19.05.2020, 9:32
Оқылды: 36

Интернет-дүкен: технологияның қадамы ма, алаяқтардың амалы ма?

Қазіргі техника қарыштап дамыған заманда барлық нәрсенің қолжетімді болғанына бойымыз үйреніп бара жатқандай. Күнделікті қолданыстағы тұрмысқа қажеттіліктер, киім-кешек, тіптен тамаққа онлайн түрде тапсырыс беруді әдетке айналдырдық. Бірақ сол онлайн-дүкендердің «сапасы қаншалықты сын көтереді, экранның арғы жағында құлқынын ақша тескен алаяқтар отырған жоқ па?» деген сауалдар көкейімізге кіріп-шықпайтынын жасырмау керек.

8B5A53EA-08BD-459D-8496-BA0F04E2E13A

Елімізге коронавирус келіп, төтенше жағдай белгіленген сәттен бастап, нарық атаулы желімен жұмысқа жаппай көшті. Сауда орындарындағы дүңгіршектер «вконтакте», «instagram» т.б әлеуметтік желілер арқылы бизнесін өркендетіп отырғаны тағы бар.

Әлеуметтік желі демекші, осы желілерде жылт еткен жарнаманың ұсыныстары да жаман емес сырт көзге. Алғашында, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдар қалай алданып қалуы мүмкін деп ойлаймыз ғой? Бірақ сол көздің жауын алған жарнама кез келгенді елітпей қоймайтын болса керек.

Біздің Сырым ауданы тұрғындарының ішінде де алаяқтардың құрбаны болғандар бар екен. Кейіпкеріміз 2019 жылы күзде «вконтакте» желісінен тиімді бағадағы жақсы ұсынысты көзі шалып қалды. Ондағысы ерлерге арналған «HUGO BOSS» иіссуі болатын. Екі иіссуды бір бағаға алатын мүмкіндік. Оқыған, білімді азамат алғашында сеніңкіремесе де, «тәуекел түбі жел қайық» деп алдынан жылт еткен сілтемеге өтті. Тапсырыс беруге ниетті адамға өздері қоңырау шалады. Ондағысы, тұтынушының көңілінен шығу болса керек. Тапсырыс қабылданды. Бір аптаға жетер-жетпес уақыттың ішінде «Қазпоштаға» тауар да топ ете қалды. Белгіленген уақытта барған тұтынушы тауарының құнын және поштаның жеткізу ақысын қоса төлеп, қорапты ашып қалса, ішінде бір ғана иіссу. Енді, кері тапсырайын десе болмайды, алаяқтар да телефон тұтқасын алмайды. Тек тауардың ақшасын ғана емес, поштаның жеткізу қызметіне 1700 тг. төлеген. Құнын төлеп алған иіссудың иісі де аса жағымды емес, сапасы сын көтермейтін болып шықты. 

- Шарасыздықтан шақшадай басым шарадай болып, екі оттың ортасында қалғанымды түсіндім. «Жә, әйтеуір келді ғой, осыған да шүкір» деп өзімді алдарқаттым. Үйге келгеннен кейін бірер күн пайдаланып көрдім. Сұмдық! Сапасы сын көтермейді, иісі де жағымсыз. Желге ұшқан, қайран 15 000 теңге. Осыған дейін дүкеннен аяқтай барып, үнемі қолданып жүрген әтірімді неге ала салмадым екен» деп бармақ тістедім. Осындай алаяқтардың құрған тұзағына түскен жалғыз мен емес. Тұтынушы құқығын қорғайтын заңдарды күшейту керек секілді. Халыққа онлайн тапсырыс тиімді-ақ, егер онлайн дүкендер сенім артуға тұрарлық болса, - дейді кейіпкер.

Иә, кейіпкеріміз айтқандай, онлайн тапсырыс тиімді. Егер сенуге тұрарлық болса ғана. Аты көпшілікке танымал Aliexpress мобильді қосымшасы арқылы үнемі тапсырыс беріп жүрген бір кейіпкердің де пікірін білдік.

- Бұл мобильді қосымша арқылы бірнеше мәрте тапсырыс беріп көрдім. Осы уақытқа дейін уақытында жеткізіп жүрді. Киім-кешектің дәл размерін әкелгенмен, матасының сапасы қосымшадағы суреттегідей болмады. Яғни сапалы емес. Қаңтар айында ұлыма қол сағатын әпермек болып, тапсырыс бергем. Сол күйі келмеді. Бағасы қымбат емес, 1000 теңгенің көлемі. Әйтсе де, әңгіме ақша да емес, жауапкершілікте. Қазір елімізде «карантин» жарияланғандықтан, бөгеліп жатырған шығар» деп айтайын десем, қыста тапсырыс бердім. Одан бері келетін уақыты болды», - дейді әділдікті іздеп шыр-пыр болған ана.  

 

Расымен, жоғарыда кейіпкеріміз айтып кеткендей бағасы қымбат болмаған соң, үлкен суммаға тапсырыс бермегендіктен келмеді ме екен деп те ойлап қоямыз. Сонда қалаған тауарымыз қолымызға тию үшін артығымен ысырап жасауымыз керек пе? Барлық акцент қаржыға кетсе, тауар сапасының жайы не болмақ?

Әрине, өз басыңыздың амандығы үшін үйден шықпай, телефонның көмегімен қалаған дүниеңізге тапсырыс беріп, кез келген карточканың мобильді қосымшасы  арқылы немесе «qiwi әмиян» арқылы, т.б. төлем жолдары көп. Төлемдер өз алдына әлеуметтік желілер арқылы ақша табудың жаңа жолы да шығыпты. Оны өз тәжірибемізден өткізіп көрдік. Telegram-дағы боттар ақша береді деген сенесіз бе? Кез келген бір досыңыз арқылы боттың сілтемесіне өтіп «старт» батырмасын басқаннан кейін ережелерімен танысасыз. Түйіні сол «боттың сілтемесін көшіріп, достарыңызға таратып, шақырғаныңыз үшін ақша аласыз» деп елітеді. Бірақ сіз досыңызды шақырғаныңыз үшін ботты ойлап тапқандар ақша алып отыратынын білесіз бе?

Иә, иә, дәл солай, себебі ол ботты (онлайн роботты) ойлап табатын сіз бен біз сияқты адамдар. Сондықтан артық қыламын деп тыртық қылудан аулақ болыңыз! Кейін бармақ тістеп қалатын әрекетке бармас бұрын ойланайық. Онлайн дүкендерге тапсырыс берудің сенімді жолы «жеті рет өлшеп, бір рет кес» болып тұр. Тапсырыс бергелі отырған аккаунттардың астындағы пікірлерге көз жүгіртіп алғанның өзі сізге зор пайдасын тигізбек. 

Алаяқтарға өзімізді-өзіміз жығып беретінімізді байқайсыз ба? Олай дейтініміз, онлайн дүкендерге құжат толтырғанда өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын деректер, банк карточкаларының нөмірлерін, жеке ақпараттарды көпке жаюдан сақ болыңыз. Сізді жымқыру үшін ЖСН-іңізді білу жеткілікті екенін ұмытпаңыз және төлем картаңыздың суретін жібермеңіз! «Сақтансаң сақтармын» демекші, жеке деректеріңізді құпия сақтап, алаяқтармен бөлісуден абайлаңыз.

 Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале