21.06.2021, 8:34
Оқылды: 49

Роза еккен Роза

Роза – Тайпақтың қызы. Қанат пен ауылдағы аурухананың бас медбикесі, 40 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған майталман маман Бижамалдың қызы өзінің кім болғысы келетінін бала кезінде-ақ түсінді. 2008 жылы ауыл мектебін аяқтап, Оралдағы медициналық колледжге оқуға түсті. 2011 ауылына, Тайпақ ауруханасына жас маман болып барды.

dav

«Қыз мұраты - кету» деген. Роза да теңін тауып, мұратына жетіп, Сырым ауданы, Өлеңті ауылына келін болып түсті. Келісімен, ауылдағы амбулаторияға жұмысқа тұрып, міндетіне кірісіп кетті. Бүгінде Өлеңті ауылы және Саралжын, Мұқай елді мекендерінің тұрғындары медициналық қызмет тұтынатын ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункттің меңгерушісі, фельдшер Роза Қауенова Өлеңтінің өз қызына айналды. Кешегі жас маман тәжірибелі фельдшер болып қалыптасты. Оның қарт пен жастың көңілін тауып, дерттеріне шипа іздеп, уақытпен санаспай еңбек етіп жүргеніне куәміз. Тәуліктің қай уағында да ол ауылдастарына медициналық көмек көрсетуге дайын тұрады.

Өлеңті – аудан орталығына жақын. Науқастар жол мен көлік азабын тартпайды. Дегенмен, аяқасты ауру қинап, қан қысымы көтерілген бірді-екілі адамның Розаның шұғыл медициналық көмегі арқасында инсульт пен сал соғудан аман қалып, жедел жәрдем бөлімшесіне сау жеткенін білеміз.

dav

dav

Роза гүл өсіргенді жақсы көреді. Бүгінгі күні Өлеңті ауылындағы әлеуметтік орталықтың ауласы раушан гүлінен жайнап тұр. Розаның еккен розалары көктем сайын сап-сары болып гүлдейді. Гүлдегенде ғимараттың қос қанаты сиқырлы баққа айналады. Жайнаған гүл мен сайраған құс медициналық пунктке, әлеуметтік орталыққа келе жатқан адамға  көңіл күй сыйлайды.

Фельдшер ханым Өлеңтідегі жаңа саябаққа да гүл көшеттерін егуді ойлап жүр.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Өлеңті ауылы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале