16.04.2021, 13:02
Оқылды: 102

Жаңақалада аудандық «Балдәурен» фестивалі өтті

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында Тәуелсіздігіміздің мерейтойы қарсаңында дәстүрге айналған «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ауданымыздың әр ауылдық округтерінен келген жас өнерпаздар бақ сынап, іріктеу сынынан өткендер гала концертте өнерлерін паш етті.
6CDF47F8-D186-459E-9DE8-6629B2BBBEC7
Байқаудың мақсаты – балғын балалардың өнерін халық арасында кеңінен насихаттау және болашақ жұлдыздарды анықтау. Байқауға комиссия төрағасы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, Қ.Жантілеу атындағы балалар музыка мектебінің өкілі Миргүл Асанова, аудандық мәдени-демалыс орталығының хореографы, үлгілі «Нұрбибі» би ансамблінің (Хореография жанры бойынша) жетекшісі Лунара Қанатова, аудандық мәдени-демалыс орталығының домбырашысы, «Шығармашылық» бөлімінің (халықтық музыка (домбыра), домбырамен ән салу, жыр айту жанры бойынша) меңгерушісі Нұржан Отарбаев, ақын, аудандық «Жаңарған өңір» газетінің директор-редакторы Алтынбек Ермекқалиев төрелік етіп, жас өнерпаздардың әділ бағасын берді.

021FFD5B-E12C-443C-82A5-4982D9F38244

  Жарысқа қатысып, жанына бар өнерді серік еткен 10-15 жас аралығындағы балдырғандар эстрадалық вокал, хореография, домбырамен ән салу, жыр айту, халықтық музыка (домбыра), поэзия аталымдары бойынша өнер көрсетті. Әділ қазылар алқасы ән қанатында қалықтап, әсем өрнектелген билер, күмбірлеген күйлер мен жүректен шыққан өлең жолдарын ұсынған қатысушылардың өнерін бағалап, ерекше қабілетін танып, өнерпаздарды марапаттады.

 Жарыстың нәтижесінде «Эстарадалық вокал» номинациясы бойынша Әскербек Қуанғали (Жаңақала ауылы) I орынды, Жандәулет Тілеген (Мұқыр ауылы) II орынды, Құндызай Нәсіпқалиеваға (Көпжасар ауылы) III орынды иеленді. Ал «Хореография жанры» бойынша I орынды «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблі (Жаңақала ауылы), II орынды «Сымбат» би ансамблі (Қызылоба ауылы), III орынды «Шалқыма» би ансамблі (Бірлік ауылы) жеңіп алды. «Халықтық музыка (домбыра) жанры» бойынша I орынға Томирис Нағымова (Жаңақала ауылы), II орынға Досымжан Мәдениет (Жаңақала ауылы), III орынға Шыңғысхан Қайратов (Жаңақала ауылы) лайықты деп танылды. «Поэзия жанры» бойынша Ұлдана Төлеуғали (мектеп гимназия) I орынмен, Айымжан Аманжол (Көпжасар ауылы) II орынмен, Талғат Жанәділ (Бірлік ауылы) III орынмен марапатталды.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале