21.10.2021, 12:39
Оқылды: 47

Жадымыздан өшпейтін жарқын бейне

Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ полиция бөлімінде өткен салтанат Ұлы Жеңіс сарбазы, ішкі істер қызметіндегі еңбегі республикаға мәлім, «Құрмет» орденінің иегері Ғабделқайыр Қуаншалиевтің құрметіне ғимарат қабырғасында естелік тақтаның ашылуына арналды.

IMG_6737

Осында жиналғандардың арасында ардагердің отбасы, бірге қызмет еткен әріптестері, қатары қалың шәкірттері де болды.

Аға Қаратөбеде дүниеге келгенімен, саналы ғұмыры мен өнегелі еңбек жолын Ақжайық өңіріне арнаған жан. Ол 10-сыныпта оқып жүргенде 1942 жылдың аяғында Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Орынбор облысы, Тоцк қаласында алты айлық әскери даярлықтан кейін  Брянскіге, І Украин майданына аттанады. Жаумен алғашқы бетпе-бет ұрысқа 1943 жылдың қыркүйегінде Житомир дивизиясының Б.Хмельницкий орденді 116-ауыр зеңбірекшілер бригадасының құрамында қатысқан. Әскери мамандығы – байланысшы, радист. Ресей, Украина, Батыс Украина, Чехославакия жерлерін азат етуге қатысып, Жеңіс күнін немістердің ең мықты тірек пункті – Дрезден қаласында қарсы алады. Соғыс аяқталған соң, Өзбекстанның  Ферғана, Түркіменстанның Карки қалаларында әскери қызметін 5 жыл  жалғастырып, елге 1950 жылдың наурызында оралады.

1957 жылдан кейінгі оның қызметі біздің ауданмен тығыз байланысты. Ол Чапаев аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек ете жүріп, 1959-1964 жылдары Алматы жоғары милиция мектебін бітірді. 1965 жылдың қаңтарында Тайпақ ауданының ІІБ-нің бастығы болып тағайындалады. Оның ауылдастардың жадында қалар өнегелі ісі – Ғ.Зейінғұлы қарауындағы қызметкерлердің күшімен мекеменің ғимаратының іргетасын қалап, бас-аяғы екі жылдың ішінде құрылысты аяқтайды. Осы бөлімді 14 жыл басқарып, милиция полковнигі шенінде құрметті демалысқа шықты.

Ол зейнетке шыққасын аудандық коммуналдық-шаруашылық мекемесі және аудандық өрт сөндіру мекемесін басқарады.

Өмірлік жары Маржан Ниязқызымен 62 жыл отасып, 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 15 немере, 3 шөберенің қызығын көрді.

Аудан әкімінің орынбасары  Асқар Әбуғалиев, ағаның жұбайы М.Қуаншалиева, облыстық ІІБ және «Ұлттық Ұлан» ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев, әріптестері сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале