Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы 15 мың шақырымды құрайды. Әр сүйем қаншалық қадірлі болса, шекара күзеткен сарбаздың құрмет - құны соншалық.
Шекара қызметі - қарулы күштердің маңызды саласы. Ол сондықтан да Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кіріктірілген.
Шекара қызметіндегі әрбір шекарашының негізгі міндеті – мемлекеттік шекараны берік күзету, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, заңсыз әдiстермен адамдардың және көлiк құралдарының өтуiне жол бермеу, шекара бұзушыларды ұстау. Соған орай шекара нысандарында тиісті тексерулер жүргізіліп, шекарашылар күндіз-түні қас қақпай күзетеді. Ал, сіз сырымнан шыққан шекарашы, майор Оралхан Ерсайынұлын танисыз ба?
Өзінің қызметіне деген махаббатымен, Отанға деген сүйіспеншілігімен қатарластарының арасынан оқ бойы оза шыққан Оралхан 1992 жылы Сырым ауданы, Шағырлыой ауылында дүние есігін ашты. 1999 жылы Абай орта мектебінің табалдырығын аттады. Бірақ, үлкен өмірге Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 жалпы білім беретін орта мектеп аттандырды.
Алақандай ауылдың баласы алатаудай арманын бағындыруға Алматыға кетті. Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара академиясына қабылданды. Оралханға түнімен саябақ кезіп, күнімен кафе жағалап, студенттік дәуренін дүбірлетіп өткізсе де болар еді. Бірақ, бозбала кезін әскери тәртіпке қиды. Ол үшін өкінген жоқ.
Академияны абыроймен аяқтап, 4 жылда лейтенант болып шықты. Алғашқы бұйрық елдің оңтүстіктегі іргесіне қарай аттандырды. Міне, шекарашы «Сарыағаш» шекара отрядының «Жетісай» (автомобильдік) шекаралық бақылау бөлімшесінен бастады. Қазақстан-Өзбекстан, Қазақстан-Қырғызстан шекарасының шебінде бірнеше өткізу пункттерінде аға бақылаушы, шекаралық бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2022 жылғы қаңтар айынан бастап қазіргі таңда ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің Шымкент қаласының халықаралық әуежайында орналасқан «Шымкент» (авиациялық) шекаралық бақылау бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Қазір Оралханның иығында майордың сары жұлдызы жарқырайды.
Шеп күзету, ірге қору қашанда оңай болған емес. Мемлекеттік шекара - ұлттық байлық, стратегиялық нысан. Біздің майор шекара шебінде қызмет барысында бірнеше рет заңсыз іс-әрекеттердің жолын қиды. Бәрінің жай - жапсарын тарқатып айтуға мемлекеттік құпия рұқсат бермейді. Бірақ, есірткі заттары, контрабандалық тауарлар, жалған құжаттар, тағыда басқа мемлекеттік шекара бұзушыларды анықтауда Оралхан мен оның бөлімі бірнеше мәрте қырағылық танытты. Ол еңбек пе әлде ерлік пе, оны өзіңіз бағамдарсыз оқырман. Сол үшін Оралхан Ерсайынұлы ҚР ҰҚК Төрағасынан бірнеше мараппатар мен «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен марапатталды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облысы бойынша «Үздік Шекаралық бақылау бөлімшесінің бастығы», 2024 жылдың қорытындысы бойынша Республикалық деңгейде ҚР ҰҚК ШҚ бойынша «Үздік шекаралық бақылау бөлімшесінің бастығы» номинациясына ие болды.
Иә,Оралхан сертіне берік, арманына адал азамат. Бала күнінен әскер қатарына еніп, Отанымды қорғайтын батыр болсам деп армандады.Арманының асқарына шықты. Анасының мейірімі мен тәрбиесі бойына сіңген ұлы ержетіп, азамат болды. Ол өмірден ерте кеткен анасының аманатын ақтап, өз тағдырын өзі қалыптастырды. Беделді қызметкер атанды, отбасын құрды, адал жар, асыл әке болды. Оның әр жетістігінің артында анасының мейірімі, ақ үміті тұрды. Ал, әкесі бүгінде зейнет жасында. Ол – ақылшысы,өмірлік ұстазы, ұлының тілеуін тілеп отырған асқар тауы. Бүгінде немерелерін сүйіп, баласының әр жетістігіне қуанып, шүкіршілік етеді.“Бұл жігіт – ата анасының үмітін ақтаған азамат. Ол тек өз отбасының ғана емес, айналасындағы адамдардың да сенімін ақтай алатын, жаны таза, жүрегі кең, адал жан.” - дейді, Оралханның бөлесі Гүлжеміс Бауыржанқызы.
Оралхан бүгінде үш қыздың әкесі. Өмірлік жары Бибінұр - өзінің ауылдасы, әрі сыныптасы. Оралхан шыққан жанұяда төрт апасының артынан ерген қамқор бауыр.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы