18.05.2020, 15:06
Оқылды: 138

Қол жуғаннан не пайда, телефоның лас болса? 

Елде болып жатқан жағдайға байланысты ел-жұрттың бәрі тазалыққа аса мән беріп, жеке бас гигиенасын сақтауды одан әрі күшейткені мәлім. Жеке гигиена қамын күйттеудей-ақ күйттегенмен, ұсақ-түйек көрінетін, өмірімізде «жан серігімізге» айналған ұялы телефонды дұрыс зарарсыздандырып жүрміз бе деген ой келеді. Олай дейтініміз, күніне бірнеше мәрте қолымызды сабындап жуғанмен, ол нәтижесіз екеніне мән бермейміз. 

6AEF8FE1-0E3F-4C27-ABA8-118475FF75F2

Кез келген дүниені ұстап, қолымызға түрлі микробтар жұққанымен «сабындап кетіре саламын ғой» деген стереотип миымызда қалыптасып қалған.

Әжетхана - қоңырау бекеті мен кітапхана

Жақсы, кез келген микробтарды сабынмен кетіре салдық дейік, бірақ таңертең оразамызды ашпасақ та, көзімізді ашқаннан бетін сипап, ол аз десеңіз таңнан кешке дейін әжетханаға барғанда қалтасына қонжиған телефонды әжетханаға кіріп алып, қоңыраулар бекеті, кітапханаға айналдырып алып жүргендер жетерлік.

Үлкендердің бұл тыйымының өзі бекер емес. Осы сөзіміздің айғағы ретінде діни тұрғыда да өзіндік ойын сұрап, ауданымыздың әйелдер жамағаты бойынша теологы Әсел Әбдубәлидің пікірін білдік.

Әсел ханымның айтуынша, ислам дінінде әдептерді зерттейтін үлкен ғылым бар. Оны «ахлақ» дейді. Мұның ішіне мінез-құлық, әдептер кіреді. Әдептің үлкен-кішісі болмайтыны анық. Соның ішінде әжетханаға кіру әдебіне Пайғамбарымыз (с.а.у) өте қатты көңіл бөлген. Қазіргі таңда үлкендер де, кішілер де көп мән бермейтін әдеттердің бірі, тамақ ішкеннен кейін әжетханаға бармас бұрын қолды шаю. Бұл Пайғамбарымыздың сүннеті. Сосын кірген кезде арнайы дұғасын айту, «Еркек және ұрғашы жындардан саған ғана сыйынамын» деген дұғасы бар. Одан бөлек, әжетханаға кірерде бас киімсіз кірмеу, кіргеннен кейін сөйлемеу, Құран аяттарын оқымау және тыңдамау, себепсіз ұзақ отырмау, тазаланып шығу (истинжа алу).

Ал әжетханада телефонмен отыру сананың тарылуына, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Шариғат тұрғысынан күнә алмасақ, сауап алмасымыз хақ!

Антисептикке шариғатта рұқсат етілген

Бұрын үлкендеріміз «әжетханада сөйлеме, бас киімсіз кірме» деуші еді ғой. Ал енді лас жерде телефонмен сөйлескен өз алдына, шыққаннан кейін қолымызды ғана жуып, өзімізді тазалық феномені сезініп жүргенде телефонда қалған ұсақ микробтардың қолымызға қайта жұғатынын байқамаймыз да.

Расымен, жоғарыда Әсел ханым айтып кеткендей, сәл ғана ұқыпсыздықтың арты сан соқтырар ауруға душар етпесе игі. Көзге көрінбейтін ұсақ талшықтардың өзі ауру тасығыш болары сөзсіз.

«Үйде отырыңыз, тазалық сақтаңыз!» дегеннің өзіне аса мән бермей, үйде отырып та тазалық сақтап жарытпай, артық білім аламын деп әжетханаға кіріп ғұлама болып, телефонның өзін «жақсы мақсатта пайдаланып жүрмін» деп жаңылысып, тазаладым деген қолыңызбен таза ауру қылатын микробтар жабысқан ұялы телефонды қолданар алдында ең кемі антисептикпен зарарсыздандырып алған абзал болар.

Антисептик демекші, тәж-тажалдан сақтануда қол жуу жеткіліксіз болса, антисептикалық сұйықтықтарды қолдануға болады. Алайда антисептиктің құрамында спирт болуы мұсылман қауымы арасында сұрақ тудыруы мүмкін. Бұл сұраққа «ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі» былай деп жауап береді: Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша жүзім мен құрмадан басқа өнімдерден жасалған спиртті антисептик мақсатында қолдануға рұқсат етіледі.  

Қол жуамыз, телефонды қайтпекпіз?! 

Бетімізді маскамен тұмшалап, қолымызды қолғаппен қымтап қоюдамыз, бірақ сол қымтаған қолмен кейін «Қолымызды жусақ, індет болмайды» деп ойлаймыз. Бірақ сол індеттің нағыз таратушысы телефондар екенін байқамаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, тәжвирус ауада -3 сағат, мыс затта -4 сағат, картон қағазда - 24 сағат, пластик пен шыны бетінде 72 сағат тұрады екен. Біз күніге телефонның бетін мың рет сипаймыз. Карантиндік жағдайда көп көңіл бөлетініміз де осы құрылғы болып тұр. Антисептикалық сұйықтық, түрлі сабындарды қолданамыз қол жууға. Ал қолымыздан түспейтін құрылғыға микробтар тас кенеше жабысып, құртып жатырғаны ше?Бағасы да арзан емес телефонымызға залал келтірмей, қалай тазаласақ болады? Осы сауал көптің көкейінде жүр. 

Ең алдымен, рұқсат етілмегенінен бастайық. Смартфонның экраны «олефобты қабықпен» қапталған. Бұл жұқа саусақ ізі мен ылғалдан қорғау үшін жасалған.

Дезинфекциялайтын сұйықтық пен майлықтың кейбір түрлері экранды бүлдіреді. Оларды қолданбаңыз! 

Сонда нені қолдану керек дейтін шығарсыз. Apple мен Samsung өнімдері, 70% изопропил спирті бар майлықпен сүртуге кеңес береді. Спирт тез құрғап қалады әрі телефон бетіндегі зиянды микробтарды оп-оңай жұлып алады.

Егер, мұндай спиртті сүрткіні таба алмасаңыз, үй жағдайында жұмсақ әрі түксіз матамен сүртіп шықсаңыз жеткілікті.

Майлық та, мата да жаныңызда болмаса, не істеу керек?

Оның шешімі - сабынды су. Телефоныңыз соңғы үлгідегі суға төтеп бере алатын болса да, тәуекелге барып оны суға салмағаныңыз абзал.

Ең дұрысы матаның яки қағаз сүлгінің шетіне көбіктенетін сабынды жағыңыз. Онымен телефонды сүртіп, үстінен дымқыл матамен не қағаз сүлгімен қайта сүртіңіз. Сабыны кеткен соң телефонды құрғатыңыз (табиғи жолмен). Осыны жасасаңыз болды. Телефонимикробтардан тазарды десек болады.

Смартфонды күніне қаншалықты қолданарыңызға байланысты соншалықты жиі тазалап тұрған жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолды да кемінде 20 секунд көлемінде жууға кеңес береді.

Дәл қазіргі уақытта «Тазалық - жанның саулығы» екенін естен шығармауымыз керек. Өз жеке басының тазалығын күйттей білген адам қоғамның да қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

Мұсылман үшін қасиетті ай Рамазан қарсаңында тәртіпке бойұсынып, сабыр сақтап, індетке үйде отырып, тазалық сақтап төтеп беріп, ерекше ықыласпен дұға етейік! Оразаларыңыз қабыл болғай!

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале