20.09.2018, 16:32
Оқылды: 11

Ауызашарға тамақ дайындаудан бас тартқан келінін өлтірген

БҚО-ның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты келінін өлтірген ер адамға үкім шығарды.

Бұл оқиға биылғы Ораза кезінде болған. Судья Н.Ғұбашевтің мәлімдеуінше, Қазталов ауданындағы Талдықұдық ауылының  57 жастағы тұрғыны Ибрагим Шыналиев ораза тұтқан. Маусымның 5-інде келіні Мәншүкке ауыз ашатынын, соған тамақ дайындап беруін сұрайды. Айыпталушының айтуынша, масаңдау келіні балағат сөздер айтқан. Қолындағы нан кесетін пышағын қайын атасына бірнеше мәрте сермеген. Оған ашуланған қайын атасы келіннің қолындағы пышағын қағып түсіріп, ішінен бір мәрте ұрып жерге құлатқан. Соққыдан құлаған әйелді Шыналиев қос қолымен буындырған. Айыпталушы өзінің ойланбай жасаған әрекетіне шын өкінетінін айтып, жәбірленуші тараптан кешірім сұраған. Қанды оқиға болатын күні ашуға бой алдырып, өзін бақылаудан шығарып алған. Айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындап, келінімен жиі сөзге келіп, ренжіскендерін айтқан.

Мәншүктің тума-туыстарының берген түсініктемелері бойынша марқұм ешуақытта боқтап сөйлемеген, ішімдік ішпеген. Бірақ сараптама қорытындысында марқұмның қан құрамында этил спиртінің бар екені, масаңдау болғаны анықталған.

Сот И.Шыналиевті қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен («Кісі өлтіру») кінәлі деп танып, оны сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айырды және ол жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейтін болады.
Судьяның айтуынша, И. Шыналиев ІІІ топтағы мүгедек, бұрын сотталмаған. 15 жыл бойы көзі көрмейтін әйелін бағып-қағып, балаларын өзі өсірген.  Тұрғылықты жерінен жағымды мінездеме берілген. Үкім шығару барысында мәселенің осы жағы ескерілген. Тараптар үкім жарияланған күннен,  сотталушы өзіне үкімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап 15 күн ішінде аталмыш сот арқылы БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағым  мен  наразылық беруге құқылы.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале