28.04.2022, 11:15
Оқылды: 27

Шәкірттерді шыңдау жолында

Жас жеткіншектің зердесін нығайтып, жақсылықтың нәрін сеуіп, таным көкжиегін кеңейтетін білімнің ұясы мектеп екені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ақпарат мен түрлі технология атой салған бүгінгідей заман ұл-қыздан білімге ерек құштарлықты талап ететіні де рас. Осы талаптың үдесінен шығу үшін не істеу керек деген сауал да туындайды. Шәкірттердің қызығушылығын оятар күшке ие педагогикалық инновациялық жобалармен қаруланғанда ғана, мектеп біліктілігімен, білімімен мыңды еңсерер ұрпақ тәрбиелері анық. Осындай ізденістің, шығармашылық талпыныстың үрдісін алысқа бармай-ақ, Көнеккеткен ауылындағы О.Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінен көре аламыз.

IMG-20220428-WA0010

Мектепте қазіргі таңда 109 ұл мен қыз білім алуда.Оқырмандардың есінде болса, былтыр осы мектептің бұрынғыны жаңғыртқан жақсы үрдісі туралы «Сыныпта кім кезекші?» деп, оқушылардың сынып тазалығын сақтаудағы кезекшілігін баяндаған едік. Тыңнан түрен салмағанмен, ескінің пайдалысын оқу-тәрбие жұмысында іске асырған педагогикалық ұжымның өзге де ізгі жобалары бар.

Қандай да бір себептермен жоғарыда аты аталған мақаламен таныса алмай қалғандарға түсінікті болу үшін қысқаша айта кетсек,білім ұясында «Еңбек  EDUCATION» әлеуметтік жобасы негізінде бір күн белгіленіп,бастауышқа бөлек, жоғары сыныптарға бөлек аптасына бір мәрте мектеп ауласының тазалығына жауапкершілік жүктеледі. Әрине, ешкім балаға бел қайыстырар ауыр жұмысты артпайтыны белгілі, ұл-қыздар теректердің түбін қопсыту, жасыл желекті суарып, күту жұмыстарын атқарады. Қыздар жағы шағын ыдыстарға гүлдер отырғызып, сыныптарына ажарланғанын қалайды. Балаларының мектебінің тазалығына атсалысып, еңбекке мектеп қабырғасында-ақ араласқанына ата-аналары қуанбаса,«беті жел боп тимей, бағып-қағып өсірі отырған ұл-қызымызды жегіп жатыр» деп ренжігені жоқ.

IMG-20220428-WA0011

Баланың санасын қалыптастыру, тіл байлығын дамыту, ұлттық құндылықтарымызға бағалауды үйретуге тек кітап қана қауқарлы. Мектеп ұжымы қолға алған«Кітап – сенің досың» жобасы арқылы оқушылар отандық, шетелдік әдебиеттермен танысып, жарыса оқуда. Олардың телефон мен компьютерден бас алып, бос уақытын кітап оқумен өткізуі үшін ұйымдастырушылар арнайы байқау жариялапты. Осымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асып жатқан жобаға қатысушылар жыл бойы оқыған шығармалары бойынша тапсырмалар орындап, ұстаздардан құралған сарапшылар жеңімпаздарды анықтайды. Оза шапқан ең зерек екі оқушы су жаңавелосипедтабысталады. Оларды мектеп ұжымы болып сатып алса, кейбір жылдары мектеп бітіруші түлектер де демеушілік жасаған. Мектеп ішіндегі рухани орда кітапханада ұйымдастырлатын шаралардың саны мен сапасы жыл сайын артуда. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында  өткен әртүрлі жұмыстардың қатарында мектеп оқушыларын ауданға облысқа танымал ақын,ардагер ұзтаздар мен әр түрлі саладағы еңбек ардагерлерімен кездестіріп, өнегелі өмірін ұлағаттау, үлгі ету  үрдіске айналғандай. Әрине, мұндай жобалар ұл-қызды білімді болуға, кітапқұмарлыққа жетелейтіні анық.

Еңбекқорлыққа баулуға қайта оралатын болсақ, оқушылар жалғызбасты қариялардың үйіне барып, ұдайы көмек көрсетіп, алғысқа бөленіп жүр. Аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға да жәрдемді сауапты істердің қатарында атап кеткен жөн.

IMG-20220428-WA0012

«Өнерлінің өрге жүзеді» демекші, мектеп жанынан ашылған домбыра мен би  үйірмелеріне  қатысатын оқушылардың саны артқан биыл. Естеріңізде ме, сонау бір жылдары ауданда «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы аясында түлектер, белсенділер мектеп оқушыларына қазақтың қара домбырасын көптеп сыйлап еді ғой. Міне, сол акция осы мектеп түлектерінің игі тілектерінен бастау алған болатын. «Әсем әуен» деп аталатын вокал үйірмесіне қатысатындар ән әлемінде алғашқы қадамдарымен ұстаздарын, ата-аналарын қуантуда. «Жас турист» жобасы арқылы шәкірттер Алаш арыстарының, ұлт ардақтыларының мұрасын зерттеп, тарихи мәнге ие маңызды жобаларын бірнеше конференцияларда таныстырып та үлгерді. Сондай-ақ «Шебер қолдар» үйірмесінде қолы епті қыздар қазақтың асыл бұйымдарын жасауға машықтанады. Одан әрі спорттың сиқырына қызыққандар баскетбол, футбол, волейбол ойындары бойынша жаттығып, шымырлыққа бет бұруда.

Көріп отырғаныңыздай, білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, тың жобаларды шәкірт бағына айналдырған білім ордасының басты ұстанымы – заман талабына сай жан-жақты, білімпаз, жаңаға ынтықұрпақ тәрбиелеу. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

Әсет Сағындық, 

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале