24.06.2020, 10:51
Оқылды: 153

Лотерея: Бұл не деген батпан құйрық?

Соңғы кездері әнші біткеннің бәрі дерлік Instagram әлеуметтік желісі арқылы ұтыс ойындарын ойнатып жүргені мәлім. Шарттары да сан қилы. Бірі демеушілерге жазылыңыз деп, ұзын-сонар тізім берсе, екіншісі ән жинақтарын саудалап, үшіншісі билет сатып әлек. Қайткен күнде де, қарапайым халықтың қалтасы қағылуда.

A458A898-D4B6-4ABA-869E-6E8D6DB40841

Әншілерден вайнерлер мен блогерлер де қалысар емес. Көздің жауын алар сыйлықтарын көргенде, кез келген адамның қызығуы, бір рет болсын бағын сынап көруге шешім қабылдауы заңдылық. Мәселен, пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдайға қарамастан, жалған ұтыс ойнатты деп айыпталған Ернар Айдардың 9900 теңгеге 20 билет сатып, 4 көлік (2 джип, 2 седан), Алматы қаласынан 1 үй және тұрмыстық техникалар тіккені анықталған еді. Әріптестерінің былығы ашылып, Ернар «Мен алдандым» деп жанұшыра ақталса да, міз бақпастан лотерея ойнатқандар, жарнамаларын желілерге үздіксіз жүктеген жұлдыздар жетіп артылды. Не керек, Instagram-ға кірсеңіз, көліктің түр-түрін, iPhone X, ақшалай сыйлықтар, тіпті жылқының етіне дейін («заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы) «таратып» жатқан өнер адамдары мен блогерлерден көз сүрінеді. Содан «Байқау», «Гив», «Лотерея» деген ұғымдарды не байланыстырады? Айырмашылықтары неде?» деген сұрақтарға жауап іздеп, оқырмандарымыздың сауатын ашуды жөн көрдік.

Мақаланы жазу барысында аталмыш «кәсіппен» айналысып жүрген жұлдыздардың сұхбаттарын, БАҚ өкілдерінің ақпараттарын (мақала, бағдарлама, әлеуметтік желідегі түрлі посттар) түгелдей зерделедік. Бір нәрсені ұқтық. Байқау мен лотереяда ұйымдастырушылар халықтан ақша жинайды екен. (Бірақ екеуін екі түрлі ұғым санауын ұқпадық). Яғни бір нәрсені белгілі бір бағаға сатады. Көбіне эстрада жұлдыздары ән жинақтарының электронды нұсқасын немесе әндері таспаланған CD дискті 10 мың теңге көлеміндегі сомаға сатуда. Сөйтіп, өздерінің тілімен айтсақ, қайырымдылық жасап жатыр. Мыңдаған жас үлгі тұтатын, күндіз-түні теледидардан түспейтін, өздеріне «жұлдыздар» деп айдар таққан, ел алдында жүрген жандардың санасы халықтан жинаған ақшаны халыққа түрлі сыйлықтар алу арқылы таратып беруді «қайырымдылық» санауы күлкіні келтірді. Амал қанша? Мұқағали атамыз айтқандай, «шекпен жауып» қайтарып жатқан түрлері.

«Гив» сөзін блогерлер жиі қолданатын көрінеді. Олар ештеңе сатпайды. Ұйымдастырушы блогерлер демеушілер жинау арқылы парақшаларындағы оқырмандарына ақшалай немесе заттай сыйлықтар таратады. Бір сөзбен айтқанда, өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Кәсібі бар демеуші оқырман жинаса, блогер табыс тауып қана қоймай, өз оқырмандарын сый-сияпатқа бөлеп, алғыс алады.

Теректінің келіні, Малика есімді талғампаз қыздың анасы, блогер, замандастарынан қалмай, тик-ток түсіріп, әлеуметтік желі арқылы табыс тауып жүрген Күлімхан Даужановамен (суретте) тілдескен едік.

9711CE36-4499-4F15-A70C-10DCC0881AAB

Instagram-дағы 33,9 мың оқырманына гив ұйымдастырып үлгерген газетіміздің экс-тілшісі сұрақтарымызға толық жауап берді.

-Гивті бұрын-соңды оқырман саны 500 мыңнан жоғары блогерлер ғана өткізетін. Соңғы кездері оқырмандары 10 мыңнан асатын, блогерлікті жаңадан бастап жүргендер де тізгінді қолға алуда. Жалпы, гив өткізу үшін  бір-екі апта бұрын жарнама жасалады. Демеуші табу оңай емес. Сол себепті кейбір блогерлер арнайы гив ұйымдастырушылармен тікелей жұмыс істейді. Ал кейбірі жарнама арқылы қаражатпен қолдайтын адам табады. Осы уақытқа дейін блогерлікпен айналысып жүрген қыздармен бірігіп, бірнеше гив өткіздік. Аллаға шүкір, бәрі де сәтті өтіп жүр. Демеушілерге ұсынған 1500-2000 оқырманды ойдағыдай жинап бердік. Гивті жиі өткізсең, оқырмандарың да үйреніп, қуана-қуана қатысады, - деді Күлімхан Махметқызы.

Әр ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын жерлесіміздің айтуынша, үнемі ізденіп, өзіңді дамытып, парақшаңды «жаныңды салып» жүргізіп, ерінбей еңбектенер болсаң, ақшадан қалтаңды қампайтуға болады екен. Әр гивін әділ өткізіп, нәпақасын адалынан табуды жөн санайтын Күлімхан ешқашан әншілер ұйымдастырып жатқан ұтыс атаулыға қатысып көрмепті. Билет сатып алып, байқауға қатысуға түбегейлі қарсы.

Бар жиған-тергенін лотереяға салатын жандарды мүлдем түсінбейтін теолог Бағдат Адайхан (суретте) лотерея ойнаудың, ойнатудың шариғаттағы үкімін айтып берді.

71C651AF-F73E-44B9-B061-DF420B946A62

-Ақша төлеп, кез келген ұтыс ойынына қатысу құқығын алу құмар ойынымен тең. Шариғатымызда нәтижесі немен аяқталатыны беймәлім нәрсеге ынтығып, қаражат жұмсау немесе тер төкпей оңай жолмен дүние табу харам болып есептелінеді. Мысалы, құмар ойындарында салған ақшаң құмға сіңген судай құрдымға кетуі мүмкін. Яки, еңбек етпестен кенеттен мол қаражатқа ие болуың ғажап емес. Лотереяда да қатысушылар жаппай ақша тігіп, ал ұтысқа тек белгілі біреуі ғана ие болады. Ұтылғандар ұтыстан құралақан қалып, зиян шегеді. Асыл дініміз құмар ойындарына тыйым салғандықтан, лотереядан ұтыс ретінде алған заттар мен бұйымдарды да пайдаланған дұрыс емес. Кейбір ғұламалар мұндай жолмен келген дүние-мүлікті жоқ-жітікке тегін үлестіргенді дұрыс санайды.

Елімізде қазір қолданып жүрген «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Биыл ақпан айында өткен мәжілісте мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заңға енбей қалған бірқатар мәселе барын анықтап, нормативтік актілерге түзету енгізуді, толықтыруды ұсынған болатын. Сонымен, өзгеріске түскен жаңа заң негізінде лотерея операторы болып саналмайтын, яғни «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамынан басқа кез келген жеке немесе заңды тұлға лотерея өткізсе, жазаланады.

Ауданымызда лотерея десе, ішкен асын жерге қоятындар жеткілікті екен. Өзін Арман деп таныстырып, суретін де, аты-жөнін де жарияламауымызды өтінген жігіт осы уақытқа дейін ұтыс ойындарына 150 мың теңгесін жойғанын жасырмады.

-Мен Ернар Айдар, Айнұр Тұрсынбаева, Нұрлан Еспанов, Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа сынды әншілер ұйымдастырған ұтыс ойындарына қатыстым. Өкінішке орай, ештеңе ұтпадым. Керісінше, ұтылдым. Билет алған сайын бірнәрсе бұйырып қалар деп үміттенетінмін. Алайда жеңімпазды анықтар сәтте үнемі күдіктенемін. Ұтатын адамдар тізімі алдын ала дайындалатын сияқты болып көрінеді. Бірнеше рет опық жегендіктен, алдағы уақытта лотереяға мүлдем жоламаймын деп шештім. Оларға жойған қаражатты отбасымыздың қажеттілігіне жұмсайық, - дейді ол.

Әдемі есімді жерлесіміз:

- Әншілер де ақымақ емес қой. Өздеріне пайда түспесе, алтын уақыттарын сарп етіп, лотереяны не үшін өткізеді? Бұл жерде халықтың да кінәсі бар. Солардың шығармашылық концерттеріне барып, өнерлерін тамашалап қана қойса, жетпей ме? Тойларына шақырып, сұраған ақшасын беріп, жаман үйретті. Одан қала берді, өткізіп жүрген ұтыс ойындарына қатысады. Бар қаражатынан айырылған соң, оларды қаралағаннан не пайда? Әркім өз ісіне есеп беруі керек. Өзім лотерея тұрмақ, гивтерге де қатыспаймын. Шарттарын орындап, «алма піс, аузыма түс» деп отыратын жандардың қатарынан емеспін. Менің ойымша, ұтыс ойынына құмар адамдар - «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретіндер.

P.S. Иә, ұтамын деп ұтылып, қарызға батып тұтылып жүргендер арамызда көп. Бірі қатесінен сабақ алса, екіншісі оңай олжадан үмітті. Пандемия кезінде әлем жұлдыздары қандастарына қаржылай қолдау көрсетіп жүрсе, біздің әншілер қарапайым тұрғындардың ақшасын жинағандарына мәз!

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале