24.09.2021, 10:48
Оқылды: 70

Жоңышқа еккен шаруа

«Салауат» шаруа қожалығының жетекшісі Заңғар Салауатов қуаңшылықтың зардабын тартып отырған оңтүстік өңірде мал азығын оңтайлы дайындауды қолға алған. Казталов ауылында тұратын ол округ аумағынан 2 гектар жер алып, электр қоршаумен қоршаған. Ал 0,5 гектар жерге  жоңышқа егіп, суармалы жүйе арқылы өсіруде.

WhatsApp Image 2021-09-24 at 08.50.03

– Бұл шаруаны былтыр сәуір айында бастадық. Жер жыртып, жоңышқа дәнегін қолмен шаштық. Жоңышқаның «Gea» деп аталатын итальяндық тұқымы Шымкенттен әкелінді. Өнім бізге азотты тыңайтылған күйде жеткізілді. Ол жоңышқаның тез өсуіне септігін тигізеді. Жаңбыр мол түскендіктен, жоңышқа тез көтерілді. Алайда алқапты қолдан суландыру тиімсіз болып шықты. Сондықтан тамыз айында жерді суландыру жүйесіне арналған шашыратқыш «SKIPPER» арнайы құрылғысын сатып алдым. «SKIPPER»-дің радиусы насосқа байланысты бір бағытқа қарай 30-40 метрді қамтиды, –  деді қожалық жетекшісі.

WhatsApp Image 2021-09-24 at 08.50.03 (1)

Шаруа тәжірибе жүзінде қолға алған бастамасына 1 млн. теңгеден астам қаражат жұмсаған. Қазір ауылдың бір азаматын жұмыспен қамтып отыр әрі арнайы техникалар да сатып алған. Біз тілге тиек еткен 0,5 гектардан алғашқыда 60 бума (пресс) жоңышқа алған. Ал жоңышқа тамырланып кетер болса, бір жылда үш-төрт мәрте шауып алуға мүмкіндік бар. Есепке салсақ, бір шапқанда 60 бума өнім шығар болса, төрт есе көбейтсек, 240 бума жоңышқа азығын алуға болады.

Заңғар Салауатов бұл бастаманы тек өзінің төрт түлігі үшін қолға алғанын айтты. Әйтсе де азаматтың бұл тәжірибесін өзгелер де қолға алса, аудан халқын да көпжылдық өніммен қамтуға мүмкіндігіміз мол. Өйткені бұршақ тұқымдасқа жататын өсімдік – төрт түлікке де жұғымды азық.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале