13.05.2020, 14:45
Оқылды: 66

Адасқан ана

Ол соңғы кездері үнемі жабырқаулы күйде. Қашан көрсем де ауыр ой мысын басып тастағандай көрінетін. Өрімдей жап-жас қызға тең құрбыларындай жайнап, жадырап жүрген жарасар еді. Ал Сәуле  үшін ондай көңіл күйдің ауылы алыста. Жұдырықтай жүрегімен ішкілікке салынып кеткен анасын түпсіз терең шыңыраудан алып шығудың жолын іздеп әрі-сәрі күйде.

C194A1BE-DDC0-4BEF-AEE5-1ABB7DE88EBD

Қанша тыраштанғанымен, қаршадай қыздың қолынан келер не қайран бар? Осындай ой-орманда адасып, Сәуле сабақтан келеді. Үйдің қақпасына жете бергенде, күндегіше таныс ащы айқай құлағына келді. Жігері онсыз да құм болған қыздан әбден маза қашты. Бүгін де анасының ащы судан ұрттап алғанын сезді. Кішкене жүрегі дір етіп, тұла бойы түршікті. Аяғына біреу зіл-батпан тас байлап қойғандай, әрең көтеріп, зорлана басып, ішке енді.

Анасы Жамал әдетінше бір шишасын құшақтап, айқайлап, ұрыс шығарып жатыр. Анасының күндегі тірлігі осы. Таңертең қос қызы Сәуле мен Айман сабаққа кетерде аузы-мұрнынан арақтың иісі мүңкіп, ұйықтап жатады. Қыздары өздері шайларын ішіп, бірі-бірінің шаштарын өріп, «мама, біз кетіп барамыз» деп аналарын жұлқылап оятады. Жамал ыңылдап, басын көтергендей болып, қайтадан сылқ құлап жата береді. Екеуі үйге қайтып келе жатқанда іштей сәбилік жүректерімен аналарының жарқырап, сау күйде қарсы алғанын тілейді. Келгенде көретіндері – тағы  да анасы өлесі мас. Үйдің іші астан-кестен. Қайткенмен де бала ғой, ішкіш анасынан қорқып, үрейленеді. Осындай ит өмірмен алысып келетініне екі жылдың жүзі болыпты. Сонда да аналарын қос қызғалдақ жаманатқа қимайды. Ішімдік атауын ұмытып, түзелетін күннен үміттерін үзбейді. Ата-анасы тату, бақытты отбасыларға қарап қызығады.

Сәуленің анасын біреу сиқырлап, дуалап қойғандай көреді. Күндердің күнінде сиқырдың күші жойылып, бәрі жақсы болады деп ойлайды.

Өзімен тетелес сіңлісі Айман екеуі екі-үш жыл бұрынғы бақытты шақтарын аңсайды. Шіркін, ол кезде анасы ащы суды дегенді білмейді, жұмыста, айрандай ұйыған тату отбасы еді. Ешқандай уайым жоқ. Рақат өмір-тұғын.  Қазір ше? Жаман суға үйір болған адамда қайбір береке, бірлік болсын, қайдан жұмыс жасап жарытсын? Екі қыздың әке-шешесі жұмыссыз. Ананың күтімін көрмегендіктен, жағдайлары жан аяйтындай. Оқу құралдары да жетіспей, сынып жетекшісі өз қалтасынан талай мәрте дәптер-қалам әперді. Мектеп болып, бір қап астық та әперді.

Сәуле ата-анасының әрекеттері үшін қатты намыстанады. Айналасындағы адамдар сіңлісі екеуін сырттай келемеж етіп күлетін шығар-ау. Бойжетіп қалған қыздың анасына сырласып айтар әңгімелері де көп. Үнемі қалың ойларға шырмалып жүретін қыз тұйықталып барады.

– Мама, маматай, бүгін ішпеші! Біз сені жақсы көреміз! Біз үшін ішпей-ақ қойшы! – деді бір күні таңертең ұйқыдан шала мас боп оянған анасын құшақтап, еңкілдей жылап.

Қызы көз жасын көлдеткенде сәл де болса, Жамалдың жүрегі шымыр еткендей болды. Ішпегісі келеді-ақ. Бірақ ішінде бір әбжылан «ақаңды әкел» дейді де тұрады. Ол әбжыланды жеңетін Жамалдың қауқары жоқ. Қанша күннен бері тарамаған шашы киізденіп, ұйпа-тұйпасы шығып, жүзі қошқыл тартқан күйі қарсы тұрған айнаға қарады.

«Бұрын қандай ана едім? Қазір қандаймын? Қос қызғалдағымның қамын ойлап, қуанышын қызықтауды ұмыттым ғой. Әй, болмайды-ау. Басым құрғыр тағы да сынып барады. Әбден бойын дендеп алған ащы суды ұрттамай тұра алмаймын».

Жамал мамандығы бойынша жұмыс та жасап, араққұмарлықтан арылып көруге бекініп көрген. Қанша тырысқанымен «ескі досымен» қайта қауышты. Үйреншікті әніне қайта басты. Ішкілікке тағы да салынды. Жұмыстан  да шығып қалды. Қазіргі тірлігі – осы.

Ал күйеуі ше? Күйеуі момын, жайлы жігіт-тұғын. Ақшасы аса көп болмаса да шай-суға жететін табысы бар жұмысы да болды. Қандай сайтан азғырғанын кім білсін, басқа бір әйелмен көңіл қосып, соның кесірінен отбасының шырқы бұзылды. Айрандай ұйыған шаңырақ ортасына түсті. Кетті күйеуі Жамалды тастап. Содан кейін Жамалдың көрген күні күн болмады. Жан дүниесі қураған ағаштай жалаңаштанды. Ашу-ыза бойына үріп қойған ауадай жиналды. Жан жарасын ішімдікпен жазды. Басына түскен қиындық ішкенде ұмытылып, күнде ащы суды ұрттамаса болмайтын болды.

Күйеуі албасты басып алжасқанын, отбасыдан артық жылы ұяның жоқ екенін түйсініп, қайтып оралды. Жамал бірақ ішуін доғармады. Әйел бұзылса, еркекке бәрібір екен. Күйеуі Жамалдың ізінен ерді.  Сөйтіп, ерлі-зайыпты екеуі отбасының бақытын араққа айырбастады.

***

Күндер өте Жамалды аналық құқығынан айыру жөнінде  сот отырысы болды. Оның мәселесі сотта ұзақ қаралды. Сәулесі мен Айманынан айырылғысы келмейді-ақ. Бірақ олардан гөрі қу арақ тәттірек пе? Таразының екі жағында қыздары мен ішімдік тұр. Бір жағы басары анық.

Бұл кезде Сәуле сабақта еді. Сабақта дегені аты болмаса, бар ойы анасында болды. «Егер, анамнан айырып, басқа тәрбиеге берсе біздің күніміз не болмақ? Бөтен жерге барғым келмейді. Анам мен әкемнің қасында қалғым келеді. Мен оның тұла бойы тұңғышымын ғой. Ақ сүтін емдім.  Тілім шүлдірлеп шыққандағы алғашқы сөзім «мама» екенін анам айтқан. Еркелеткені, құшағына басып сүйгені ертегі болып қала бере ме? Жаныма анамнан артық кім бар? Анашым, біз сені жақсы көреміз, жәннатым. Бізді басқа адамдарға қалай қиып бересің? Сен сыйлаған өмірді сенсіз қалай сүреміз?!» Көз жасы мөлтілдеп, отырған Сәуле шыдай алмай, сұранып шығып кетті. Оңашада еңкілдеп жылай берді.  

Сот отырысы бітіп, Жамалды арнайы комиссия бақылауға алатын болды. Аналық құқығынан айырмай, бір жолға мүмкіндік берді. Белгіленген мерзімге дейін ішпей, қыздарына, отбасына дұрыс көңіл бөлсе, бәлкім, бақытсыз Жамалымыз, шаңырақ шаттыққа бөленер ме еді? Бәрі ары қарай тек Жамалдың қолында...

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале