16.02.2021, 19:14
Оқылды: 76

Жаппай екпе жасаудың маңызы қандай?

Қазіргі уақытта халық арасында кең талқыланып жүрген тақырыптың бірі – жаппай екпе салу. Бұл тақырыпта қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі денсаулығының маңызды екенін алға тартып, қолдайтынын білдірсе, енді бірі бас тартатынын айтып жар салды. Осы орайда «Жаппай екпе жасаудың маңызы қандай?» деген заңды сауал туындайды. Жауабын іздеп көрдік.

952B43BC-CF1E-43D7-A7EC-876C83712C85

Екпе дауы басталғалы ел ішінде түрлі пікір қалыптасты. Денсаулығының қалыпты болуынан үмітті жандарды үрейлендіргендер де болды. Оған «Балаларымызға салдырмаймыз», «Екпенің керегі жоқ», «Бұл халықты құртудың жолы» деген сынды кереғар пікірлер дәлел бола алады. Қала берді, рас-өтірігі белгісіз, екпе алмаған адамның белгілі бір мекемеге кіруіне тыйым салынады деген де сөз тарады. Бұл жайт ауылдағы ағайынды да бейжай қалдырмады. Қай жерге бара қалсаңыз да еститініңіз сол әңгіме. Осы мәселе төңірегінде толық ақпаратты білу үшін №1 Казталов аудандық ауруханасының инфекционист-дәрігері Ұлданай Адаялиевамен сұқбаттастық.

53D30333-0E2A-4942-96A6-458748394779

– Сіз айтып отырған пікірлер қоғамда теріс көзқарас қалыптастырып жатқаны анық. Ал соның ішінде екпе алмаған азаматтардың қандай да бір мекемеге кіруіне тыйым салынады немесе жұмыстан шығарылады деген қаңқу сөздің шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Себебі екпе ерікті түрде жүргізіледі. Алдымен екпе алуға келген азаматқа жазбаша қолхат ұсынылады. Егер келісімін берсе, екпе екі кезеңде егіледі. Алғашқы екпе салынған соң 21 күннен кейін екіншісі егіледі. Осы аралықта екпе жасатқан адамның денсаулығы алғашқы 30 минуттан бастап дәрігердің бақылауында болады. Егер ол адамда қандай да бір ауру белгісі пайда болса, келесі міндетті екпе салынбайды. Ал екпеге мүлде келісімін бермеген жағдайда, жазбаша қолхат жазу арқылы бас тартуына болады, – дейді Ұлданай Ғибатоллақызы.

2021 жылғы 1 ақпаннан бастап екпе жасау үрдісі жүргізіліп жатыр. Еліміздің бас қалалары мен облыс орталықтарында медицина саласы қызметкерлеріне отандық вакцина салынуда. Алайда ауданымызға вакцина әлі келмегендіктен, нақты бірдеңе деп айту қиын. Десек те ауданымыздағы екі аурухананың қызметкерлеріне вакцина салдыру жөнінде алдын ала түсінік жұмысы жүргізілді. Яғни қандай жағдайда вакцина салдыруға болатыны, кімге вакцина салынатыны және т.б. қоғам назарын аударып жүрген сұрақтар бойынша толық ақпарат берілді. Бұны Ұлданай Ғибатоллақызы растайтынын және өзі де вакцина салдыруға ниетті екенін жеткізді.

– №1 Казталов аудандық ауруханасындағы медицина саласының 300-ге жуық қызметкеріне ерікті түрде вакцина салынады деп отырмыз. Ерікті түрде екпе салдыратын дәрігерлердің қатарында өзім де бармын. Екпе салдыру жөнінде мамандар келіп, түсінік жұмысын жүргізді. Жоғарыда атап өткенімдей, вакцина салдыру екі компоненттен тұрады. Дегенмен басты ескеретін дүние екпе салдырғаннан кейін жалпы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, қоғамдық орындарда бетперде тағу қажет, – деді инфекционист-дәрігер.

Мамандар коронавирусқа қарсы екпенің қарсы көрсетілімі болғандықтан, вакцинаның қандай жағдайда салынып, салынбайтыны жөнінде төмендегі ескертпені алға тартады. Құрамында ұқсас компоненттері бар вакцинаның немесе вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық, ауыр аллергия реакциясын беретін жағдайдың болуы, жүктілік және бала емізу кезеңі, 18 жасқа дейін және 65 жастан жоғары (тиімділік және қауіпсіздік туралы деректердің болмауына байланысты), ІІ компонентті салу кезінде, вакцинаның І компонентін салған кезде вакцинадан кейінгі ауыр асқынулар (анафилактикалық шок, ауыр генерализацияланған аллергия реакциясы, құрысу синдромы, 40 ºС-тан жоғары температура және т.б.). Сонымен қатар мамандар салынатын вакцина бірнеше мәрте тексерістен өткенін де тілге тиек етіп, қорқудың қажеті шамалы екенін алға тартып отыр. Егер COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жөнінде толық ақпарат білгіңіз келсе, 1406 нөміріндегі Cаll-орталыққа қоңырау шалуыңызға болады.

Екпе жасау мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Twitter әлеуметтік желісіндегі аккаунтында былай деп жазды: «1 ақпан күні Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Біз індетке қарсы әлемдік тәжірибені қолданып отырмыз. Вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы. Азаматтарды вакциналау шығындарының барлығын мемлекет көтереді. Вакцина салуға денсаулығы жарамайтын азаматтардан басқалары, жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін түсінеді деп ойлаймын».

Көзқарас әртүрлі болғанымен, атқамінерлердің жүргізіп жатқан саясатының мақсаты біреу. Ол – індетті жеңу. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, денсаулығының жақсаруын қамтамасыз ету. Сол үшін індетпен күреске мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Кейде сол қаржының желге ұшуына тұтас қоғам кінәлі-ау деген ой келеді. Себеп анық. «Қазақпыз ғой» деп заң, талапты ескерместен түрлі отырыс, той, отбасылық іс-шара өткіземіз. Егер қаулы талабын ескеріп, көпшілік іс-шаралардан өзімізді алшақ ұстап, сабыр танытқан болсақ, індеттің ауылы әлдеқашан алыстар еді. Мемлекет басшысы да індеттің белең алуы мен онымен күресу мәселесін басты назарда ұстап, ауқымды отырыс пен конференцияда, жиындарда, тіпті әлеуметтік желілердегі парақшасында індетпен күресуге қатысты пікірін жиі айтып отырды. Президенттің айтқан сыны мен пікірі назарға алынып, Үкімет тарапынан кешенді іс-шаралар қолға алынуда.

Қоғамда сан түрлі пікір бар. Ал вакцина салдыру Президентіміз айтқандай «Індетпен күрестің жалғыз жолы». Біз толық ақпаратты назарыңызға ұсындық. Шешім өзіңізде.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале