4.02.2021, 10:59
Оқылды: 38

Зерде қалғымасын

Дүние есігін ашқан жерің жайында әңгіме бола қалса, жүрегің ерекше лүпілдейді ғой. Атажұрттың, туған топырақтың қандай ыстық, қандай қымбат екенін айтып жату да артық. Айтсаң, тіл де жетер ме...

Бастауын анау Орал алды үстіртінің оңтүстігіндегі бұлақтардан алып, әйгілі сөз зергері Жұбан Молдағалиевтың кіндік қаны тамған Жыланды күтіріне дейін жететін Өлеңті өзені жағасындағы ауылым әлбетте, аппақ көңілімнің төрінде, ойымның биігінде. Жайық пен Өлеңті аралығындағы бетеге, боз шалғынды атырапта алдыңғы толқынның – ата-әжелеріміздің, әке-шешелеріміздің еңбек қолтаңбасы сайрап жатыр. Іргесі 1961 жылы қаланған «Өлеңті» етті мал өсіру кеңшарының ертелі-кеш бір тынбайтын еңбек дүбірі қандай еді! Иә, осыдан 60 жыл бұрын бұл шаруашылықтың негізін қалап, ажарын асырған, маңдай терді еселеп төккен аға ұрпақты көре қалдық, тілдесе қалдық. Бүгінде атамекенде білек сыбана қызмет жасап, қыр төсін түлеткен олардың ұрпағы да абыройлы, айдынды.

6D3E482D-9BA3-400F-99CE-73F670497A32

Заман көлденең тартқан талай бейнетті белшеден кешіп, небір қиыншылыққа қасқиып қарсы тұрғандар арасында менің ата-анам Өтеген Ұғыпанов пен Сәуле Байжанова да болды. Ауыл-елдің есендігі, жас ұрпақтың болашағы үшін атсалысқан барша әке-шеше, аға-апаларымыздың әр күні ерлік  десек, артық па!

Әкем – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан Жеңіс сарбаздарының бірі. Соғыс шежіресінен мәлім Рокоссовский армиясы сапында қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Қалың дұшпанмен бір айқаста ауыр жараланып, майдан даласында ұзақ жатып қалады. Сөйтіп, оны «қаза тапты» деп есептеп, ауылға «қарақағаз» жөнелтеді. Бірақ, татар дәмі бар екен, емделген соң, қайтадан сапқа тұрады. Кейін тағы жарақаттанып, Ленинградта госпитальда жатады. Ауылға 1946 жылы келген.

Ал анам соғыс кезінде тыл мехнатын бастан өткерушілер қатарында болған. Орал қаласындағы қысқа мерзімді тракторшылар даярлайтын мектепті ойдағыдай бітіріп, бұл кәсіпті нәзік жандылар арасынан тұңғыш игерушілердің бірі болғандықтан, Ақжайық ауданының тарихи-танымдық анықтамалықтарында ол жайында дерек аз емес. Майдан мен тылдың біртұтастығы үшін жанкешті еңбегімен Базартөбе МТС-інің маңдайалды механизаторы атанған. Сонау 50-ші жылдары тың игерушілердің де алдыңғы сапында болды. Талай қошемет, марапатқа бөленді. Егін орағының қорытындысы бойынша 1956 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

– Біздің еңбек жолымызда тәртіп дегенің темірдей болды. Соның арқасында ғой, соғыс шағында Қызыл Әскерге тамақ, киім жағынан көмектесуден шет қалған ешкім болған жоқ. Жұрт шала ұйқы, ашқұрсақ жүрсе де, бүгілген жоқ, сүрінген жоқ, – деп әңгімелейтін анам.

Майданның таудай тауқыметі, жарақаттар әкемді де мойыта алмады. Шаруашылықтың қайнаған ортасынан табылды. Саратов облысынан тракторшылық оқуды түгесіп, «темір тұлпар» тізгіндеді, ортаның отарын да бақты. Ерен еңбекқор, абыройлы отағасы атанды.

Олар үшін «мынау сенің жұмысың», «мынау менің жұмысым» деген жоқ еді. Ауылдың ортақ істеріне жұмыла кірісіп кететін. Сағатпен санасуды білмейтін.

Өткенсіз – бүгін жоқ. Бұл сөзсіз. Осы орайда бүгінде орталығы Жұбан ауылы болып табылатын Қурайлысай ауылдық округінің еңбек ұжымдары, тұрғындары зердеміздің солғын тартпауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұған бір үлкен дәлел – Жұбан Молдағалиевтың кешегі 100 жылдығы ауданда, оның ішінде Қурайлысайда айшықты аталып өткені, облыс орталығында да бұл датаның өте мәнді, мазмұнды ұйымдастырылуына ауылдастарым сүбелі үлес қосты. Ауылда мектептерде, кітапханаларда атажұрттың шежіресіне қатысты дерек, мәліметтер барған сайын молая түсері кәміл. Иә, зердеміз қалғымасын, мұның келешек үшін маңызы ерек те бөлек.

Қазақ әйелдерінен шыққан механизаторлар қатарындағы анам Сәуле Байжанованың есімі Жұбан ауылындағы бір көшеге берілсе деген тілек те олардан өрген ұл-қыздар мен немере-жиендер атынан тіл ұшына орала береді. Бұл – ауыл-ел тарихын байыту, аға ұрпақтың, аналардың еңбегіне, ерлігіне тағзым, өткен дәуірдің ауыртпалықтарын жеңгендердің рухын аялау деген сөз, мың да бір сауап іс деп білемін.

Нұрия Ұғыпанова,

еңбек ардагері

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале