7.09.2021, 15:11
Оқылды: 31

Жоңышқа – жұғымды азық

Қуаңшылық бүйірден қысқанда шығар, жол табу - қиынның қиыны. Әсіресе, облысымыздың оңтүстік аймағы қуаңшылықтың зардабын шегуде. Мал азығы мен су тапшылығы қара халық пен шаруаның жанайқайы болды. Үкімет құлақ түріп, республикалық қазынадан қаржы бөлініп, көрші мемлекеттен су сатып алып, өңіріміздің өзен-көлдерін миллиардтаған қаржымен толтырып отырмыз. Дегенмен, мемлекеттің қаржысына сатып алынған суды тиімді пайлана біліп, шаруашылығымызды жүргізудің тиімді жолдарын тапсақ, оңтүстік аймақ халқы мал азығымен қамтамасыз етілсе керек.

 2

Мал азығы мәселесін шешу майданында жүрген азаматтар қатары көп. Көптің ішінде дараланып тұрған, су қоры аз оңтүстік өңірдің тәжірибесіне сүйене отырып мал азығы мәселесін оңтайландырып жүрген шаруа «Салауат» ШҚ жетекшісі – Заңғар Салауатов. Казталов ауылының тұрғыны округ аймағынан 2 гектар жер алып, 0,5 гектар аумаққа жоңышқа егіп, суармалы жүйе арқылы өсіруде. Қолға алған ісі жөнінде қожалық жетекшісі былай деп топшылады.

3

- Осы шаруаны 2020 жылдың сәуір айында бастадық. Жер жыртып, жоңышқа дәнегін қолмен шаштық. Жаңбырдың мол түсуі салдарынан жоңышқа тез көтеріліп, өсе бастады. Содан кейін мамыр айында тікелей суару жүйесі арқылы жерді суардық. Ал жоңышқаның өзін Шымкенттен әкелінді. Итальяндық сортты «Gea» жоңышқасы. Өнім бізге азотты тыңайтылған күйде жеткізілді. Бұл өз кезегінде жоңышқаның тез өсуіне септігін тигізеді. Қолдан суландыру жүйесі тиімсіз болған соң, тамыз айында жерді суландыру жүйесіне арналған шашыратқыш «SKIPPER» арнайы құрылғысын сатып алдым. Құрылғыны сатып алуымызға бірден бір себеп жердің тегіс болмауы. SKIPPER-дің радиусы насосқа байланысты бір бағытқа қарай 30-40 метрді қамтиды, - деді Заңғар Салауатов.

4

Несиге емес, өз қаражатына кәсібін бастаған «Салауат» шаруа қожалығының жетекшісі бұл бастамаға миллионның үстінде қаржы жұмсаған. Тәжірибе жүзінде қолға алынған бастаманы жүзеге асыруға бір ауыл азаматын жұмыспен қамтып, арнайы техниалар да сатып алған. Өзіне тиесілі 2 гектар жердіжайылымдағы малдың қозғалысын шектейтін 12000 В күші бар электр қоршау арқылы қоршаған. Біз тілге тиек еткен 0,5 гектар жерден алғашқы 60 түп жоңышқа алған. Жоңышқа тамырланып кетер болса бір жылда үш-төрт мәрте шауып алуға болады.

1

Есепке салар болсақ, бір шапқаныңыздан 60 түп өнім шығар болса, төрт есе көбейтсек, 240 түп жоңышқа алып, пайдасын көруге болады.

Заңғар Салауатов бұл бастама тек өзінің төрт-түлігі үшін жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Әйтсе де азаматтың бұл тәжірибесі жүзеге асып, өзгелер де қолға алса, көпжылдық өніммен аудан халқын қамтамасыз ету мүмкіндігіміз мол. Бұршақ тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік төрт-түлікке де жұғымды азық.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале