23.06.2022, 11:15
Оқылды: 43

Тәртіп сақшысы - халықтың қорғаны

Осынау мереке жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтуде. Бұл күн бейбіт мезгілде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып, өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні десек, артық айтқандық емес.
1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Бұл - Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. Ал 2007 жылы 5 маусым күні «23 маусым - Полиция күні» деп бекітілді.

WhatsApp Image 2022-06-23 at 10.58.57

«Әскер - өмір мектебі»

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім һәм қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицияға қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі - Ерболат Қойшиев (суретте). Ол бүгінгі таңда Теректі аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
1978 жыл. Қаратөбе ауданы, Қаракөл ауылы. Қойшиевтер әулетінде шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келеді. Сәбидің есімін елдің қамын ойлар батыр болсын деген ниетпен «Ерболат» деп еншілепті. Бала Ерболат 1985 жылы туған жеріндегі мектептің табалдырығын аттаған. 1995 жылы Жусандыой ауылындағы Жамбыл орта мектебінің 11-сыныбын тәмамдаған.
- Әр жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені дұрыс. Өйткені әскер - өмір мектебі. Әскерге барған адам, біріншіден, физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдалады. Жас жігіт өз бетінше, белгілі бір тәртіпке бейімделіп, өмір сүруді үйренеді. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі артады. Оқушы кезімнен бастап әскерге баруды армандайтынмын. Сөйтіп, 1997 жылы мамыр айынан бастап 1999 жылдың сәуір айы аралығында Алматы облысы, Үш-Арал қаласындағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «2484 әскери бөлімінде» Отан алдындағы борышымды өтедім, - деп полиция подполковнигі Ерболат Талғатұлы әңгімесін бастады.
Әскери борышын өтеп, аман-есен еліне оралған Ерболат Қойшиевтің еңбек жолы 2000 жылы Ақсай қаласында басталады. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында полиция сержанты қызметін атқарып, жанына жақын саланың қыр-сырын иегереді. Ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі - білім екенін жадынан шығармаған ол Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясына оқуға түсіп, 2007 жылы заңгер мамандығы бойынша диплом алады. БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасында жалпы 21 жыл үздіксіз еңбек еткен Ерболат Талғатұлы Орал қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында полиция батальонының бөлімше командирі, полиция взводының командирі, батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, кадр саясаты бөлімінің бастығы, басқарма бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Былтыр қазан айында ғана Теректіге табан тіреген көрінеді.

Антына адал полицей

Полиция - қоғам айнасы. Оның нақты көрінісі - полиция ашық әрі қолжетімді күйге ауысты. Осының негізінде енді полицияның атқарып отырған қызметінің бағасын халық береді. Бұл - үлкен өзгеріс. Қазірдің өзінде осы ашықтық пен қолжетімділікке сай жүзеге асқан жұмыстар да аз емес. Оның нәтижесіне тұрғындардың сенімі арта түсуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында келелі міндеттерді алға қойды. Онда Президент халықпен тиімді байланыс орнатуда, алдымен қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екенін айрықша атады. Адамдардың қауіпсіздігі, бейбіт тұрмысы, құқығының қорғалуы, заң талаптарының сақталуы бүгінгі күннің басты талабы болып қала бермек. Осы орайда өңірімізде бірқатар игі істер іске асуда. Соның негізінде полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айнала бастағаны айқын көрінуде.
- Полиция қызметкері жан-жақты болуы тиіс. Білімі жоғары, спортты жанына серік еткен, адамгершілігі мол, ең бастысы халықпен жақсы қарым-қатынас орнатуы керек. Жастарға әскери қызметте әрдайым темірдей тәртіптің маңызды екенін айтып отырамын. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген сөзімен толық келісемін. Басшылық тарапынан берілген тапсырмаларды, міндеттерді уақтылы орындаса, қызметкердің бойында орындаушылық қабілеті артады. Кейін ұйымдастырушылық, уақыт өте келе басқарушылық қабілетке ұласып, кешегі жас маманның бүгінгі басшылардың қатарында болатынына сенімім мол. Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін қызметкерлердің жұмысы қарапайым адамға жай нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз басым әр полицейдің антына адал болып, бар білім, біліктілігін, тәлімгерлерінен үйренген тәлім-тәрбиесі мен тәжірибесін жоғары лауазым мен шенге жетуге пайдаланып, Қазақ елінің үлгілі офицері атануын қалаймын, - дейді қоғамдық орындарда тәртіптің бұзылмауын қадағалап жүрген кейіпкеріміз.

Шаңырақ шаттыққа кенелсін

Ерболат Қойшиев жолдасы Гүлхан екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Айриза мектеп оқушысы болса, Асланбектің дүниеге келгеніне үш ай толды. Сүйікті жары Гүлхан Аманғалиева облысымызға танымал мың бұралған биші екенін айта кеткен жөн.
Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, Ерболат Талғатұлы айтып өткендей, полиция болу асқан жауапкершілікті талап етеді. Ең басты міндет - адам өмірі, ел қауіпсіздігі. Барлық теректілік полицияларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым жұмыста табысты болыңыздар! Шаңырақтарыңыз шаттыққа кенелсін!

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале