5.05.2020, 9:37
Оқылды: 49

Мүгедек балаларға вертикализатор сыйлады

Кеше облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қаладағы сал ауруына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі 22 балаға вертикализатор тарту етті.

37410F88-5863-4ED2-8F56-4E7F8F34E7BB

Өкінішке орай, елімізде сал ауруына шалдыққан балалардың саны жыл сайын артуда. Ал олардың күнделікті күтіміне қажет дене қимыл-қозғалысы мен түрлі емдік жаттығуларын жасауға көмектесетін вертикализатор тым қымбат тұрады.

C582AA15-D2AB-4064-8CEA-459250F2AF6A

Біржан Қожақов бастаған «Демеу» қоғамдық бірлестігі отбасында сал ауруына шалдыққан көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, арнайы құрылғыны жасауды бастап кеткен.

81713831-1B22-4E0D-9AAF-730BDCC948F6

Бұл акцияға алғашқылардың бірі болып БҚО полиция департаментінің қызметкерлері өз үлестерін қосуда. Кеше біріккен жоба аясында сал ауруына шалдыққан баласы бар 22 отбасыға тегін вертикализатор табысталды.

– Жақында Біржан Қожақов сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсету үшін қайырымдылық жобасын қолға алғандығын айтып, мәселенің мән-жайымен таныстырған болатын. Полиция департаментінің қызметкерлері бұл бастамаға бірден қолдау танытып, бір күндік жалақыларын аударды. Біз бұндай игі бастаманы әлі де жалғастырып, балаларды тағы да қуантатын боламыз, – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

6A0D7A03-809B-40AE-A567-C59C0CF93658

Соңғы бес жылдан бері сал ауруына шалдыққан балаларға қуаныш сыйлап жүрген Біржан Қожақов осы кезге дейін 250 баланы қуантып үлгерген. Ал шетелден әкелінетін бір вертикализатордың бағасы құрылымына қарай 250 мың теңгеден 1 млн. 200 мың теңгеге дейін бағаланады.

– Бұл жоба қаңтар айында басталды. Балаларына бұл аппаратты сатып алуға көптеген ата-ананың мүмкіндігі жоқ. Өйткені бұл құрылғылар Қазақстанда өндірілмейтін болғандықтан, тым қымбат. Мен бес жылдан бері осы құрылғының баламасын жасаумен айналысып келемін. Бұл қайырымдылық акциясының мақсаты – жомарт жандардың демеушілігімен мұқтаж жандарға көмек беру. Бұл ұсынысымды облыс әкімі Ғали Есқалиевпен бірге БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблязимов те бірден қолдайтындықтарын жеткізді. Жақында Жаңақала ауданына барған іссапарында облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы сал ауруына шалдыққан баласы бар бірнеше отбасыға вертикализаторды сыйлап қайтқан болатын. Бұдан кейін маған қолдау білдірген барлық полиция қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Қазіргі таңда вертикализаторды қажет ететін 217 бала кезекте тұр. Енді жомарт жандардың арқасында жиналған 26 млн. теңге қаражатқа 217 құрылғы жасауды жоспарлаудамыз, – дейді қашанда қайырымды істердің басында жүретін «Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов.

Ләззат Шағатай

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале