18.06.2020, 10:39
Оқылды: 96

Полуторка хақында не білеміз?

Дариянға барған сапарымда даңқты жазушы М.Шолоховтың мемориалдық музейінде болдым. Музей ауласындағы биік тұғырда тұрған шынжыр табанды «ДТ-54» трактор мен осы полуторка машинасын көргенмін. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Правда» газетінің тілшісі болған  жазушымыз осы полуторкамен майдан даласындағы әскери бөлімшелерді аралап, отты жылдардың шежіресін тарқатқаны күмәнсіз.

Polutorka

Полуторка кеңестік машина жасау өндірісінің алғашқы өнімі, төл туындысы десек, қателесе қоймаспыз. 1932 жылы алғашқы 29 көлік   конвейерден шығыпты. Оның двигателі төрт цилиндрлі болса, жылдамдығы сағатына - 42 шақырым, жүк көтеру мүмкіндігі - бір жарым тонна екен. Полуторка атануы оның көтеретін салмағына байланысты болса керек. Бір кісінің салмағы орташа 70 келі десек, оған 20 кісі сиятынын болжау қиын емес. Әрі полуторканы ағаш мәшина деуге болады. Оның тегершігі резеңкеден, моторы металлдан, фарлары әйнектен, кабинасының төбесі дермантинен жасалған. Ал қалған басқа бөлшектері ағаштан жасалған. Әрине, уақыт өте келе жетілдірілген тұстары аз емес. Ол стартермен емес, қолмен, яғни рукояткамен бұрап тұтатылған. 1932-1949 жылдары полуторка  «ГАЗ АА» маркасымен Горький қаласындағы машина жасау зауытынан шығарылса, 1949-1956 жылдары «ГАЗ ММ» маркасымен Ульяновск қаласындағы зауытта құрастырылыпты.

Ұлы Отан соғысы жылдары 150000 полуторка жауынгерлік қызмет етті деген дерек кездеседі. Әсіресе бұл машинаның даңқы 900 күн жау қоршауында болған Ленинград тарихымен тығыз байланысты. Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен байланысты тек Ладога көлі және әуе жолы арқылы жасай алды. Ладоганың «тіршілік жолы» немесе «өмір жолы» аталуы заңды еді. Полуторкалар осы өмір жолымен 900 тәулік бойы күні-түні  не қажеттің бәрін тасып, миллиондаған қала халқын ажал тырнағынан арашалады. Ажалға араша болған сол көліктеріміз жау артиллериясының атқылауына, әуеден жау авиациясының бомбылауына да талай ұшырады. Қыс айларында бомбалаудан мұз жарылып, машина жүгімен суға кеткен фактілер де аз болмаған. 357 машина су астына кетіп, артынша сүңгуірлердің (водолаздардың) көмегімен шығарылғаны туралы да деректер бар. Алайда адамнан айла артылған ба?! Шопырлар екі фардың тек біреуін қалдырып, оны да қаңылтырмен қалқалап, бағдарлау үшін ғана ортасынан жырық шығарған. Сосын қауіп-қатер туғанда секіріп кету үшін машинаның екі есігін  ашып қойып айдаған. Соғыстан кейінгі жылдары полуторка орнын газондар (ГАЗ 51, 52, 53) алмастырды ғой...

Ал мен бұл машинаны алғаш рет осыдан 67 жыл бұрын «тірілей» көргенім бар. Тек көргенім емес, оған еркімнен тыс мінгенім күні бүгінге дейін есімде. 1952 жылы Мәскеудегі ең жоғары биліктің пәрменімен Орда ауданы мәжбүрлі түрде таратылып, аудан тұрғындары жан-жаққа көшіріле бастады. 1953 жылы 11 жастамын. Шыжғырған шілде. Жиекқұм ауылдық кеңесіне қарасты бірнеше ұжымшардан біріктірілген «Қосшы» одағының 117 үйі  (шамамен 600 адам) Шымкент облысына көшірілетіні белгілі болды. Ел іші дүрбелең, жылап-сықтау... Кімге айтып жатқаны бір құдайға аян, әйтеуір, ашынған халық кінәлілерге лағнет жаудыруда. Содан біздерді сыйғанынша осы полуторкаға тиеп, Сайқынға әкеліп төкті. Неше рейс жасағанын кім білген. Әйтеуір жер аударған халықты алып кетуге күтіп тұрған 10-12 вагон тіркелген состав толғанша үсті-үстіне әкеліп жатыр, әкеліп жатыр... Вагон деп тұрғанымыз кәдімгі жолаушы отыратын жайлы орны бар бүгінгінің вагоны емес, мал, тауар тиейтін темір вагондар.

Қысқасы, баратын жерге 12 тәулік жүріп жеттік-ау... Ондағы жол-жөнекей көрген қиындықты, қорлықты көзге елестетудің өзі қорқынышты. Еске алу тіптен ауыр. Әрине, ол басқа тақырып, бөлек әңгіме...

Амантай Хамзин,

Бөкей ордасы ауданы

тарихшы, өлкетанушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале