Шұрайлы Шыңғырлау өңірінен 70 шақырым қашықтықта орналасқан, тұрғыны тату, түтіні түзу алақандай ауыл бар. Бұл - Ақтау ауылы.
Аядай ауылдың айналасына көз жүгіртсеңіз, табиғаттың сұлулығына таңдай қақпасыңыз екіталай. Жағалай жасыл құрақ, кең дала, алыстан аппақ болып Қылыштау, Ханшатыр, Торатбас таулары мұнартып, менмұндалайды. Ауылдың «Ақтау» деп аталуы да осы бір тұғырлы таулардың арқасы ма дерсіз. Хош, өткен қыстан қысым көрмей, жайдарлы жазбен жүздері де жайнап, «ауылы аралас, қойы қоралас» тату тіршілік кешіп отырған ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек ниетте әдейілеп осы бір жұмақ мекенге атбасын бұрдық.
Бүгінде Ақтау ауылдық округінің бес жүзге жуық халқы бар. Түтін саны-120. Ең бастысы халқының бүтіндігі, жұдырықтай жұмылған бірлігі көңіл қуантады. «Ақтаудың» атына заты сай десек еш қателеспейміз. Себебі ақжарқын, ақпейіл тұрғындар көп мұнда. Жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, жай-күйі қаладан бір мысқал кем емес. Ауыл әкімі Мұрат Тасболатовтың айтуынша, бұған дейін шешімін таппай, кезек күттірген ауыз су мәселесі бүгінде назарға алынып, оңтайланып келеді екен. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті қаражат бөлініп, таза ауыз сумен қамту жұмыстары басталып жатыр. Бұл қызметті «Болат-Д» ЖШС мердігері өз міндетіне алып, жұмысты бастап та кеткен көрінеді.
«Ақтау ауылына таза су өткізу жұмыстары 6 айға жоспарланған болатын. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Жергілікті жерден жиырмаға жуық жұмысшы еңбекпен қамтылып отыр. Жалақысы да көңіл қуантарлық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жұмысшы тобы өз міндетін ойдағыдай орындап келеді. Бұйырса, үш айдың көлемінде бітіріп қаламыз ба деген үміт бар»,-дейді учаске басшысы Жұмабек Ержанов.
Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында мәдени-демалыс орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалмапты. Бұл міндетті «Азамат" ЖК басшысы Азамат Нурушев өз міндетіне алып, ауыл орталығына сәнді саябақ салып бермекші. Саябақ ішінде спорт-воркаут, балалар ойын алаңы, мәдени шараларға арналған сахна бой көтереді деп жоспарлануда.
Тұрғындардың басым көпшілігі жылқы, сиыр, қой сынды төрт түлік түрлерін ұстап, құс асырап, ерінбей еңбек етіп отырған жандар. Сыртынан қарап әншейін «қой құрттап, қойыртпақ ұрттап» отырған ауыл деп айтуға ауыз бармайды. Ауданның өзінен бірен-саран кездесіп қалатын соңғы үлгідегі көздің жауын алатын әсем үйлер мұнда көше-көше сайын алдыңыздан шығады. Солардың біріне біз де бас сұғып, үй иесі Тыныш Иманғалиевпен емен-жарқын сұхбат құрдық.
«Мен өзім осы жердің төл перзентімін. «Бірлік» - бұл ауылдың басты ұраны десем, асылдық айтқаным емес. Біріне-бірі болсын деп отырады үнемі. Ауылдың таңы еңбекпен атып, күні еңбекпен батады. Қорасында малы жоқ үйді кездестіруіңіз неғайбыл. Басым бөлігі ірі қара ұстап, шаруасын дөңгелетіп отырған жандар. Қазір ауылда тұратындардың көбі қалаға көшіп, туған жерінен жырақ кетуге көптеп әуестеніп алды ғой. Мен ондайларды түсіне бермеймін. Еңбектенсең сол қаладағы жайлы баспананы ауылда да тұрғызып алуға болады емес пе? Бейнеті көп болса да, ауылда мал бағып, ірі қара асырағанның пайдасы көл-көсір. Біздің ауылдастар сол бейнеттің зейнетін көріп отыр бүгінде. Қалаға екі-күннің бірінде қатынауға мүмкіндік бар. Бірақ сонда да ауылға асығып тұрамыз. Райса жеңгең екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік, аяқтандырдық. Бірақ сол ұлдарым ауылдан алшақ кетпейміз деп отыр. Қазір қалаған баспанасын қолдан тұрғызып, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үйлері кірсе шыққысыз. Көптен қолымыз жетпей жүрген ауыз су да ауылға жетті. Бүкіл жағдай жасалып жатыр ғой қазір. Тек еліңе қайырлы қызмет етсең болды»,- дейді Тыныш Хиниятұлы. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, жүрегі ел деп соғатын абзал азаматтың елжандылығынан бөлек, қарапайым қасиетін де байқадық. 2016 жылы «Жәнібек» шаруа қожалығын ашып, бүгінде 500 жылқы, 100 сиыр, 800-ге жуық қой асырап, кәсіптің нәсібін көріп отырған азамат ауылдастарына өз қаражатына мал сою алаңын ашып берген көрінеді.
Әлемді жайлаған аты жаман індет «інге» тығып, қарапайым халыққа қолбайлау болып тұрғаны ақтаулықтарды да алаңдатып отыр. Десе де «әр нәрсенің қайыры бар» демекші, карантинді де игі іске арнап отырғандар аз емес бұл ауылда. Оған қолөнер шеберіне айналған Алтын Рысқалиеваның әңгімесі дәлел. Ауруханада «мед.лаборант» қызметін атқаратын кейіпкеріміз бүгінде декреттік дамалыста отырған аяулы ана.
«Мамандығым бөлек болғанымен түрлі қолөнер бұйымдарына ерекше қызығатын едім. Бірде жолым түсіп, қаладағы қолөнер бұйымдарын сататын дүкенге кіре қалмасым бар ма. Құдай-ау, көздің жауын алатын көрікті дүниелерді көріп, қолым жеткендерінен біраз сатып алдым. Содан түрлі интернет сайттарын ақтарып, қыз-келіншектерге арналған ерекше бұйымдарды жасау әдіс-тәсілдерін меңгеруге кірістім. Бүгінде түрлі тұмарлар тігіп, шамбала, конзаши техникасымен жасалған әшекейлерді әзірлеймін. Қазір үйде отырсам да тапсырыс қабылдап, бос уақытымды сүйікті ісіме арнап қоямын. Аудан орталығынан, Ақсай қаласынан хабарласып, қызығушылық танытатындар да бар. Баламен отырғасын көп қолың да қалт ете бермейді. Сондай кезде енем қолғабыс етіп, қолдау білдіріп отырады. Енеме айтар алғысым ерекше»,- дейді Алтын қолөнердің қыр-сырымен бөлісіп.
Тегінен тектілік, ерінен ептілік кетпеген, қазыналы халқы, бірлігі жарасқан халқы бар «Ақтау» ауылының бүгінгі көрінісі осындай. Көрдік, көп дүниені көңілге түйдік. Сәні мен салтанаты келісіп, біртоға бүтін тіршілігінен айнымаған қазыналы ауылдың қорасы малға, қамбасы дәнге толып, бірлігі арта беруіне біз де бек тілектестік таныттық!
Самат Байболат
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz