Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің 9-10 сынып оқушылары, ата-аналары мен ұстаздары арасында ескірмейтін есті әндері мен образдары арқылы, оқушыларды 80-90-жылдарға сапар шеккізіп, ұстаздардың сағынышқа бай, махаббатқа толы, сырлы жастық шақтарын еске түсірген әдемі кеш оздырылды. Залға жиналған көпшіліктің назары сахнаға ауып, кештің шымылдығын би қойылымымен өзін-өзі басқару ұйымдары ашты. Мектеп директоры Бегайым Есенғалиева сөз алып, кеш қонақтары мен қатысушыларына сәттілік тіледі.
Төрт бөлімнен тұрған ретро кештің ұйымдастырушылары әр бөлім сайын ортаны жандандырып, ерекше форматта тізгіндеді. «Back in Time» деп аталған алғашқы бөлімде оқушылар кез-келген сәтті ескі заманға айналдырып, фантазияларын іске қосты. Ал «Ретро artists» деп қойылған екінші бөлімде оқушылардың орындауындағы ретро хиттер мен дискотекалық би қимылдары әсем үйлесім тапты. Үшінші бөлім «Ретро songsте» әр сыныптың өздерімен бірге ала келген ұстаздарына ескі әндер жасырылып, мәнді де ойнақы әуендер әуелеген бөлім кеш қатысушыларына тамаша сәттерді тағы бір еске түсіруге мүмкіндік берді. Төртінші бөлім «Ретро styleда» сынып жетекші ата-аналармен бірлесіп, 80-90-жылдардағы киім үлгісінде қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Оған қоса ата-аналар қонақкәде ұсынды.
Әуезді кештің әділқазылары да ретрообраздарымен төрелік етті. Сайыс қорытындысында бас жүлдеге 10-сыныптардан құралған топ ие боп, аталмыш мектеп ұстазы Дильшат Талапқалиқызының демеушілігімен ''Filmhouse_zhangala'' кинотеатрына жолдама ұтып алды. Ал оқушылар арасынан үздік образ иегерлері 9а-сынып оқушысы Тамерлан Серік мен 10б-сынып оқушысы Гүлназ Дүйсенбай "Сарыарқа" ресто-барына сертификат пен мектеп президенті Айнара Тұрсынбайдың арнайы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ шарада белсенділік танытқан ұстаздар мен ата-аналар да сыйлықтардан құр қалмады. Кеш қатысушылары әсем әуен ырғағында көңілді думанның атмосферасына бөленіп, ерекше көңіл-күймен тарқасты. Ұйымдастырушылар бұндай кештер алдағы уақытта ауқымды көлемде ұйымдастырылатынын айтып өтіп, деумеушілік танытқан жеке кәсіпкерлер мен белсене қатысқан оқушыларға, ата-аналарға, ұстаздарға және қамқоршылық кеңес төрағасы Рабиға Сағынғалиқызына алғыстарын білдірді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы