Хиджама – денеден қан алдыру арқылы ағзаны түрлі сырқаттардан емдейтін емнің ежелгі түрі. Соңғы кезде дін өкілдері, әсіресе, емшілер науқастарға хиджама жасап, пайда тауып жүр. Осыған орай хиджаманың адам денсаулығына пайдасы мен зиянын және санитарлық талаптары туралы айтпақпыз.
«Адам бойында арам қан болмайды»
Жалпы, хиджама емі терінің астындағы ең ұсақ қан тамырларын кесу арқылы жасалады. Дененің арнайы бөліктеріне, яғни сырқат аймағына байланысты бастың желке, төбе тұсына, жауырынның ортасына, иық пен омыртқаға қойылады. Қан алу кезінде пластиктен немесе шыныдан жасалған банкілер, арнайы пышақ немесе ұстараның жүзі қолданылады. Емшара барысын айта кетсек, алдымен адамның денесіне банкілер қойылады. Банкінің астындағы тері қызарғаннан кейін оны алып, денеге ұсақ тіліктер жасалады да банкі қайта қойылады. Сол кезде тіліктерден қан сыртқа шығып, банкінің ішіне жинала бастайды. Бұрын банкінің ішіндегі ауаны шығару үшін от қолданылса, қазір оттегі арнайы құрылғымен сорып алынады.
– С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдадым. Алматыда хиджама жасау кең таралған. Интернатурада оқып жүрген кезде жетекшім невропатолог дәрігер болатын. Ол мамандығы бойынша Қытайдан хиджама мен сүлік қою тәсілдерін үйреніп келді. Тәжірибе барысында маған да үйретті. Хиджаманы кей адамдар арам қанды алдыру әдісі деп ойлайды. Шын мәнінде, адамның бойында ешқандай арам немесе тұрып қалған қан болмайды. Қан – ағзада үздіксіз айналымда жүретін адам өмірінің өзегі. Айналымда жүретін қаннан бөлек адам ағзасында, әсіресе, бауырда, сүйекте және бұлшық етте қанның қоры жиналады. Бұл қордағы қандар жарақат алып қан жоғалтқанда немесе қатты сырқаттанып иммунитет әлсіреген кезде жұмсалады. Дәстүрлі медицинада хиджама атауымен процедура жасалмаса да, ағзаның жұмысын жақсарту үшін емдік мақсатта науқастан қан алынатын ем-дом шаралары бар. Сол кезде адам ағзасындағы қан алмасу жүйесі жақсарып, барлық жасуша жаңарады, ағзаға нәрлі заттар мен оттегі тарайды. Хиджама банкісін денедегі қанды сору үшін қолданады. Мәселен, қолыңызды жарақаттап алдыңыз делік. Сол сәтте қан шыққанымен, сәлден соң тоқтап қалады. Өйткені жарақат алған сол ағзаның тіндері көп қан жоғалтпас үшін бірбірінің маңына бітісіп кетеді. Хиджама кезінде шағын капиллярлар кесіледі, тереңдігі 1-1,5 миллиметр, ұзындығы 3-5 миллиметр көлемінде. Негізі, мұндай тереңдікте ешқандай ірі тамырлар, нервтер орналаспаған. Алайда одан терең тіліп жіберсе, көктамырға түсіп көп қан жоғалтуы мүмкін. Болмаса, қанша қан мөлшерін алу қажеттігін білмеген маман науқасты әлсіретіп, тіпті талып қалатын жағдайға жеткізеді. Қан алдыру арқылы көптеген дерттің алдын алуға болады. Мәселен, нерв жүйесінің, инсульт, инфаркт секілді жүрек-қан тамыр дертіне шалдыққандарды емдеуде, бүйректегі тасты алуда, жыныс және несеп айдау жүйесінің сырқаттарын емдеуде көмегі зор. Сондай-ақ дәстүрлі медицина бойынша қан қысымының дертіне, яғни артериялық гипертензияға шалдыққан науқастар өмір бойы дәрі ішуі керек. Өйткені ол сырқаттың өзге түрлері секілді ем-дом арқылы 12-14 күн ішінде жазылатын дерт емес. Қан қысымы дертіне шалдыққандар күн сайын дәрілерін ішіп күтініп жүруі қажет. Ал хиджама арқылы қан қысымы сырқатын емдеуге болады.
Сондай-ақ қан арқылы жасалатын кез келген процедура адам өмірі үшін қауіпті. Егер санитарлық нормалар сақталмаса, ВИЧ, СПИД, гепатит В, С инфекцияларын жұқтыруы мүмкін. Өйткені қан мен ашық жараға инфекция тез жұққыш келеді. Бір реттік стерильді құралдарды ғана қолдану керек. Әсіресе, денеден бөлініп шыққан қан адам ағзасына кері кетіп қалмауы тиіс. Қан алған кезде адам травматикалық шок алуы мүмкін. Соған сәйкес хиджама жасайтын орталықта реанимациялық жабдықтардың бәрі болуы тиіс, -дейді Бәйтерек аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Сымбат Шұлғауова. Білікті маман бірнеше жыл қалалық №5 емханада қызмет атқарған.
Хиджама кімдерге тыйым салынған?
Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов хиджама жасайтын кабинеттердің қызметін реттейтін белгілі бір санитарлық ережелердің жоқтығын айтады.
– Хиджама жасалатын ұйымдар қадағалаудағы объектілер тізіміне кірмейді және тексеруге жатпайды. Тиісінше бұл қызмет түрі ресми өтініш-шағым түскен кезде ғана жоспардан тыс тексерілуі мүмкін. Күні бүгінге дейін облыста хиджамадан зардап шеккен тұрғындар тіркелген жоқ. Хиджама – бұл медициналық қызмет түріне жатпайтын, мемлекет кепілдік беретін медициналық қызметтер тізбесіне кірмейтін және ғылыми негізделмеген халық медицинасының әдісі. Хиджама жүргізушілерге, емшілерге денсаулық сақтау саласынан рұқсаттар, сертификаттар берілмейді. Қан алдыру ем-шарасы тері қабаты бүтіндігінің бұзылуымен жүргізілетіндіктен, санитарлық жағдайлар сақталған үй-жайларда жүргізуге болады. Алайда санитарлық талаптар сақталмаса, яғни әрбір келушіден кейін қолғаптарды ауыстырмаса, бір реттік қолданатын құралдарды пайдаланбаса, қолды антисептикалық сұйықтықпен жиі жумаса пациенттің қанына жұқпалар ену қаупі жоғары болады. Сондықтан денсаулыққа шағымданған кезде ресми түрде тіркелген, мамандандырылған медициналық ұйымдарға жүгінуге кеңес береміз. Сондай-ақ хиджаманы вирустық гепатит, АИТВ, гемофилия, анемия, қант диабеті, онкологиялық дертке шалдыққандарға және егде жастағыларға жасауға болмайды, - дейді Жайдар Бисенбайұлы.
Құран-Кәрімге көз жүгіртсек, хиджаманың сүннет амал екендігі жазылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында хадисте «Үш түрлі ем бар. Ол қан алдыру, бал ішу және отпен күйдіру. Бірақ та мен зәру жағдай тумайынша, отпен күйдіріп емдеуге тыйым саламын» (Әл-Бухари) деген. Бүгінде бірқатар мемлекеттерде хиджама жасау заңды жолға қойылған. Мешіттерде арнайы бөлмелер де жасақталыпты. Елімізде де бұл ем-дом түріне тұрғындар тарапынан қызығушылық артып келеді. Алайда заңды негізде арнайы талаптар қойылып, санитарлық тексеріс жиі жүрмесе, пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер