Облыс аумағындағы жерлерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының көлемін арттыру мақсатында облыс әкімдігі мен аудан әкімдіктері арасында меморандум жасалып, жүзеге асырылуда. Биыл меморандумға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 514 мың гектарды құрауы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдарды 240,6 мың, майлы дақылдарды 76,0 мың, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 9,4 мың гектар алқапқа егу жоспарлануда.
Бұл туралы өңірлік коммунакациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мәлімдеді.
- Ауыл шаруашылығы - өңіріміздің экономикасының негізгі салаларының бірі және азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ететін басты бағыт болып табылады. Облыстың жалпы ішкі өнімінің ішінде аграрлық сектордың үлесі 3-4% көлемі аралығында болғанымен, өңір тұрғындарының жартысына жуығы тұратын ауылдық жердегі кәсіптің негізі - осы ауыл шаруашылығы саласы. Былтыр облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан 35,5 млрд. теңге демеуқаржы мен несие ресурстары берілді. Ал тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы көлемнен екі есе артты. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде тартылған инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда сегіз есе артып отыр. Бұл біздің өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласының даму әлеуетінің жоғарылығы, инвесторларды тарту арқылы өндіріске заманауи технологиялар енгізіліп жатқанының тағы бір дәлелі деп санаймыз, - деді Мұхтар Наурызбайұлы.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыста жалпы құны 170 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Республика бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізілді. Сондай-ақ өткен жылғы үш тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 1098,7 мың теңгені немесе 24,5% өсімді құрап, БҚО еліміз бойынша екінші орынға көтерілген.
- ҚР Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тартуымыз керек» және «Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» деген болатын. Осы бағыттағы экспорттық әлеуетімізді толық пайдалана отырып, шикізатты қайта өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығару мәселесі аса маңызды. Ол үшін қазіргі заманғы талаптарға сай өнім өндіретін кәсіпорындар құру бойынша жобаларды жүзеге асыруды қолға алудамыз. 2020-2021 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын сегіз ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Олардың қатарында жалпы алқабы 15,5 га құрайтын екі жылыжай кешені, әрқайсысы 600 басқа арналған екі сүтті-тауарлы ферма, мал бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттыру, ауысымына 600 дана ірі қара және қой терілерін қайта өңдейтін цехын, сыйымдылығы екі мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасы салу секілді ірі жобалар бар, - деді М. Манкеев.
Баспасөз мәслихатында спикер өңірді азық-түлікпен қамту, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді кері қайтару, өңір тұрғындарын бау-бақша егу жұмыстарына жұмылдыру туралы да кеңінен мәлімет берді.
Облыс бойынша 2012 жылдан бері 1 млн 750 мың га пайдаланылмайтын жерлер анықталған. Қазіргі таңда мемлекет меншігіне көлемі 1149 мың га жерлер қайтарылып, 969 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Ал көлемі 424 мың га құрайтын жер учаскелерінің жер пайдаланушылары жерлерін қайта игеруге кірісті. Ал 177 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында геоақпараттық порталда бос жер учаскелері, олардың пайдалануы мақсатты, жалпы көлемі туралы ақпараттар орнатылады. Сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ пилоттық жоба ретінде «АгроСервисБатыс» ЖШС базасында пилоттық жобаны енгізуде. Жобаның мақсаты шаруашылыққа цифрландыру әдістерін, дәлме-дәл егіншілікті енгізу, ғарыштан ауыл шаруашылығы дақылдарының өсу-жетілу кезеңін бақылау, алқаптарының жағдайын мониторингілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар топырақтың құнарлылығын анықтап, ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды өнімділігін айқындайтын болады.
- Әлемде COVID-19 коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өңіріміздегі карантиндік режім тұрғындарды картоп және көкөніс өнімдерімен толық қамти алмайтындығымызды дәлелдеді. Аталған өнімдерді еліміздің басқа өңірлерінен және көршілес мемлекеттерден тасымалдаудамыз. Алдағы уақытта шаруаларға жағдай жасап, көкөніс алқабын ұлғайту, сол арқылы облысты қажетті өніммен толық қамту жұмыстарын қолға алатын боламыз.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz