Шыңғырлау ауданының мал өсірумен айналысушы шаруашылық құрылымдары биылғы қыстан қысылмай шықты. Қыстақтан жайылымға шыққан төрт түліктері қоңды.
Себебі биылғы қыс айлары жылы, жаздай жиған малдың азығы мол болды. Міне, бүгінде көптеген шаруашылықтардың аулалары жас төлмен толығып, шаруа баққан жандардың көңілдері көтеріңкі.
Солардың бірі - «Үлгілі» шаруа қожалығы. Жетекшісі Қолғанат Ирғалиев жеке шаруашылығын құрғанына көп болмаса да бұл саланың қыр-сырына қанық, жұмысы да өнікті. Оның үстіне жері құнарлы, жазда шөбі шүйгін, мал өсіруге қолайлы жерді алғанына дән риза. Ірі қара малының барлық ветеринарлық шараларын жасап, бақташысын да сайлап, еңбегінің жемісін көруде. Малшысы Валерий Чистовский жас төлге жақсы қарап, күтімін жасап келеді. «Бүгінгі таңда 40 бұзау дала төсінде жайылымға шықты, әлі де бұзаулайтын сиырларымыз бар»,- дейді шаруасына мығым малшы.
Егістікте жұмыс қауырт
Көктем шығысымен науқанға кіріскен шаруа жандардың бүгінде жұмыстары өте қауырт. Техникаларын сайлап, тұқымдық дәнін алып, дала төсінде еңбектенген «Мезинов», «Похилько», «Жасұлан» шаруа қожалықтары жаздық бидай себуде. «Мезинов» шаруа қожалығы - 200 гектарға, «Сапашев» шаруа қожалығы - 430, «Жіңішке» өндіріс кооперативі-200, «Жақып» шаруа қожалығы - 300, «Жарас» шаруа қожалығы-1375, «Намиев» шаруа қожалығы - 50 гектар жерге мақсары дәнін септі. Ал «Каменный» шаруа қожалығы-375 гектарға, «Қадиша» шаруа қожалығы 210 гектарға көпжылдық шөп егіп, науқанды аяқтай келді.
Айта кеткен жөн, мақсары себу 2000 гектар жерге жоспарланған болса, ол бүгінде артығымен, 2555 гектар жерге егілді. Көп жылдық шөптің жоспары да орындалуға таяу. Ауданымызда картоп 75 гектарға, көкөніс дақылдары 45 гектарға, ал бақша дақылдары 80 гектар жерге отырғызылады деп жоспарлануда.
Айсұлу Мұса
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz