19.05.2020, 10:20
Оқылды: 33

Еңбегімен еленген сауыншылар

Трактордың гүрілі. Мыңға жуық сауын сиыр мен айналасындағы бұзаулардың мөңірегені. У-шу ауыл. Әйтеуір, қайнаған тірлік. Бұл сонау 1980-1990 жылдары болатын. Ал қазір қалай? Тым-тырыс. Тіпті бейтаныс ауылға барып, іздеген адамыңның мекенжайын сұрайын десең, көшеде жүрген бір адам таппайсың. Жоғарыда аталған ауыл өмірін көзімен көрген еңбек адамдарына жолығып, олардың бүкпесіз әңгімесін оқырманға ұсынуды жөн санадық. Осындай мақсатпен Тасқала ауданы Бірлік ауылындағы Аққаным Елеуова және Меңсұлу Хантасовамен кездестік.

66E8024E-5C82-426C-BF46-B9E35E0C256D

– 1962 жылдан 1992 жылға дейін осы Бірлік ауылында сауыншы болып 30 жыл тапжылмай қызмет еттім. Бұл ауыл кезінде Тасқаланың екінші бөлімшесі саналатын. Ол уақытта мұнда ірі қара көп еді. Үш табын сиыр болды. Әр табында 200-220 бас ірі қара бар еді. Әр базда алты-жеті сауыншыдан болатын. Сол кездегі жұмысты қайтарса екен деймін кейде. Қазіргі таңда жастарға әңгіме болсын деп айтып отырсақ, олар үшін ертегі сияқты. Қазір адамдар кішкене жұмыс істесе, суретке түсіріп жариялап жатады. Ол кезде қанша еңбек етсек те, бір суретке түсуді ойламаппыз ғой. Ол уақыттарда литрге жұмыс істейтін едік. Әр литр сүт үшін барымызды салатынбыз. Бір жылдары бесжылдық жоспарды үш жылда орындаған кездеріміз де болды. Әсіресе Людмила Коржева екеуміз жарысатын едік. Қазір ойлап отырсам, оның өзі қызық. Мысалы, менің мойынымда 35 сиыр сауу болатын. Ол кезде бір сиыр да сауылмай қалмайтын. Еңбекақымыз да жаман болған жоқ. Жасаған еңбегімізге қарай тиісті еңбекақымызды да алып жүрдік. Айына 600-700 рубль алатынбыз. Ол кезде сол көп ақша. Қазір көбі тиісті жалақысын алады да, соны қанағат қылып жүре береді, «күн өтсе болдының» ізіне түсіп алған. Кейде үш мезгіл сиыр сауып жүрген кезіміз де болды. Күнге 500 литр сүт алып жүрдік. Сүт тасымалдайтын көлікке сыймай қалып, арнайы ыдыстарға жинайтын едік. Негізінен, Бастау ауылының тумасымын. Бұл бөлімшеге 1960 жылдары көшіп келдік. Содан осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, бір-екі жылдай қайын атамызға қой бағысып көмектестім де, кейін сауыншылық қызметті жалғастырып әкеттім. Басында бұзаушы болып қызметке орналастым. 45 бұзау бағатынбыз. Бір жылдан кейін сауыншылыққа ауыстым. Ең басында арнайы сауатын құрал болмады ғой. 24 сиырды қолмен сауып шығатынбыз. Сиырлары сүтті еді. Сол кезде анама, «екі қолым көтертпейді, сиыр саууға бармаймын» дейтін едім. Ол «бүгінше барып кел, сосын қоярсың» деп жұбататын. Сөйтіп жүріп, ол жұмысқа да үйреніп, ақырында, тіпті, жақсы көріп кеттім. Шыны керек, басында екі иығым мен қолдарым қатты ауыратын еді. Кейін арнайы аппараттар келіп, жұмысымыз жеңілдеді ғой. Қартымыз екеуміз екі ұл, алты қызды тәрбиелеп өсірдік. Жұмыстан да қалмадық. Жас болғасын қонақтығымыз да болды. Әйтеуір, бәріне де үлгеретін едік. Қазір, шүкір, денсаулығымыз жақсы. Сол кездегі тынымсыз еңбектің арқасы шығар деп ойлаймын, – дейді Бірлік ауылының тұрғыны Аққаным Елеуова. Қазіргі жастар механизатор, малшы болғысы келмейді. Адал еңбек пен адал қаражат осы аталған мамандықтарда екенін әлі күнге түсіндіре алмай келеміз, – деп қынжылады зейнеткер ана. Екі баласы да механизатор, комбайншы болып қызмет жасаған көрінеді. Бір баласы сегізінші сыныпта оқып жүргенде бір қолын прицепке қыстырып алғанын әңгімеледі. Кейін оған зейнетақы тағайындағанымен, өзі одан бас тартыпты. Тұла бойы жұмысқа құлшынып тұрған жастың көкірегін намыс кернеген де шығар, бәлкім!

F9C93D3E-B4CC-4E94-AB1C-AA5D5C0C90D5

– Осы ауылда тұрғаныма 46 жыл толды. 1974 жылы Саратов облысына қарасты Озинки ауылынан көшіп келдік. Жолдасым ерте дүние салғасын, төрт баламды алып, Бірлік ауылына қоныс аудардым. Негізінен өзім Ақкүтір ауылында дүниеге келгенмін. Содан келгеннен кейін көп кешікпей сауыншылыққа шығып кеттім. Ол кезде литр толтыру үшін дымымыз қалмай жұмыстанатын едік. Содан 27 жыл тапжылмай сауыншы болып қызмет жасадым. Ол кездің де өз қызықтары болатын. Жүк мәшинесіне тиеліп алып, Ешкітауға барғанша және келгенше ән айтып келетінбіз. Сондай қызық кездер еді. Балшыққа батсақ, жүк салғыштан секіріп түсіп, жабыла итеріп, шығарып алатынбыз. Балаларымыз бір-бірін бағып өсірді. Жұмыста жүріп, арасында шауып келіп жағдайларын көріп кететініміз болмаса, көбінесе жұмыстан босамадық. Ол кезде бір қызым он жаста болса, екінші қызым 12 жаста еді. Сол екеуі кейде жарық өшіп қалған кезде маған көмектесуге барып жүрді. Оларды да сиыр саууға үйреттім. Екеуі он сиырдан сауып беретін. Оның өзі мен үшін үлкен көмек болды. Таңғы төртте ұйқысынан оятып, өзіммен бірге алып кетемін де, сегіздегі сабаққа үлгертемін. Бір күні үлкен қызымның мұғалімі мектепке шақыртты. Шауып барсам, үлкен қызым сабақ үстінде ұйықтап қалған көрінеді. Әлгі мұғалімі «қызыңызға түнімен не жасаттыңыз» дейді. Екі қызым таңмен тұрып, жиырма шақты сиыр сауғандарын айттым. Сөйтіп, бірінші Алланың, екінші балаларымыздың арқасында сексенді де алқымдадық. Шүкіршілік айтамын. Қазіргі таңда елімізде бәрі бар. Өткен жылы қолдарым ауырып, көтертпей жүрген. Сосын сиырларым туғаннан кейін саууды қайта қолға алдым. Қазір, шүкір, еш жерім ауырмайды. Шындығына келгенде, адамға қимыл-қозғалыс болмаса қиын екен. Қазіргі жастар таңғы төртте ұйқысынан ояну түгілі, тоғыздағы жұмысына кешігіп бара жатады. Талай көзіміз көріп жүр. Шыны керек, дастарханымызда май, қаймақ, тіпті айранымыз да бар. Артылғанын балаларыма да беріп жіберемін. Осы жылы 79-ға келдім. Сексенге аяқ бастым, – дейді зейнеткер ана Меңсұлу Жантасова. Кейбір дерек көздерінде кейіпкеріміздің әкесі 1909 жылы туған деп жазылған екен. Ал әжесінің айтуы бойынша 1905 жылы туған екен. Өзі 1941 жылдың 23 сәуірінде дүниеге келген. Меңсұлу Жантасова Рахым Кілесов деген әкесінің туған інісінің қолында өскен көрінеді. Екеуі де 1941 жылы соғысқа бірге аттаныпты. Бір ротада қатар соғысқан екен. Бір күні әкесі окоптың ішінде отырған інісі Рахымға: «Ұлым, бұйырса, өсіп-өнер, кішкентай шарана қызыма қамқор бол», – деп аманат етіпті. Елге аман оралмасын сезген-ау, қайран әке. Содан көп кешікпей, Жарасқа оқ тиіп, майдан даласында жан тапсырған көрінеді. Көкесі (інісі Рахым) ағасын өз қолымен жерлеген екен. «Әкемнің ең болмаса суретін көрсем ғой» деген арман әлі күнге қарт ананың көкейінде жүргені мөлдіреген жанарынан көрініп тұрды. Көкесі Рахым өзінен туған екі ұл, екі қызбен бірге ағасының аманатын жерге тастамай, кейіпкерімізді аман-есен өсірген.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале