Сырым ауданында жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің баспасөз алаңы жұмысын бастады. Кеше алаңда Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова live режимде баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихат газеттің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Ләззат Мұқанованың айтуынша, ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Қазіргі күні ауданда 34 коронавирус жұқпасы тіркелген. Оның 17-сінде клиникалық белгілер бар болса, қалғаны симптомсыз болып отыр.
– 65, 6 жағдай науқаспен қарым-қатынаста болғандардан анықталған. Бұл – тұрғындардың санитарлық талаптарға салғырт қарағанының кесірі. БҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13 маусымдағы №20 қаулысына сәйкес өңірде қайтадан шектеулер енгізілуде. Қаулыға сәйкес банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық және өзге де адамдар тобы жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Мемлекеттік органдар мен мемсектор ұйымдарға қызметкерлерді 80 пайызға дейін қашықтықтан жұмыс жасауға көшіруге, жиналыс, кеңестерді онлайн өткізуге кеңес беріп отырмыз. Еңбек ұжымдарында, мекемелерде эпидемияға қарсы режим алгоритмі қатаң сақталуы тиіс, – дейді ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
Бүгінгі таңда науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 72 адам, ықтимал қатынаста болған 127 адам анықталды. 47 адам үй карантинінде жатыр. Осы кезге дейін 4394 шаршы метр аумақ дезинфекцияланып, 229 адамнан КВИ жұқпасына сынама алынған.
Әлеуметтік желі қолданушылары науқастарға қандай ем-дом шаралары жүргізілетінін, жазылған адамның қайта ауырып қалу ықтималдылығы қандай екенін, тойларды өткізуге қашан рұқсат берілетінін сұрады. Ләззат Мұқанованың айтуынша, тек қоғамдық тамақтану орындарында ғана үстел арақашықтығы сақталып, бір мезгілде 30 адам тамақтана алады. Әзірге, бар жеңілдік осы болып отыр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер