Шыңғырлау жері табиғаты әсем, шежіреге бай. Осы Шыңғырлау жерінде бүгінде 100 жасап отырған кейуана бар.
100 жасты еңсерген Нұрсұлу Тоқжанова әжеміздің кіндік қаны тамған жер - Жымпитының Жусалы ауылы. Балалық шағы есінде жоқ. Себебі бесіктен белі шықпай жатып, өмірдің сынына тап келген тағдырластары сияқты Нұрсұлу әжемізде ауылдағы тынымсыз тірліктің бел ортасында жүргені деп түсіндік. Әкесінің аты - Ақшолақ, ал анасы Қазира. Әжейдің ерекше атап айтар естелігі бұл - анасының шашын өріп берген сәттері. Колхоздың қым-қуыт шаруасынан қолы қалт еткенде қызын алдына алып, аялап, білгенін айтып отырады екен. Сондай бір сәттерінде айтқаны: «Сені күзде дүниеге әкелдім. Сен туғанда большевиктер Николай патшаны тақтан құлатқан-ды». Соған қарағанда әжейдің туған жылы, тіпті 1917 жыл болуы да мүмкін - ау деген ой туады. Десек те, құжат бойынша Нұрсұлу әже бүгінде 100 жаста.
Өмірі туралы сыр шертсе, жарқын жағынан сұрқай жағы басым болып келетін бір ғасырлық өмір жолы тек қана еңбекпен, қиын кезеңдермен өрнектелген екен. Буыны бекімей жатып, колхоздың жұмыстарына жегілген. Соқа айдап, қолмен шөп орған. Совхоздың малын қарап, қозы баққан. Тіпті соғыс кезінде күзет жұмысын да атқардық қой дейді мұңайып. Әсіресе егін егу, ору науқаны сол кездегі қыз-келіншектердің еншісінде болып, қамбаға қалайда дәнді жеткізу оғайға соқпағанын жиі айтады. Соғыс басталғанда Нұрсұлу әжейдің отбасы Ресейдің Бузулук деген жерінде қоныс теуіпті. Әкесі сондағы жылқы зауытында жұмыс істеп, бұлар көмекшілік еткен. Соғыс басталғанда ауылдағы бас көтерер азаматтармен кеткен әкесі майданнан оралмапты. Қым-қуыт кезеңде ФЗО-да оқып, бір топ жастармен бірге Сталинградта оқ жасайтын зауытқа жіберілген. «Жарқыраған гильзаларды станокта жонып, неміске қарсы атылатын снаряд жасадық» - дейді. Отқа оранған, соғыстан кейінгі, колхоздастыру кездегі оқиғалар да елес сияқты, ұмытылуға жақын екен. Бертін келе отбасын құрып, бірнеше құрсақ көтерген, өкінішке орай үш баладан басқасы шетінеп кеткен.
Жолдасы қайтып, баласы армияға кеткен соң туыстары оны Полтава совхозына көшіріп алады. Сол ауылда тағы да отау құрып, мал өсіріп, тірлігін көреді.
Шағын ауылда әр адамның іс-қимылынан хабардар болып отыратыны белгілі. Нұрсұлу әжейді жас күнінде көргендер қатты таңданады екен. Талдырмаш қана келіншек қолына қандай істі алса да тап-тұйнақтай қылып, ал бір сәтте бірнеше жұмысты қатар алып жүріп, күш-қайратының молдығымен тәнті еткен. Ала таңнан тұрып алып, совхоздың да, үйдің де тірлігін дөңгелеткенде алдына жан салмапты. Тіпті ауылдан жырақтағы тұщы суы бар құдықтан таңертең екі рет барып иін ағашпен су әкеліп алады екен. Оның пысықтығы, еңбекқорлығын ескеріп, совхоз басшылығы оған бір бас бұзау тегін беріпті. Соны төрт бас малға жеткізіп, өзгелерге үлгі болғаны сол кездегі ауылдастарының аузында жүріпті. Шымыр, өзі қайсар жан, әсіресе еңбекақы берер кезде жұртты талай күлдіріпті. Ақша береді дегенді естісімен жұрт тайлы - таяғы қалмай бірі атқа мініп, біреулері ат арбамен екі шақырымдық жердегі кассирге жүгіреді. Әрине, Нұрсұлу әжей де жолдасы екеуінің еңбекақысын алуға баруы тиіс. Күлкілісі сол - хабар жетісімен сол касса алдында ең бірінші болып, Нұрсұлу әже тұрады. Жаңа ғана қасымызда тұрдың қалай жаяу жеттің деп көлігі барлар таңдай қағып, күлкіге қарық болған кездер көп екен. Сөйтсе, өмір бойы жаяу жүретін «желаяқ апай» ат-арбадан озып кетеді екен.
Көз жанары кетсе де жүрегіндегі мейірім шуағы айналасына нұр беріп тұрған кейуана немерелері мен жиендерін айналасына жиып алып отыруды ұнатады. Олардың бастарынан сипап, құшағына алып, ойға шомады. Сыртқа жаятын қаз-үйректі қарап, қолқабыс ететіні де бар кейде дейді үй-іші. «Қызым мен күйеу балам Энгельс пен Бәтиманың қамқорлығын көріп, құдағайым Ақылға арқа сүйеймін», - дейді жымиып.
Тумысынан қарапайым жан, міндетсуді немесе біреулерді жазғыруды білмеген. «Ешкімге ренішім жоқ!» деген сөзді көп айтады екен. Өмірдің ыстық-суығына мойымай міне, енді, жайма - шуақ күндері үшін шүкіршілік етеді.
Айсұлу Арыстанова
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz