Халықаралық Түркі академиясының құрылғанына бүгін тұп-тура 10 жыл толып отыр.
Түбі бір түркі тілдес мемлекеттердің рухани әрі ғылыми интеграциясын жандандыру мақсатында халықаралық ұйым 2010 жылдың 25 мамырында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жұмысын бастаған болатын. Жалпы Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) құрылуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және 2009 жылдың 3 қазанында қол қойылған Нахчыван декларациясымен тікелей байланысты. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысты ортаға салған болатын. Бұл – түркі тілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесу еді. Жиынға қатысқан Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия президенттері бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Сол саммитте Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осы декларацияның ізімен 2010 жылдың 25 мамырында Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы (сол тұстағы Астана қаласы) Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысқан болатын.
«Бұл шын мәнінде түркі халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жолға қоюда маңызы баға жеткісіз тарихи оқиға», - деді осыдан 10 жыл бұрын академияның ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналуды мақсат тұтты академия. Ұйымға салмақты міндет жүктеліп отырғанын ашылуында Елбасы да ерекше атап өткен еді. Тарихқа Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Йасауи, Ұлықбек, Әлішер Науаи сияқты ұлы тұлғаларды берген түркі дүниесінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін жан-жақты зерттеу қажеттігі айтылды. Ал академияның халықаралық дәрежеге ие ұйым болу тарихы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесінің ІІ саммитімен байланысты. Алқалы жиында Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімді құрушы елдер ратификациялағаннан кейін Қазақстанда 2010 жылы құрылып, жұмыс істеп тұрған Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Осылайша түркітілдес төрт елдің (Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасы) ерікті түрде құрған, Нұр-Сұлтанда орналасқан бірегей халықаралық ғылыми ұйымы — Түркі Академиясы (ITA – International Turkic Academy) өз жұмысын ауқымды деңгейде жүргізе бастады. Халықаралық Түркі академиясы 10 жылдың ішінде білім және ғылым саласында, рухани тұрғыда түркітілдес елдердің интеграциясына өлшеусіз үлес қосып келеді. TWESCO Президенті Дархан Қыдырәлі бастаған іргелі ұжымның атқарған еңбегі зор. Халықаралық форумдар мен жиындарда түркітілдес елдердің ғалымдары ортақ тарихи мұралар мен жәдігерлерді түгендеп, TWESCO бірнеше халықаралық экспедиция ұйымдастырды. Сондай ірі шаралардың бірі – «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» III халықаралық экспедициясы еді. Экспедициялық топтың құрамында шетелдік меймандардан Моңғолия, РФ, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің зерттеуші, ғалымдары қатысты. Моңғолиядан сапар бастаған экспедициялық топтың елеулі сапарының арысы Алтын орда, берісі Қазақ хандығының ізі сайрап жатқан Ұлытауда аяқталуының өзіндік маңызы мен миссиясы бар еді. Сондай-ақ академия шығарған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары ортақ мұраны зерттеуді көздеген ғалымдардың таптырмас еңбегіне айналды. Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Әзербайжан, Қазақстан және Түркия мектептерінің бағдарламасына енгізіле бастады. Одан бөлек академия «Домбыра» пәнінің оқулық жобасы және «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» туралы кітаптарды таныстырды. Халықаралық Түркі академиясы түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімін дамытып, басқа да түркі тілдес мемлекеттер қайраткерлерінің бастамаларына жағдай жасап, олардың басын бір арнаға тоғыстырып келеді.
zhaikpress.kz