15.06.2020, 12:32
Оқылды: 73

Жылы орнын босатпай, зейнеткерлер әлі жүр...

«Жастар – елдің болашағы» дейді дана халқымыз. Кез келген қоғамның болашағы мен дамушы күші де жастар екені айдан анық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, жастарға үлкен үміт артып, оларға демеу беру керектігін бірнеше мәрте айтқаны елдің есінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел ішінен білімді жастарды іріктеп, оларды болашақта мықты кадр ретінде дайындауды тапсырған болатын. Елімізде жастарға деген қолдау мен қамқорлық бар. Оны сезініп те жүрміз. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпайық. Тұрмысымыз түзеліп, заманымыз жақсарғанда жалындап жүрген жастардың екі қолға бір күрек таппай сенделіп, жұмыссыз жүргендерін көргенде көңілің еріксіз қынжылады. 

Pensia

Жалпы, бізді толғандырған, қолымызға қалам алдырған түйткіл, ол – зейнеткерлердің жылы орнын босатпай, жұмыстан кетпей жүргендігі. Зейнеткер орнын босатпай, жастарға жұмыс бола ма? Иә, сұрастырсаң, ел-жұртта егде жасқа жетсе де әлі күнге жұмыс жасап жүрген зейнеткерлердің бар екенін жіпке тізіп айтады. Иә, мұны халықтан жасыру мүмкін емес. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде елімізде екі миллионға жуық зейнеткер бар екен. Жыл сайын зейнет жасындағы қызметкерлердің саны өсіп келеді. Finprom.kz сайтының хабарлауынша, жұмыссыз жастардың саны 2018 жылы 84 мыңға жеткен. Жалпы, аудандағы кәсіпорындарды, мемлекеттік мекемелерді, жеке ұйымдарды алып қарасаңыз, аракідік зейнет жасындағы адамдарды кездестіреріңіз кәміл.

Олардың басым бөлігі жастармен жарысып жұмыс істеп, жылы орындарынан айырылғылары жоқ. Бүгінгі қоғамда жұмыстағы зейнеткерлер мен жұмыссыз жастардың қалыптасқанын ешқайсысы жоққа шығармайды. Мақаланы жазу барысында қай салада зейнеткерлердің жиі кездесетінін анықтап көрдік. Қарауылшылар, сатушылар, еден жуушылардың дені – зейнеткерлер. Аудандағы мекемелерге қызметтік хат жолдап, зейнет жасына шығып жұмыс жасап жүрген жандардың санын анықтадық. Сонымен аудандық ауруханада – 8, аудандық мәдени-демалыс орталығында – 2, аудандық білім беру бөліміне қарайтын мекемелерде – 4, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде – 3 зейнеткер жұмыс істейді. Зейнеткерлердің санын жоқ деп көрсеткен, бірақ жұмысшыларының қатарында зейнет жасындағы адамдар бар мекемелерде кездесті. Оны өздерінің іштері біліп отырған болар.

Бір қуанарлығы, Жаңақала колледжі мен Қ.Жантілеуов атындағы саз мектебінде зейнет жасындағы жандар жоқ екен. Жоғарыда аталған мекемелердегі зейнеткерлердің көбі істейтін маман жоқтығынан өз орындарында қалып отыр. Сол мекемелердің басшылары осы жағдайды алдын ала ескеріп, зейнет жасына шығардан 1-2 жыл бұрын сол кісілердің орынына сұраныс жіберсе, кім кедергі? Негізі шешуге болатын мәселе. Қазбалай берсең, басқа мекемелерде де біраз зейнеткерлердің жұмыс жасап жүргені әмбеге аян.

«Зейнет жасына шыққан адамдар не үшін жұмыс істейді?», «Олардың жұмыстан кетпеуіне не себеп?». Біз бұл сауалдардың да төркініне мән беріп, байыппен сараптадық. Зейнеткерлермен сөйлесу барысында түрлі мәселеге қанығып, олардың үйде қол қусырып отыра алмайтынын, зейнетақыларының мардымсыз екендігін, содан соң амалсыз жұмысқа тұратынын естіп, білдік. Алайда басшылық қызметте болған, зейнетақысы да, жағдайы да жеткілікті жандардың жұмыс істеп, жанталасқан әрекетін түсінбедік. «Қанағат қарын тойғызар» демей ме қазақ? Әлде қанағатты ұмыттық па?

Бұл мақаланы жазудағы мақсат – зейнеткерлерді күндеу я болмаса оларды жаппай жазғыру емес. Керісінше, ол кісілерге ой тастау еді. Әрине, жанайқайымызды дұрыс түсінсе. Бұрындары осы мәселені газет көтергенде беттен алып, байбалам салғандар да болды. «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат» демекші, бірлі-жарлы адамның көңіліне қарап, бүтін жастардың мұң мен зарын жасыруға болмайды. Кешегі марғасқа Мағжан сенім артқан жастардың жұмыс таппай тентіреп, амалы таусылған соң ауыл асып, вахталарда үй көрмей еңбек етуі арқаңа аяздай батады. Жұмыс іздеп барған мекемелерде ешқандай жұмыс орны болмаса, болған күннің өзінде оны зейнеткерлер иемденіп алса, оған жастарды жазғыра алмаймыз. Жылына бір мәрте ұйымдастырылатын «Жасыл ел» бағдарламасы да жұмыссыздық мәселесін шешіп бере алмасы белгілі. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде жұмыссыз жүрген 140 жас бар екен. Бұл арнайы тіркелгені. Ал тіркелмегені қаншама? Аудан әкімінің бұқара халықпен ашық кездесу жиындары немесе қоғамдық қабылдауларында замандастарымыздың дені тұрақты жұмыс сұрап келеді Жұмыссыздық деңгейі күннен-күнге артып келе жатқанын да ешкім жоққа шығармайды.

Түйін: Зейнет жасына жете алмай жүргендер де, зейнет жасына жете алмай бақиға кеткендер де қаншама? Жеткендер абыройлы түрде орындарын жастарға босатса, еліміздің ілгерілеуі де үдей түсер еді. Жасы жеткен адамның жұмысты өндіріп істей алмасы анық. Өмір бойы жұмыс жасап, зейнет жасына келгенде еткен еңбегіңнің қайырын көріп, зейнетақыңды алып, тыныш отырғанға не жетсін?..

 Диас Мұратов, (өз қалауы бойынша аты-жөні өзгертілді) жұмыссыз жас:

– 2018 жылдың соңында Жаңақала колледжін дәнекерлеуші мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Одан кейін бірнеше мәрте жұмыс іздедім. Бірақ туған жерден жұмыс табылмады. Амалсыз ауыл асып, Атырауға барып мамандығыма түк қатысы жоқ жұмыс істеп келдім. Ол жақта бір жылдың үстінде болдым. Бітіргесін оқу орнымыз да жұмысқа жолдамады. Құлшынып жұмыс істейтін шағыңда жұмыстың болмауы қынжылтады. Не істейміз? Қолдан келер қайран жоқ.

Ақмарал Аманқызы, зейнеткер ұстаз:

– Бір түсінбейтінім, зейнетке шыққанша айтатынымыз бір нәрсе де, шыққан соң айтатынымыз басқа нәрсе. Жұмыс орнын босатуға құлықты емеспіз. Зейнеткерлікке шығар алдында маған да ұсыныс жасалды. Бірақ қалмаймын деп шештім. Жастарды «неге?» деген сұрақтың мазалайтыны шындық. Менің қазіргі тұстастарым осы мәселеге қалай қарайды, оны шешудің қандай жолын көрсетер екен? Егер нақты еңбекқор адам болсақ, күш-қуатымыз тасып тұрса, жеке шаруашылықпен айналысудың сан түрлі жолдары ашылып тұр емес пе? Кәдімгі ата-баба айналысқан мал өсіру ме, құспен айналысып, жұмыртқа өндіру дейсіз бе, бақша өнімінен банка жабу, тосап қайнату, кәдімгі әжелеріміз жасаған көрпе жасау ісі ме? Ойлап ебін тауып айналысқан кісіге таңдау көп.

«Қазіргі жастар үлкен сыйлаудан қалып барады». Бұл жиі естілетін, қалыпты жағдайға айналған пікір. Кейде ойлаймын, оған кім кінәлі? Ішінде біздің де (менің қатарларымның) кінәміз бар емес пе екен? Олар кімнен үлгі алды, кімге қарап өсіп келеді?

Құрметті менің қатарластарым, тиісті зейнетімізге шығып, отбасының береке-бірлігін нығайтып, бәріміз бірігіп, жақсы ұрпақ тәрбиесіне мән берсек, нұр үстіне нұр емес пе? Жасың келгенде жастармен жағаласып жұмыс істеу кім-кімге де абырой әпермес. Бейнеттің зейнетін көрер шақта жастарға бағыт-бағдар беріп, тілекші болып отыруды жөн көремін.

Жанайдар Болатбекқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале