28.04.2020, 11:40
Оқылды: 75

Жәмиләнің киім үлгілері өз бағасын алып үлгерді

  Отандық сәнқойлар Батыстың киім үлгісінен шаршаса керек, бүгінде ұлттық нақышта жасалған, эксклюзивті киімдерге қызығушылық артып келеді. Әркім өзінің ерекшілігін көрсетіп, басқада жоқ қайталанбас киім киюге ұмтылатын заманның ағымына ілесіп, талғамы биік жандардың көңілінен шығатын тауар ұсынып жүрген дизайнерлер біздің өңірде де бар. Олардың бірі - Жәмилә Өтепқалиева.

DCF47DEB-D026-4792-BA51-69802AB10020

Шағын тігін ательесін ашып, көпшілікті таңғалдырып жүрген жас келіншектің қолынан шыққан киім үлгілері осы күні өңіріміздің ғана емес, еліміздің басқа аймақ сәнқойларының арасында да жоғары бағаланады.

264B0AF8-957F-4CC9-A8EA-F392A90E9350

Біздің кейіпкеріміз 1988 жылы Теректі ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Кейін ата-анасымен Подстепный ауылына қоныс аударады. Ауыл мектебінде оқып жүрген оның сурет салуға деген қабілетін ұстазы Кенжетай Ғатауов байқап, өз үйірмесіне шақырады. Ұстазының жетелеуімен түрлі байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі.

8-сынып оқып жүрген кезінде Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы суреттен байқау ұйымдастырды. Бұл сайысқа қатысып, жеңіске жеткенімен оқуға бара алмады. Өйткені жасы кіші еді. Оның үстіне ата-анасы да алысқа жібергісі келмеді.

F72A52A0-AE93-4C35-BFBD-90056DA5C48F

Ата-анасының сөзін жерге тастамаған қыз 9-сыныпты аяқтаған соң Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Киім дизайны» бөліміне оқуға түседі. Жүрек қалауымен таңдаған оқуын ойдағыдай аяқтап, киім сұлбасын салуды толық меңгереді. Колледждің соңғы курсында ол «Мария ханым» сән үйінен сараманнан өтеді. Жас дизайнердің қабілетін байқаған салон иесі бірден жұмыс ұсынған.

- Колледжде киімнің сұлбасын салуды, тігу техникасын толық меңгеріп шыққаныммен, тігуді кәсіби тұрғыда қолға алмаған едім. «Мария ханым» сән үйі менің білімімді практикамен ұштастыруға көп көмегін тигізді. Жұмыс істеген бір жылдан астам уақытта ол жерден көп нәрсе үйреніп шықтым, - дейді кейіпкеріміз.

Жәмилә жұмыс істей жүріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға оқуға түседі. Жоғары оқу орнынан бейнелеу өнері және сызу мамандығын алып шығады. Кейін біраз уақыт тігіннен де, дизайннан да қол үзіп, ұстаздық жолды таңдайды. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде дәріс оқыды. Алайда онда көп аялдаған жоқ. Өйткені жас дизайнердің мақсаты басқа еді.

44BD4D61-DCD6-4D69-9E2E-6B68A1CCA647

Көп ұзамай Силжан атты жігітпен шаңырақ құрып, сәби сүйеді. Екі бірдей қызды дүниеге әкелген Жәмилә бос уақытын жанұясы мен кәсібіне арнайды. Отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінде қыз жасауы, түрлі киімдерді жөндеу сияқты ұсақ-түйек тапсырыстарды орындап жүрді. Кейін ел арасында үй тұмарларын тігу сәнге айналған кезде көздің жауын алатын осындай бұйымды жасауды да қолға алады. Әлеуметтік желіден Жәмиләнің қолынан шыққан тұмарларын көрген Атырау мен Ақтөбе облыстарының тұрғындары да тапсырыс бере бастайды.

D06C4EDC-23D8-4C1F-B1D4-28E07A9CD1A9

- Абай атамыз «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды. Өнер жұтамайды», - деген ғой. Сол себепті өзімнің өнерімді жетілдіре түстім. Шағын тігін студиямды аштым. Ғаламторға бұйымдарымды сала бастадым. Тігіншілікке мықтап кіріскенімді байқаған нағашы апам маған көмектеспек ниетімен Светлана Ким деген кәсіби тігіншімен таныстырды. Содан ол кісімен бірге жұмыстандық.Оған қазақы ою-өрнектердің қалай жасалатынын үйретсем, ол маған киім тігудің қыр-сырын тереңірек меңгеруіме көмектесті. Ісімді бастаған шақта қыздарым кішкентай еді. Сол кезде отбасым, туыстарым жәрдемдерін берді. Мәселен, енем қолдау танытып, қыздарымды бағысты. Жұбайым да жылы сөзі мен демеуін аямады. Қазір аз да болса, жетістікке жетсем, солардың қолдауының арқасы, - дейді ол.

AED70D07-14F6-40AB-980D-C2281C72748B

Қай істі бастаса да, соңына дейін жеткізуді көздейтін кейіпкеріміздің алдына қойған мақсаты - шағын тапсырыстарды қабылдап отыратын тігінші емес, киімі сұранысқа ие дизайнер болу. Соған орай қыздарына арнап түрлі көйлектер мен күнделікті өмірде киілетін киімдер тігуді қолға алды. Төгілген тер нәтижесін берді. Дәл осы кезде анасы мен қызы бірдей болып киіну сәнге айнала бастаған еді. Әлемдік үлгілерді көзден таса етпейтін жандар Жәмиләға тапсырыс беруге көптеп келе бастады. Кәсібі өрге домалап, танымалдығы артқан ол түрлі көрсетілімдері мен сән апталарының қонағына айналады. Мәселен, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі де жас дизайнерге қолдауын білдіріп, «Fashion art» атты ұлттық сән көрсетіліміне шақырып келеді. Подстепный ауылында аталмыш бөлімнің қолдауымен өз киім үлгілерінің көрсетілімін өткізді. Атырау қаласында өтетін «Оюлар сөйлейді» атты байқауларға да барып жүр. Жергілікті басшылықтың қолдауымен жас дизайнердің де  байқауынан қалып көрген жоқ.

- Облыс орталығында өтіп тұратын сән апталықтарына міндетті түрде баруға тырысамын. Өйткені ол жерде түрлі дизайнерлермен танысып, біліміңді жетілдіресің. Бірде қаламызға Нұр-Сұлтан шаһарынан Дана Әшімова деген дизайнер келіп, шеберлік сағатын өткізді. Сол кезде менің үлгілерімді ұнатып, елордада өтетін «Шығыс базары» атты көрмеге шақырды. Оған да барып келдім. Еліміздің әр аймағынан келген шеберлердің жұмыстарын көрдім. Өзім де шабыт алдым, - дейді Жәмилә.

Қазақтың болмысын аша түсетін заманауи үлгідегі брендті қалыптастырсам деген арманы бар дизайнер Нұр-Сұлтан қаласына сапарында «JADO»  сән үйінің негізін қалаушы Жадыра Сахиевамен танысқан. Жәмиләның қолынан шыққан киімдерді жоғары бағалаған қазақ сән өнерінің үздігі оған жұмыс ұсынған. Бірақ өз брендін қалыптастыруды көздеген кейіпкеріміз бұл ұсыныстан бас тартыпты. Десе де, атақты Жадыра оған қашан да қолдау білдіруге дайын екенін айтқан.

Бүгінде облысымызда дизайнерлер қауымдастығы бар. Оған Әсем Сырымова, Меңдібек Нұрғалиев, Айгүл Туркина сынды шеберлермен қатар ісін жаңа бастаған жиырма шақты жас дизайнер кіреді. Жәмилә да қауымдастықтың белді мүшесі. Олар түрлі форумдар мен сән апталықтарын өткізеді. Өткен жылы Қадыр орталығында «EthnoAqjaiyq2019» атты форум өткізген. Қызығушылық танытқандар да көп болған. Алдарына үлкен мақсат қойған жергілікті дизайнерлер  болашақта қаламыздағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде өздерінің шағын дүкенін ашпақ. Қазірдің өзінде саттыққа шығарар бұйымдар жетерлік. Тек еліміздегі карантиндік жағдай кедергі болуда.

- Рухани жаңғыруды ұлттық құндылықтарымызды танытудан бастаған жөн. Халқымызды төл құндылықтарымыз арқылы әлем жұртшылығы кеңінен тани түсері анық, - дейді Жәмилә Серікқызы.

Осы күні қыздары да аналарының жолын қуып, ине-жіпке қызығушылық танытып жүр. Әзірге қуыршақтар мен түрлі ойыншықтарға киім тігетін қос қызғалдақ та болашақта дизайнер болып, анасының жолын жалғарына сенім бар. Сол себепті ұлттық нақыштағы киімдер тігіп, рухани жаңғыруға үлесімді қоссам деймін.

 Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале