«Өнерлінің қолы алтын» деген аталы сөз бар қазақта. Дегенмен, бірнеше өнерді бір бойына сыйғыза алған адамның қолы ғана емес, жаны да алтынға пара-пар болары ақиқат. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкеріміз де он саусағынан өнер тамған, жаны әсемдікке, сұлулыққа құмар ерекше жан. Сонымен, бүгінгі біздің кейіпкеріміз аудандық мәдениет үйінің костюмері Тілектес Ажғалиева.
Жерлесіміз 1967 жылы Шыңғырлау ауданына қарасты Шоқтыбай ауылында дүниеге келген. Жаңатұрмыс мектебінің 1982 жылғы түлегі.
«Біздің отбасы өнерге ерекше құрметпен қарайтын. Әкем Асан - Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Трактаристер бригадасының бригадирі болып қызмет атқарды. Анам Ханшайым сауыншылықта, кейін құрылыста қызмет атқарды. Мен үйдің кенжесімін. Алдымда үш ағам, екі әпкем бар. Сол кездегі отырыстардың сәні гитара болды ғой. Менен үлкен ағаларым үйде гитараны ұрғылап, ермек қылып отыратын. Мен оларға қарап қатты қызығамын. Қастарында тапжылмай отырып аккордттарын жаттап алатынмын. Екеуі сырттың шаруасына шығып, өзге іспен алаңдап кеткен кезде лезде гитараны қолыма алып, көрген аккордтарымды қайталап ойнай беретінмін. Кейін сол қызығушылығымның арқасында гитараны бір кісідей меңгеріп алдым. Қазақта кенже баланың бетін ешкім қақпайды ғой (күлді). Шешемнің іс тігетін шағындау ғана тігін машинасы болды. Қолы қалт еткенде сол мәшинесін әурелеп отыратын-ды. Шаруа істеген кісіге жағаласып жүру кенже баланың бұлжымас “кәсібі” ғой. Ағаларымнан босасам барып анамды әуре қыламын. Сөйтіп шешемнен іс тігуді үйреніп, үйдің шаруасына да араласа бастадым”,-деп бастады кейіпкеріміз әңгіменің әлқиссасын.
Қазақта “тегіне тартып туған екен” деген сөз бар. Әңгіме барысында білдік біздің кейіпкеріміздің тегі де тегін болмай шықты. Тілектестің атасы Хұсайын Ажғалиев өте сауатты, білімді кісі болған көрінеді. Ыбырайдың ізін жалғастырып, өз кезінде үлкен беделге ие абыройлы қазақ болған. Ол туралы кейіпкеріміздің өз аузынан тыңдаңыз.
«Рас, мен атамның атын ерекше мақтанышпен айтамын. Оның есімі қазақтың тіл ғылымы мен музыкасына зор үлес қосқан ғалымдарымыз, ағайынды Жұбановтармен тығыз байланысты. Ақтөбе облысында Жұбановтар мекен еткен ауылда жаңадан мектеп ашылғанда менің атам мұғалім болып қызметке орналасады. Жұбановтар әулетімен үш жылға жуық бірге тұрады. Әсіресе, Құдайберген Жұбановпен жақын достық қарым-қатынаста болған екен. Сол кезде әлі бала Ахметтің сауатын ашып, оқуға, жазуға баулыған. Одан бөлек түрлі музыкалық аспаптарда: домбыра, балалайка, скрипкада ойнауға үйретіп, музыкаға деген махаббатын оятқан да Хұсайын атам екен. Ол туралы атақты композитор өзінің күнделігінде де жазыпты. Кейін Құдайберген Жұбанов секілді менің де атам Хұсайын Ажғалиев “халық жауы” деген жазамен тұтқындалып, репресия құрбаны болған»,-дейді немересі өткен күндер тарихынан сыр шертіп.
Осындай өнерге үлкен құрметпен қарап, білім-ғылымның дамуына бір кісідей үлес қосқан бірегей тұлғаның ұрпағы тегін болмауы заңдылық. Тілектес те соның бір дәлелі десек, асылдық айтқанымыз емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, гитараны қаршадай кезінен үйреніп алған ол оқушы кезінде-ақ мектепішілік шараларда, ауылдық клубтарда өнерпаздармен бірге өнер көрсете бастайды. Сол кездегі қызықты оқиғаларды да еске алды кейіпкеріміз.
«Сегізінші сыныпта оқитынмын. Физика пәнінен беретін Абай Қалауұлы деген мұғаліміміз гитарада өте сауатты ойнайтын. Сол кісі бірнеше оқушыны әзірлеп, ауданға концертке алып келді. Қасымда менен жасы үлкен ер бала бар. Ауылда жаз болса балалардың шашын тақырлап алып тастайтын дәстүр бар еді ғой. Әлгі бала да сол дәстүрден қашып құтыла алмаған болуы керек, басынан тастамай кепка киіп жүрген. Бозбала ғой енді, көптің алдына шекесі жылтырап шығуға ұялған болуы керек сірә. Содан не керек, жүргізуші хабарлағасын гитарамызды арқалап, сахнаға шықтық та кеттік. Мен ритм-гитара ойнаймын, ол бас гитарада. Әбден әуенді ойнап кеткеніміз сол еді, шымылдықтың ар жағынан жетекшіміз ымдап, қайта-қайта басын ұстап, қолын жоғары-төмен бұлғап, бізге белгі бермесі бар ма. Басын ұстартқан, қасымызда бас киіммен тұрған әлгі балаға қарап, басыңдағыңды шеш деп мен де ымдап қоямын. Көрерменнің көзі бізде. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» күйін кешкен байғұс бала басындағысын бір шешіп, қысылғасын қайта киіп, одан қайта шешіп, ығыр болды. Әлсін-әлсін жылтыр шекесі көрініп, азар да безер болған балаға халық ду келіп күлсін. Содан не басыңды қатырайын, бір қызарып, бір бозарып гитарамызды ойнап шығып, ұстазымызға барсақ ол “бас гитараның дауысы қатты шығып тұр, соны бәсең ойна деген белгі бердім», - деееп қарап тұр. Міне, осындай да қызықтар болған”,-деп бір күлдіріп алды.
Бүгінде аудандық мәдениет үйінде жиырма жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Тілектес Асанқызы халықтық «Торатбасы» фольклорлық ансамблінің, «Арай" вокалды инструментальды аспаптар ансамбьлінің мүшесі. Гитарадан бөлек ямаха, домбыра, шертер, прима сынды аспаптарда да еркін ойнайды.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демей ме хакім Абай. Мен де өнерді бір кісідей құрметтеймін. Өзімше үлесімді де қосқым келеді. Қазір ептеп сөзге ән жазумен де шұғылданып жүрмін. Жерлес, ақынжанды азамат Қаршыға Елемесовтың бірнеше өлеңімен жұмыстанып жатырмын. Екеуміздің «Менің жұмақ мекенім» атты әніміздің аранжировкасын жасатып жатырмыз. Бұйырса, жарыққа шығып қалуы керек. Одан басқа Асылай Көпжанованың да сөзіне жазылған әндерім бар. Біздікі әуесқойлық қой. Дегенмен елдің аузында жүретін есті дүние шығара алсақ, еңбектің еш кетпегені деп есептеймін",- деп алдағы жаңалықтарымен де бөлісіп қойды кейіпкеріміз.
Жақсы адаммен сырлассаң жарты ғұмырға жетерлік жан азығын алуға болады. Гитара шерткен арудың жанды жылытқан әңгімесі ерекше әсер қалдырды.
Самат Байболат
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz