін 1 шақырым тротуар салуға 6 миллион теңге қаражат бөлінген. «Округ бойынша ауылішілік жолдарды асьфальттау жоспарлануда. Бірақ қай көше жолы жөнделетіні әлі нақты нақтыланбады», – деген Ербол Ахметов Өлеңтіден балабақша мен медпункт салу қарастырылып отырмағанын айтты. Жымпиты ауылдық округі – Орал – Ақтөбе – Самара  аутожолы бойында орналасқан маңызды аймақ. Аудан атқамінерлері Өлеңті өркендесе, Жымпиты жайнай түсетінін назардан тыс қалдырмайтыны анық.

Нұртай Текебай,

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале