8.04.2021, 15:45
Оқылды: 65

«Жер жомарт: бағбандарды тарықтырмайды»

Осыдан 15 жыл бұрын... Ақжайық аудандық телерадиокомпанияда қызметте жүрген алғашқы жылдарым болатын. Бірде жол түсіп, Мерген ауылына сапарға шықтық. Ауданды енді танып жатқан жас тілші үшін бәрі қызық: ауылдың тірлігі де, ауылдың көңілі дария азаматтары да. Сол кездегі аудан әкімі Меңзипа Дүйсенбайқызымен бірге осы ауылдағы мәдениет үйіне бас тіредік. Жол бойы ол кісі кітапханашы Тәукен Сұлтанғалиевті жер-көкке сыйғызбай мақтап келеді. Сапарымыздың да нысанасы да – осы кітапханада өтетін шара. Көліктен түскен бойда аяғымызды жерге тигізбей тап сол Тәукен ағайдың өзі қарсылап алды. Көрген кезден «ақкөкелеп» асты-үстіме түсіп, бәйек болғанына қарап, аудан әкімінің орынбасарымен келгенімізден шығар деп қоямын топшылап. Ағайдың өзінің мінезінің ашық, көңілінің дархан, аузын ашса, жүрегі көрінетін пейілге ие екенін артынан білдім. Зейнетке шыққанша, әлі талай барып, осы рухани ордада өткен талай керемет шаралардың куәсы болдық, ол туралы да көлемді мақала жазуға болар еді. Ал осы жолғы сапарымның мақсаты – ағай дәріптеген кітаптың сырына үңілу емес, оның өмір бойғы хоббиін, сүйіп атқаратын ісін халыққа жария ету.

D05F6694-619D-41BC-959E-E86B59EC88B0

Гүлдері жер шарының әр елінен

Мергеннің байырғы тұрғындары Тәукен ағайдың гүл өсіріп, бау-бақшамен айналысатынын біледі. Ол осы ісімен тек өз ауылдастарына ғана емес, алыс-жақын ауылдарға да танымал. Айтып, айтпай не керек, кезінде осы ауылға жолымыз түсе қалса, ол өсіретін гүлдің сабағын бірге ала кететін едік. Бірнеше жыл  баптап өсірген сол гүлін қалай күту керек, неше күнде тамырын суда шығартып, топыраққа отырғызады – осының бәрін тәптіштеп айтып қана қолыңа ұстататын әдеті де бар. Сол қалпынан зейнетке шыққанда да айнымапты, үйінің есігінің алдынан қарсылаған ол бізге қадірлі қонақ келгендей қуанып, мәре-сәре боп қалды.

Сіз біздің кейіпкеріміздің үйіне кірсеңіз, ғаламат бір оранжереяға тап болғандай, тамаша әсерде қаласыз. Дәлізден бастап, үйдің әрбір бөлмесі неше түрлі гүлдермен көмкерілген. Атын айтып, түрін түстеп таныстырып жатыр, бірақ гүлге көп зияны жоқ менің есімде солардың тек үнді және қытай райханының ғана атауы қалыпты. Есептеп қарасақ, шағын ғана үйде гүлдің 50-ден астам түрі бар сыңайлы. Шкафтың сөресіне көзіміз түсе қалған, өсімдік, бау-бақша күтіміне арналған кітаптардан сықасып тұр.

«Мен бала кезімде әке-шешеммен бірге ауылдың жанына салған бақшадан шықпайтынмын. Бізді «мынау бала ғой, оның қолынан не келер дейсің» деп жұмыстың жеңіліне салып жатқан ешкім жоқ, сол жерді ерте көктемде жыртып, тұқымынан жарып шыққан өскінді отырғызып, суын уақтылы беріп, өзге де жұмыстарды ересектермен бірге атқаратынбыз», - деп әріден бастады әңгімесін Тәукен ағай.

– Қазақта «Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады» деген сөз бар, яғни ата-анамыздан көрген сол өнеге біздің де бойымызға сіңіп, міне, бүгінде азғантай бағымызды жайнатып отырған жайымыз бар. Ал гүл өсіру – менің хоббиім, бұрыннан сүйіп айналысатын ісім. Кезінде кітапханада жұмыс істеп жүргенде, сол ғимараттың ішінде 90-нан аса гүлдің түрін өсірдім. Шегіргүл, пальма, фикустардан бастап, шырмауықтар, өзге де гүлдердің табиғи отандарын қарапайым глобустан түртіп отырсаңыз, бос орын қалмайтынына сенімдімін. Мен зейнеткерлікке кеткенде, олардың бірде-бірін өзіммен бірге алмадым, себебі рухани ордаға келген оқырман сан алуан гүлдердің ортасында ләззат алып, демалуы керек. Бүгінгі қарбалас уақытта адамға жетпейтіні сол – бір сәт қана дамылдап, айналасындағы тірі табиғатқа зер салып, көңілінің түкпіріне үңіліп демалу, – дейді ол.

Ауыл болып бақша салған күндер-ай

Бүгінде мергендіктердің негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғанымен, Кеңес Үкіметінің тұсында ауылдастар бірі қалмай, бақша өсірген көрінеді. Мұны да біз Тәукен ағамыздың сағына айтқан естеліктерінен білдік.

– Ол мезгілде біздің ауыл Куйбышев атындағы колхоз болып аталатын. Қазірдегідей емес, Жайық өзенін жағалаған жұрт ауыл маңына гектарлап бақша екті. Ересектер таңның атысы, күннің батысы сол танаптың басында тірліктің қамымен жүретін. Балалар да еңбектен тартынбай, жазғы демалыста арамшөп жұлып, өнім жинауға үлкендермен бірге жұмылып, айран-асыр болады. Біреу сенер, біреу сенбес, топыраққа тыққан қиқымдай тұқымнан тонналап өнім алушы едік. Бақшадан өнімнің көп түсетіні соншалық, ауылды түгел көкөніспен қамтитын. Балабақша, мектеп асханасы, ауыл тұрғындарынан артылғанын қырдағы шопан, бригадаларға жеткізіп, қалғанын ауылдың шетіндегі үлкен қоймада сақтайды. Сол кездегі ауыл басқарған азаматтардың да бақша шаруашылығының дамуына қосқан үлестері зор. Мысалы, Бондаренко деген азамат осындағы әкімдіктің ғимаратын қоршай саябақ салып, сонда алма, ранетка отырғызды. Ал біздің ауылды көркейтіп, біз әңгіме етіп отырған саламен қатар, түгел инфрақұрылымды жаңғыртқан Марлен Өмірзақов болатын. Мәдениет үйі, балабақша, мектеп ғимараты, амбулатория салып, ауыл ішінде асфальт жол төсеткен сол кісі», - деді кейіпкер.

8AF1812F-1253-431D-963D-5074858A210F

Ұжымшардың өнегелі жұмысы кейін кеңшар болып қайта құрылғаннан кейін де жалғасыпты. Сол кезде ауыл көшелеріне арық жүргізіліп, әрбір үйге дейін жеткізілген. Сол кезде басым халқы орыстар болған Мерген ауылында бақша салмайтын ауланы табу қиын болған көрінеді. Бертін келе сол үрдіс кенжелеп қалып, ауылдағы саусақпен санар ғана аулада бұл тірлікті қолға алатынына Тәукен ағай біраз қынжылады.

Бақшаның өзі – бір әлем

Жер-ананың қойнауы еріп, жер-көкке тіршілік кіргеннен Тәукен ағамыз бақшаның қамына кірісіп, тал-дарақтардың жайын қамдай бастайды. Қазір де соның қамы – арнайы құтыларда қызанақ, бұрыш, баялдының балғын көшеттері «менмұндалап» желкілдеп тұр. Бағбан оларды жердің тоңы кеткен соң, сәуірдің аяғы, мамырдың басында жерге отырғызбақ. Өзінен артылғанын айналасындағы көрші-көлем, туыстарына береді. Оның айтуынша, аулада өріктің (абрикос) 6 түрі, қара өріктің 3 түрі, тұшала (крыжовник), құлпынай мен таңқурайдың қос-қостан түрлері өседі. Сізге өтірік, бізге шын, осы жеміс-жидектерден бағбан күзде 70-75 шелектей өнім жинайды. Оның бәрі, әрине, өзіне көптік етеді, артылғанын май, қаймақ, күнделікті сүті мен етіне ауыстырып, өзінің шаруасын қамдап отырған жайы бар. Бүгінде жетпістің жотасына шыққан бақшашы жер қопсытып, аулаға көмек көрсеткен жаннан да қолындағы барын аямайды екен.

– Өзіңнің бау-бақшаңның болғанына не жетсін?! Бәрі өз қолыңда. Көкөніс, жеміс, гүл атаулының бәрін өз қолыңмен өсіріп, күз шыға жемісін көріп отырған ғанибет қой! Бірақ олардың бабын табу да оңай шаруа емес. Олардың да белгілі бір тәртібі бар. Осының бәрін ерінбей, кітап-оқулықтан тауып, үйренсең, бақшаның базары қайнайды. Ең бастысы, уақытымен суарып, жерін қопсытып, қоректі тыңайтқыштарды беріп отыру керек. Қазіргідей әлеуметтік желі белең алған тұста баланы тәрбиелеудің ең бір ұтымдысы  осы – аулаға бақша отырғызу. Әрі дастарханын дәруменді жеміс-жидек, көкөністермен толтырса, екінші жағынан ұл-қыз қолы бостықтан сеңделмей, еңбекке ерте араласады. Ал қазір ше? Масылдыққа бой алдырып бара жатқандаймыз. Жағдайы төмендердің бір көксейтіні – қоғамдық жұмыс. Көктем шығысымен әкімдікті жағалап, өзі санаулы ғана орынға төбелесіп болса да, тұрғысы келеді. Ал солардың ауласына кіріп көрдіңіз бе? Қылтанақ шөптен өзге түк те жоқ. Алдынан арқырап арық ағып жатса, ауласында көк өсірмей, енжарланатын, жатыпішерлікке әбден үйренген осындай адамдарды түсінбеймін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Ата-анасының күн арқан бойы көтерілгенше ұйықтап, одан кейін теледидар, болмаса, телефонға телміргенін көріп өскен баланың ертеңі қандай болмақ, – дейді көзін тырнап ашқанынан еңбекқор жан өзгенің жалқаулығын жақтырмай.

Ақкөңіл жан бізбен бірге келген ауылдық округ әкімі Жұмабек Ғалымжановқа да алғысын жаудырды. Ауылға басшы болып тағайындалғанына аз-ақ уақыт болса да, жалғызбасты ақсақалға қолдан келген көмектің бірін де аямайды екен. Бағбан да өз кезегінде бақша отырғызып, нәпақасын осы шаруадан табамын деген ауылдастарына тал-көшеттерді тегін беруге ниетті екенін жеткізді. Қажет болса, кеңеспен де қолдауға дайын.

– Алып бара жатқан қомақты қаражаттың қажеті жоқ. Су тегін, тал мен көшеттерді де тегін берейін. Бастысы, ниет болсын. Біздің өңірде жер құнарлы, жомарт, бақ еккеннің ешқайсысын тарықтырмайды. Осы ретте облыс әкімінің «Менің аулам – менің бағым» жобасын толық қолдаймын. Әр үйдің айналасында бағы жайқалып тұрса, ауыл да көркейіп, отбасының да берекесі молаяды, – дейді ол.

Р.S. Қоштасып, шыға бергенім сол еді, қалтарыста тұрған қылқанжапырақтылардың бұрын көрмеген ерекше бір түріне көзім түсе қалмайды ма?! Аң-таң боп, тегін сұрап жатырмын. Сөйтсек, бұл самырсын (пихта) екен. «Қылқанжапырақтыларды өсіруді соңғы кезде қолға алдым, - дейді әсемдікке жаны құмар Тәукен ағай, - ана бір тұста көгілдір шырша, мына жерде арша (можжевельник) өсіп тұр. Қазір туяны тұқымнан шығарып, көшеттерін баптап отырмын. Бұйыртса, сәл қуат алып, нығайған соң, әкімдіктің айналасына отырғызғым келеді. Ауылдың сәнін келтіріп тұрады ғой»...

Аласа бойлы, қысы-жазы жасыл түсімен қуантатын туяға біз де құда түсіп, бір гүлді қолтығымызға қысып, жолға шықтық.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале