27.05.2020, 15:36
Оқылды: 304

БҚО-дағы киік саны 217 мыңнан асты

 SmUM8dxI

Батыс Қазақстан облысын мекендейтін киіктердің Еділ-Жайық популяциясы – Қазақстан бойынша ақбөкендер ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Райымбек Шампаевтің айтуынша, киіктер Ақжайық, Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Тасқала аудандарын мекендейді. Ақбөкендер төлдеу үшін мамыр айында Казталов және Жәнібек аудандарының аумағына шоғырланады.

Мамыр айының ортасында күн райы күрт құбылып, тұман түсіп, ызғырық жел есуі мүмкін. Халық мұндай табиғат құбылысын «Құралайдың салқыны» деп атауының өзіндік мәні бар. Киіктер төлдейтін уақытта түз тағыларының тістері босап, қарақұстарға дейін алаңсыз жұмыртқа басады. Яғни киік лағына жыртқыштар тарапынан қауіп төнбейді. Киіктердің басқа жануарлардан тағы бір ерекшелігі, көбіне, егізден төлдейді және бөтенсінбей бірінің лағын бірі емізе береді. Төлдеу маусымы мамыр айының басында басталып, аяғында  толықтай аяқталады. Содан кейін  аталған аудандар аумағына таралады.

ҚР Үкіметінің «2023 жылға дейін киіктерді пайдалануға шектеу қою туралы» қаулысы аясында табиғатты қорғау полициясы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлары бірлесіп, жануарлар дүниесін, оның ішінде Орал популяциясы киіктерін қорғау бағытында бірлескен рейдтер жүргізу қалыптасқан дәстүрге айналды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Орал популяциясы киіктерінің едәуір көбейіп келе жатқаны байқалады.

Биыл да аумақтық инспекция бастамасымен жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бойынша жұмысты үйлестіру мақсатында құқық қорғау және табиғат қорғау құрылымдары браконьерлік және басқа да табиғат қорғау заңнамаларын бұзуға қарсы күрес жүргізу үшін бірлескен іс-шаралар жоспарын құрды. Ресей Федерациясымен шекаралас облыстарда киіктерді қорғау және күзету жұмысы жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. 2019 жылғы жүргізілген әуе санағы нәтижесінде Орал киік популяциясының саны 217мың бас екені анықталды. Киік жануарын қорғаумен айналысатын «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ны батыс филиалында 50 инспектор қызмет атқарады. 15 күндік ауысыммен күзету жұмысына 20 инспектор4 топқа бөлініп шығады.

 Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале