Дүниені дүрліктірген, жаһанды жайлаған тажал бейқам жатқан біздің табалдырығымызды аттағалы да айдан асты. Жасаған әрекетіңді місе тұтпайтын, бұл тажалдың мысықтабандап қай тұстан тарпа бас салатынын болжау өте қиын. Дегенмен осыған байланысты мемлекет қолдан келгенін жасап бағуда.
Бөрлі ауданында да шектеу шаралары қатаң бақылауда. 55 мыңнан астам тұрғыны бар Бөрлі ауданы халқын әлемде, оның ішінде елімізде таралған індеттен қорғау үшін бүгінгі таңда полиция және медицина қызметкерлері жұмыстарын күшейтілген тәртіпте жүргізіп жатыр.
Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүргендер – дәрігерлер мен полиция қызметкерлері.
Ел тыныштығымен, денсаулығын сақтауда қашанда аянып қалмайтын қызметкерлер өздеріне жүктелген аймақтарында қырағылық танытып-ақ тұр. Біз бірге болған блокбекет «Ақсай-Федоровка» (Орал-Ақсай) бағыты. Сол күнгі ауа райы да қолайсыздау еді. Желді жаңбырмен жағаласа ағылған көліктер де толастар емес. Бірі жұмыс бабымен, бірі жүк тасымалы т.б.
Полиция қызметкерлері ыждағаттылықпен бірі әр келген көліктің тиісті тәртіппен өтуін қадағаласа, енді бірі ондағы жолаушылардың рұқсатнама қағаздарын жіті қадағалап жатты. Байқағанымыз олар жүргізушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) немесе автокөлігінің мемлекеттік нөмірін қолдарындағы арнайы планшетке нақтырақ айтсақ,азаматтардың жұмыс орынынан берілетін анықтамаларын «Сергек» бірыңғай электронды деректер базасы арқылы тексереді. Сол екі нөмірдің бірі планшеттегі базадан табылса, онда ол автокөлік еш қиындықсыз қала аумағына кіріп-шыға алады. Ал жоқ болса, өкінішке орай кері қайтарылады. Осылайша біздер сырттай бақылай отырып арқаны кеңге салып, әңгімелесер уақыт болмаса да, орайын тауып сөзге тартқан болдық.
«Балаларым да есейіп қалғандай...»
Өзін Апб-нің полиция майоры деп таныстырған Тоғызбаев Мирболат шектеу режимі басталғалы 12 сағаттық ауысыммен бекет басында қызметте.
«Біз таңдап алған қызметтің бір айырмашылығы белгіленген уақыты жоқ. Себебі түнгі кезектегі жұмыс уақытыңда орын алған қылмысты «түнде көз ілмедім, шаршап тұрмын, сәті келгенде анықтармын» деп тастап кете алмайсың ғой. Күндіз жалғастырып, тиісті жазасын анықтағанша жүресің. Бұл салада қызмет атқарып келе жатқаныма 10 жылдан асты. Біз «шаршадық не болмаса қиналып кеттік» демейміз. Олай айтуға қақымыз да жоқ. Себебі өзіміз таңдап, «Қазақстан Республикасына адал қызмет етеміз» деп ант қабылдадық.
Біздің міндетіміз – халыққа қызмет ету, олардың қауіпсіздігін күзету. Күніне неше түрлі мінезді адаммен бетпе-бет келеміз. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Мына аты жаман індет басталғалы жасыратыны жоқ, бұрынғыдан бетер ренішпен қарайтындары да кездеседі. Тіпті бекеттен өту үшін құжаттары дұрыс болмаған азаматтар «ешқандай вирус жоқ» деп өзінше топшылаған «ақиқатын» айтып бізбен теке-тіресіп жатады. Барынша өз міндетімізбен түсіндіріп бағамыз. Мұның бәрі сол халықтың амандығы үшін екендігін, қозғалысты шектемесек ауру тыйылмайтын түсінсе, біздің жұмысымызға да үлкен көмек болар еді.
Мамыражай тірлік бізге де жақсы. Мен де отбасымның қасында көбірек болғым келеді. Жалғыз мен емес, әріптестерімнің де қалауы сол. Қазір шынымен балаларыммен бетпе-бет сөйлеспегелі біраз болды. Кезекті тапсырып түн ауа үйге барғанда балаларым ұйықтап қалады. Таңмен тұрып тағы жұмысқа жиналғанда олар нағыз тәтті ұйқының құшағында жатады. Маңдайларынан сүйесің де, кезекті қызметіңе кете барасың. Тіпті балаларым осы уақыт аралығында біразға есейіп қалғандай ма деймін?! Сосын олар да менің келіп кеткенімді өздері көрмеген соң, «папа қашан келесің, «отбасыммен бірге үйдемін» деген эстафетаны жалғау керек еді. Мен сізбен бірге жаттығатынымды сыныптастарыма көрсеткім келеді.Бірақ, біз оны біраз уақыт болды жасамадық қой?» деп қоңырау шалғанда бәрін тастап балаларымның жанына барғың келеді. Бірақ... Тіпті ауылдағы ата-анам да түн жарымда көз ілмей, үйге келді деген мезеттерде «балам, амансың ба?» деп қоңырау шалып жатады. Олар да түрлі нәрселерді естіп, біліп отырғасын жандарын шүберекке түйіп, уайымдайды»,- дейді полиция майоры.
«Қолдарыңнан не келеді» деп тілдейтіндер де бар
Құжаттарын полиция талапқа сай деп анықтаған жолаушылардың дене қызуын әрі қарай арнайы құрылғы арқылы өлшеп, тексеретін медицина қызметкерлері.
Қаламқас Бектасова осы карантиндік режим басталғалы блокбекетте қызмет етіп келеді. «Міндетіміз халыққа қызмет ету болған соң, қолдан келгенше аянбаймыз. Мен 1989 жылдан бері осы дәрігер мамандығы бойынша қызмет атқарып келемін. Әр жұмыстың өз қиындығы болатыны секілді біздің қызметтің де өз ауыртпашылығы, оған қоса жауапкершілігі бар. Жауапкершілік ол - біздің адам өміріне араша болар тұста ешқашан жаңылыспауымызда. Қызмет барысында ауысымдар, түнгі кезекшілік немесе шақыртулар болады. Ол бізге бейтаныс жағдай емес. Ал қазіргі жағдайдағы қызметіміз мүлдем бөлек. Неге десеңіз, бұрын белгілі диагнозын анықтап сол бойынша жұмыстансақ, дәл қазір аймаққа кіріп-шыққан кез келген адамды тексеріп, қадағалап тұрмыз. Жалпы еліміз қазір мүлдем басқа болмыста өмір сүре бастады. Таңертең әрбіріміз смартфонымызды ашып, індет жұқтырғандардың санын білеміз. «Баяулады» деген хабарды естігіміз келеді. Алайда...
Бес саусақ бірдей болмайтыны секілді әртүрлі адамды қабылдайсың. Менмін деген мемлекеттің өздері осы індеттің кесірінен шарасыздық танытып жатқандығын біле тұра «сендердің қолдарыңнан не келеді» деп тілдейтіндері де бар. Біздің міндет салғыласу емес, түсіндіріп, тиісті шараларды жасау. Қалаға басқа аудандардан, ауылдардан келіп-кететін жолаушылардың дене қызуын өлшеп, аты-жөнін, мекенжайын, толық ақпаратын арнайы журналымызға жазып отырамыз. Өңірімізде бұл індетті жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп келеді. Алаңдаймыз. Барынша мұқияттылық танытып жатырмыз. Науқас тіркелген басқа қалалардағы әріптестерімізді білесіздер, олардың арасында осы қатаң режим басталғалы үйлеріне бармағандары бар. Ойлап қараңыз, қандай қиын.
Біз қазір 12 сағаттан соң кезек алмастырамыз. Түн жарымда үйге барып, әйел адам болған соң үй шаруасын жасап, ертең өзің үйде болмайтын болғаннан кейін отбасыңа арнап тамақ әзірлеп т.б үлгергің келеді. Мен енді балаларым ержеткен анамын. Ал үйінде мектеп жасындағы балалары бар, ата-енемен тұратын әріптестеріміздің «жұмыстан келдім, шаршадым» дей алмай, келіндік қызметін жалғастырып жүретіндерін білеміз. Мұның бәрін міндетсініп айтып отырғанымыз жоқ. Дегенмен осы жамандықтың ауылын алыстатуда қызмет етіп тұрған дәрігерлер болсын, құқық қорғаушылар болсын бәріміз ет пен сүйектен жаралған бір кемедегі жандармыз. Сондықтан біздің әр адамнан сұрайтынымыз біздің жұмысымызды түсініп, өзіне, жақынына, елге жаны ашыса, бейсауыт жүрмей, тазалық сақтап үйде отырса дейміз»,- дейді көздерінен шаршаңқылық белгісі айқын көрінген мейірбикелер.
Түйін. Иә, қарқыны күшті індет ортақ міндеттер жүктейді. Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің алып шаһарларының өзі қаңырап бос қалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда дүние демін ішіне тартып тұр.
Індеттің сондай күштілігін қанша ескертсе де әлі де жағасы жайлауда жүргендер бар. Індеттен келер кесапатты әлі ұғынар емес. Сонда да болса дәрігерлер мен құқық қорғаушылар өз міндеттерін қалтқысыз атқара бермек. Дәрігер сіз қаламасаңыз да денсаулығыңызды тексереді, ал полиция тыңдамайтынды заңмен тыяды. Мұның бәрі, әрине, індетпен күресте шығынсыз шығу үшін…
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz