Қазақтың тұрмыс-салты төрт түлік малмен тығыз байланысты. Әсіресе ықылымда көшпенді өмір сүрген халықтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы мал санымен өлшенетін. Жаз - жайлауда, қыс - қыстауда мал басын аман сақтап қалған жұрттың еңсесі - биік, мақсаты айқын еді. Себебі «Малым – жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен халықпыз.
«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Адам баласы кез келген кәсіпке барын салса, нәтижесі де көңілге қонады. Әсіресе мехнаты көп атакәсіп - мал шаруашылығын дамыту әуелі тәуекелді қажет етсе, екіншіден тынымсыз еңбекті талап етеді. Үш жүзге төрелік айтқан Қаз дауысты Қазыбек биден де «Біз қазақ мал баққан елміз...» деп басталатын толғау қалған жоқ па? Ал бүгінде ауыл десе ат тонын ала қашатындардың, қыр десе қырын қарайтындардың, мал бағуды қор санайтындардың қарасы көбейгені қынжылтады. «Малшы-шопан жетіспейді» деген түйткіл айтылып та, жазылып та жүрген мәселе. Алайда арамызда қызыл-жасыл дүние көзді арбаған, технология дамыған заманда мал бағып, елдімекенді паналап, ерен еңбек етіп жүрген жандар да жоқ емес. Өзім қыр баласы болғасын да олардың машақаты көп, бейнеті зор, тауқыметі мол тағдырларына куәмін. Біз көбіне жанымыздағы адамдардың еңбегін елеп-ескермей жатамыз ғой. Олардың жан сырына үңілмейтін де кезіміз болады. Айтпағым, қырдағы көрші отбасы хақында. Жалпы, біз тұратын Көпжасар ауылына қарасты Өгізқұдық елдімекенінде екі үй ғана бар. Біреуі біздің әулеттікі болса, біреуі Серік Шаңгереев деген азаматқа тиесілі. Ал сол С.Шаңгеревтің шаруа қожалығында бүгінгі таңда Сағынғали Қуанышқалиев есімді азамат жұбайымен бірге қызмет етіп жатыр. Сағынғали ағамыз қырға көмекші болып 2017 жылы келген болатын. Сырттай қараған адамға бұйығы, тұйық көрінгенмен көңіл қылын шертсеңіз көкірегі сайрап тұр. Газет-журнал оқитыны, саясаттан да кет әрі емес екендігі сезіледі. Жапан далада жүрсе де жан сарайы бай ағамыздың сөз саптауы сүбелі, айтар ойы мығым. Ол ә дегеннен-ақ өткен өмірі, жастық шағы туралы айтып берді.
- 1963 жылы Фурманов ауданының Жұлдыз ауылы Төртпішен елді мекенінде дүниеге келдім. Жалпақталдағы кәсіптік училищені аяқтап, ел қатарлы еңбекке араластым. Орал қаласында түрлі салада жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын оқитын жағдай болмады. Шешеміз жас күнімде бақилық болды. Әкеміз істі болып, абақтыға жабылды. Бала күнімнен қиындықты көп көрдім. Маған дегенде тағдырдың жолы жеңіл болмады. Сөйтіп жүргенде Казталов ауданының тумасы, Қыдыр Харесов деген азаматпен («Жастық үні» газетінің редакторы болған, журналист) танысып, там-тұм штаттан тыс тілші ретінде мақала, өлеңдерімді жазып жүрдім, - деген кейіпкеріміз тебіреніп тұрып қызына арнаған өлеңін оқып берді. Осындайда «таланттар тасада жүр» деген сөз еріксіз есіңе түседі екен. «Қырдағы хал-жағдайыңыз қалай? Жалақы жеткілікті ме? Уақытылы төлене ме?» деген бірқатар сауал-сұрақтарыма бірден жауап қатты.
- Ешкім еріккеннен мал бақпайды. Еркек болғасын қайткенде де еңбек етіп, отбасын асырауымыз қажет. Шүкір. Мұнда бәрі жақсы. Тұратын қолайлы баспана бар. Онда электр жарығы келіп тұр. Күн көзінен қуат алатын баламалы электр жарығы да бар. Электр жарығы болмаған кезде соны қосамыз. Теледидар көрсетеді. Ұялы телефонымыз арқылы әлеуметтік желілерден соңғы ақпараттарды қарап отырамыз. Обалы не керек, жалақамызды да келісілген уақытында береді. Жалақыға қоса кейде сыйақы да беріп жатады. Қазіргі таңда шаруа қожалығында сиыр мен жылқы малы ғана бар. Соларды суарып, күнделікті жем-шөбін беріп, түгендеп отырамын. Әкеміз малшы болғасын, шаруаның қыр-сырын жастай үйреніп өстік қой. Одан қор болған жоқпыз, еңбекпен шыңдалып, зейнетін көріп, осы малдың бағымымен нәпақамызды тауып отырмыз,-дейді ол. «Бір елдің патшасы болғаннан, еңбекқор, іскер, ибалы бір әйелдің күйеуі болған мәртебелі» демекші, Сағынғали ағамыздың өмірлік жұбайы Толғанай Нұрманова да көпті көрген, он саусағынан өнер тамған, алғыр жан. Себебі үйге кіріп, төргі бөлмеге озсаңыз, құлпырып, бүршік жарып, жайқалып өсіп тұрған сан түрлі гүлдерді көзіңіз шалады. Малдың бейнеті жетіп артылса да, үйге келіп тұрған су болмаса да, гүл өсіріп отырған кейіпкеріміздің талғамына таңғалмасқа амалың жоқ. Гүл өсіруге де оңай емес. Оған да ұқыптылық, ыждағаттылық қажет. Аудан орталығында тұрып, барлық жағдайы болса да бір тал егіп, бір гүл өсіре алмай жүргендер де қаншама?!
Толғанайдың тал бойындағы тағы бір қасиеті – тоқыма тоқу. Ол тоқымадан жылы жемпір, шұлық, қолғап, тағы да басқа киімдерді тоқи алады. Оның тоқыған дүниелеріне ауыл тұрғындары қызығушылық білдіріп, ұнаған-қалағандарын сатып алады екен.
- Ата кәсіптің бұл түрінің жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартатынына өз басым көзім жеткен. Себебі тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс болғандықтан, артық ойдан арылып, көңілің ауады. Тоқудың тәсілдерін ойлап, оның ішіне қалай еніп кеткеніңді де байқамай қаласың. Жан-жағыңды ұмытасың. Бар назарың соған ауып, жаның тынышталады. Бір жағынан, осындай сүйіспеншіліктен туған дүниең көпшіліктің көңілінен шығып жатса, ол да керемет емес пе? Ұнағаны болса, сатып алып, кейіннен тағы тапсырыс беріп жататындары да бар. Сан-саққа жүгірген түбі жоқ оймен таңды-таңға ұрып, бекерге уақыт өткізгенше осындай пайдасы мол дүниемен айналысып, тірлік қамын жасаған мың есе артық,- дейді Толғанай апамыз бізбен әңгімесінде. Оның айтуынша, тоқыма тоқуға айтарлықтай шеберліктің, қанмен келер ісмерлік қабілеттің де қажеті шамалы. Тек адамда үйренуге деген ынта мен төзімділік, шыдамдылық қасиет болса жетіп жатыр. Себебі біздің кейіпкеріміз де өз бетінше іс тігіп, текті өнерден қуат алып, кәсібін өрге домалатып отырған талапты жанның бірі.
Қала мен ауданнан шалғайда болса да көңілдері құлазымай, күн еңкейгенше еңбек етіп, сол еңбектен ләззат алып отырған ерлі-зайыптының бірлігіне, тынымсыз тірлігіне еріксіз риза боласың. Сағынғали ағамыз бен Толғанай апамыздың осынау жарасымды жұбайлық өмірі қырдан қашып жүргендерге, ауданнан әрі асып жүргендерге, екі қолға бір күрек таба алмай сенделгендерге, алаяқтықпен айналысып, өңменіне оңай олжаны өңгергендерге үлгі болары кәміл.
Қырда да құт бар, ырыс бар, несібе бар. Тек желкедегі жалқаулықты жойып, табан етіңді жыртып, маңдай теріңді сүртіп еңбек етсек ғана бақыт басын иеді.
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz