Осы айдың басынан бері Қазақстанда Армениядан әкелінген екі мың автокөлік тіркелген.
«Ішкі істер министрлігі осы жылдың 1 маусымынан бастап біздің азаматтардың Армениядан әкелген көлік құралдарын тіркеу жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы екі аптада 2 мыңнан астам автокөлік тіркелді. Тіркеудің басым көпшілігі – елдің батыс аймақтарында. Республикадағы барлық тіркеудің жартысынан көбі Ақтөбе, Атырау, БҚО және Маңғыстау облыстарының үлесіне келеді», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Орталық коммуникациялық қызметінің «ҚР азаматтары Армениядан әкелген автомобильдерді тіркеу туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.
ІІМ өкілінің айтуынша, Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу рәсімі өте қарапайым әрі ол азаматтардан көп уақытты талап етпейді. «Тіркеу шарттары мен көліктерге қойылатын талаптарға келер болсақ, барынша жеңіл жасалған. Нақты талаптарға тоқталсақ, тіркеуге – Арменияның жауапты органдарында Қазақстан азаматтарының атына 2020 жылдың 1 ақпанына дейін жазылған көліктер жатады. Көлік тек сатып алған сол көліктің иесінің атына ғана тіркеледі. Сенімхат немесе сақтандыру полисі арқылы мініп жүрген адамдардың атына көлік тіркелмейді. Себебі олар заң жүзінде автокөліктердің иесі емес. Десе де, сақтандыру полисі арқылы мұндай санаттағы көлікті басқа біреудің басқаруына беруге болады», – деді Серік Түсіпов.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан оқи аласыздар