24.05.2022, 11:15
Оқылды: 12

Сахнада – асыл аналар

Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Асыл ана-2022» байқауы өтті. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында өткен шараға ауылдардан 27-37 жас аралығында 12 ана қатысты. Олардың байқауға жан-жақты әзірліктерімен келгені әп дегеннен байқалды десек, артық айтқандық болмас. Өйткені ұлттық нақыштағы киімдері бір-бірін қайталамайтындай келісті, ал өздерін таныстыруы ерекше болды.

IMG_5869

Айталық, «Әйел – үйдің ырысы» кезеңінде қурайлысайлық Айша Қожабекова өлеңді нақышына келтіре оқып, көзге түсті. Ол байқауға арнайы бейнеролик дайындап, сол арқылы ауылдағы нәзік жандылардың тірлігін, сиыр саууы, өріске айдауы, отбасы құндылықтарын көрсетіпті. Сонымен қатар осы кезеңде домбырамен өнер көрсеткен ақжолдық Гаухар Рақымова да көпшіліктің қошеметіне бөленді.

«Үйдің сәні – құрақ көрпе» кезеңінде тайпақтық Әйгерім Қалиева, алмалылық Салтанат Хасанова, қабыршақтылық Жадыра Кенжеғалиевалардың құрақ көрпе тігудегі ісмерлері екені көрінді. Чапаевтық Әлия Мәди мен алғабастық Гүлсана Шоқанованың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары талғампаз көрерменді тамсандырды.

«Сұрақ – жауап» кезеңінде сайқұдықтық Гүлзар Есбосынова ой ұшқырлығымен ерекшеленсе, көнеккеткендік Гүлжүзім Лұқпанова мен Әсемгүл Оразбекова да  өзгелерден оқ бойы озып, дараланды. Мергендік Бибігүл Қожақова «Ана бір қолымен бесікті тербетсе...» кезеңінде тек бесік жырын орындап қана қоймай, ұлт мұрасының бала тәрбиесіндегі маңызын, шығу тарихын ортаға салды.

Әрине, байқау болған соң, әр қатысушы өзін өзгелерден ерекшелейтін қабілеттерін көрсеткісі келетіні аян. Десе де әрқайсысы өз өнерін ортаға саламын деп барын салғандықтан, тым созылып кеткен кезеңдерден көрермендердің де шаршаңқырап кеткені рас. Осы тұста ұйымдастырушылар уақыт үнемдеу жағын ойластырып, әлде де пысықтағанда, керемет болар еді.

Залдағы қауым қаншалықты шаршаса да, байқаудың соңғы «Ас – адамның арқауы» кезеңінде сахнаға алғашқылардың бірі болып ақсуаттық Пиния Нығметова қолына иісі бұрқыраған тамақтарды алып шыққанда, таңдай қағып, бір жанданып қалды. Айта кету керек, бұл сайыста қатысушылар өздерінің тамақ дайындаудағы шеберліктерін барынша жақсы көрсетті. Ас, бауырсақ, сарымай, сүзбе, қуырдақ, жаппасай, бұжы, кісенан, т.б. ұлттық тағамдардың түрлерін ұсынды.

Әділ қазылардың шешімімен көрермендердің басым қолдауына ие болған қурайлысайлық Айша Қожабекова «Асыл ана - 2022» байқауының жеңімпазы атанды. Барлық қатысушыларға диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.

Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале