8.06.2020, 17:26
Оқылды: 38

Арманда кеткен асыл ер

Отызыншы жылдардың ойраны, қуғын-сүргін құрбандары жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатыгез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген.  Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған.  Қазақтың қолындағы күнкөрісі – малын ортақ қазынаға салып, онымен қоймай күш көрсету арқылы ата мекенінен ығыстырудың зардабы халықты қынадай қыруға соқтырды. Сол кездің өзінде көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шекарадан өтіп кетуге әрекеттенді. Әйтсе де оларды арғы бетте де құшағын жайып тосып отырған ешкім жоқ еді. Шекараға жете алмай жауған оқтан жер құшқандары туған елдің құшағында мәңгілік қалды да, амалдап өтіп кеткендері тегеурінді қарсылыққа тап болып, бүкіл Азия, Еуропа елдеріне босып кетті. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана 60-70 жыл өткен соң қандастарымыз Отанына оралуда.

Asyl er (1)

Отызыншы жылдардың соңындағы сталиндік репрессия қазақтың бас көтерген азаматтарын түгелдей жұтып тынды. Небір марқасқа, халқы үшін еңіреп өткен ерлеріміз жазықсыз жаланың құрбаны болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты алаш азаматтары, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Сейтқали Меңдешұлы сынды арыстай азаматтардың ғұмыры ерте қиылды. Сондай азаматтардың сапында Хайыр Жәрдемалиев те бар.

Хайыр Жәрдемалиев 1893 жылы Казталовка ауданының 1-ші Талов ауылдық кеңесінде, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан ашқан. 17-18 жасында Құбиев мешітінде ауқаттты адамдардың балаларының күтіміне қарай жүріп, еті тірі бозбала өзі де білім алған. Үш жыл бойы Ахмет Нысанов деген байдың делбешісі болып қызмет істеп, жас жігіт өмірдің ағымына байыппен қарайды. 1916 жылғы әйгілі «Маусым жарлығы» шыққаннан кейін Хайыр өзі қатарлас жігіттермен тыл жұмысына алынып, Уфа қаласынан бір-ақ шығады. Уфа уездік жер басқармасының мөрімен 1916 жылы қаңтар айында куәландырылған анықтамада 23 жасар жігіттің тыл жұмысына алынғандығын растайды. Ол құжат күні бүгінге дейін сақталған. 1917 жылы 20 тамызда Х.Жәрдемалиев Уфа қаласындағы Ғұсман медресесіне оқуға жіберілген. Оны Астрахань губерниясы, Таловка-Қырғыз атқару бөлімшесі комитетінің куәландырған құжатынан білеміз. Хайыр 1918 жылы 1 қыркүйекте Кеңес Өкіметі орнағаннан кейін Бөкей губерниясының Ордадағы мұғалімдер даярлайтын курсына оқуға қабылданып, оны осы жылдың қараша айында 1-ші сатылы мектептердің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас маман өмірге жолдама алғаннан кейін екі жыл бойы 1-ші сатылы Беспішен ауылдық мектебінде мұғалімдік қызмет атқарып, осыдан бастап жиырма жыл бойы халық ағарту саласында табанды еңбек етеді. Қызметте ысылған, тәжірибелі оқыған азаматтың осыдан кейін аудандық, облыстық деңгейлерде басшылық қызметтерде болғанын сарғайған парақтар растайды. Х.Жәрдемалиев 1927 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни 1937 жылы Сталиндік жазалаушы жендеттердің қолынан демі үзілгенше халық ағарту саласында табысты қызмет атқарған. 1927-1928 жылдары Бөкей уезі білім беру бөлімінің инспекторы болса, 1928 жылы Сламихин (қазіргі Жалпақтал) шаруа жастар мектебінің меңгерушісі болған. 1931 жылы Таловка аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі болған. Одан әрі 1937 жылы Ілбішін орта мектебінің директорлығына қызметке жіберілген Хайыр 10 қазанда тұтқынға алынып, РСФСР қылмыстық кодексінің 58-2111-ші бабымен халық жауы деп айыпталып, ақ-қарасы тексерілмей жатып 3 күннің ішінде атылып кеткен. Өзінің талабының арқасында білім алып, кейін халық ағарту саласында 20 жылдан астам қызмет еткен Х.Жәрдемалиев осылайша жазықсыз жаланың құрбанына айналған.

Asyl er (2)

Бүгінде Жаңақала колледжін басқарып, елге елеулі еңбек етіп жүрген немересі Серік Жәрдемалиев атасы туралы мынадай деректерді айтты:

«Атам оқыған, өз өмірін халық ағарту саласына арнаған жан. Ес білгенде әжем Зұлқия атам туралы үнемі айтып отыратын. Тәуелсіздік алғаннан кейін жинап жүрген бір бума қағазды маған табыстады. Ол қағаздардың ішінде атамның атылғаны жөнінде ақпарат бар. Сонымен қатар 1947 жылы лагерде өкпе ауруынан көз жұмды деген анықтама да бар. Соған қарағанда атам ату жазасына кесілмей, сол жақта жазасын өтеген. Өзінің қолымен жазылған өмірбаяны, құжаттары менде сақтаулы тұр. 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ғой. Менің атама да осы қуғынның кесірі тигені шындық. Елі үшін аянбай қызмет қылған атаммен әркез мақтанамын».

Иә, сұрқия саясат талай арыстарымыздың өмірін ерте қиды. Сол жандарды ұмытпайық деп қолға қалам алып, Хайыр Жәрдемалиев туралы сыр шерттік. Арыстарымыздың рухтары пейіштің нұрында шалқығай...

Жанайдар Болатбекұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале