24.06.2020, 15:48
Оқылды: 103

Коронавирустан да қауіпті «вирус»

Қазіргі таңда дүние жүзі халқы 2019 жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласынан тараған COVID-19 індетімен күресіп әлек. Дәрігерлер күн-түн демей, науқастардың өмірі үшін арпалысуда. Әр мемлекетте карантин жарияланып, аурудың ушығуының алдын алуда түрлі шаралар жүзеге асуда. Вирусты жұқтырғандар саны күн сайын артқанымен, жазылып шыққандардың жағдайын естіп, марқайып отырмыз. Бұл індеттің түбі беті бері қарап, қалыпты өмірімізге оралатынымызға үміттеніп жүрген жайымыз бар.

FDF4C3CB-347A-458C-9324-4B4FFE70BA42

Алайда, ұлтымыз үшін бұл вирустан да қауіпті «вирус» бар. Иә, дұрыс оқыдыңыз. Қауіптілігі сонша – көптеген жылдар бойы исламтанушы, дінтанушы, теолог, имамдар, қала берді, қарапайым тұрғындар бұл «індетке» жабылып қарсы тұруда. Жұмыс жүйелі түрде жүріп жатыр. Дегенмен көңіл шіркін алаңдаулы.

Дін – ізгіліктің шырақшысы

Халқымыз «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп дөп басып айтқан. Еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері тіл, діл, дінін түгендеді. Зайырлы мемлекет болдық. Әр адам өзі қалаған дінін ұстанды. Ешкімнен жасырынбады. Сенімі жайында үрейленбестен айта алатын деңгейге жетті. Осы халімізге мәз болып, бөркімізді аспанға атып жүргенімізде, жат ағымдарға «шекарамызды» ашып жібергенімізді байқамаппыз. Жазғы жаңбырдан соң бас көтерген саңырауқұлақтай қаптаған ағымдар кесірінен ұрпақ санасы улануда.

Әуелі мыңдаған адам қызметін 1997 жылы бастаған «Ата жолымен» әуре болды. Белгілі бір сомаға қарапайым адамнан әулие жасауды мақсат тұтқан ұйымның қаржылық пирамидадан еш айырмашылығы жоқ еді. Ағымның әрбір мүшесі ел аралап, жаңа ізбасарларды ұйымға әкеліп отырған. Содан соң қазақтың салт-дәстүрін мүлдем мойындамайтын, төрт мәзһабқа жұлдызы қарсы салафизм ағымы келді. Ұлттық болмысқа тән дүниелерді жоққа шығаруды көздеген ағым өз ішінде суруриттер, мадхалиттер және такфир жамағаттары болып бөлінді. Олардың сенім тұрғысынан негізі бір болғанымен, діни ұстанымдары мен көзқарастары әртүрлі. Исламды жеткізу мен түсінудегі пікірлері қарама-қайшы келгендіктен, бөлініп тынды. Тәкбіршілер, таблиғи жамағат, сопылар, шииттер, нұршылар мен сүлейменшілер, тәңіршілер... Айта берсең, тізімді тауысу мүмкін емес. Осыны ойлағанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - деп ескерткені еске түседі. Сахабалардың: «Уа Алланың Елшісі! жәннәтқа баратын топ қайсысы?» - деген сұрағына Пайғамбарымыз: «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап берген екен. Әнас ибн Маликтен жеткен хадисте: «Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар болсаңыздар), міндетті түрде үлкен  топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» - деген өсиеті бүгінгі күнде дәстүрлі Исламды ұстанатын (Әһли сүннет уәл-жамағат) жамағатты меңзеген. 

Дін – ақиқат пен ізгіліктің шырақшысы. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастаушы ілім. Замандастарымыз бабаларымыздың «Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» деген мақалын ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қалыптастырған бағытымен жүрсе, игі болар еді.

Сирияға 20 жасында аттанған

Былтыр Сирия асқан қазақстандықтарды елге қайтару үшін «Жусан» операциясының жүзеге асқаны белгілі. 7-9 мамырда «Жусан-2» операциясы негізінде 231 азамат елге жеткізілді. Олардың 156-сы - балалар. Ер адамдар саны - 16, әйелдер - 59. (Ақпарат «akorda.kz» сайтынан алынды).

Сол күні бағы жанып, Құдай тілеуін беріп, елге оралғандардың бірі – Арайлым (есімі өзгертілді). Ол 17 жасында намаз оқып бастаған. 18 жасында анасының қарсылығына қарамастан, ағасының араласып жүрген досына тұрмысқа шығады.

-Біз үш рет кездесіп, некемізді қидырдық. 2015 жылы тұңғышымыз дүниеге келді. Сол кезде күйеуім ғаламтордан түрлі видеолар қарап жүрді. Бір күні өзінің Сирияға кеткісі келетінін айтты. «Ислам мемлекетіне» барып, шариғат бойынша өмір сүрейік», - деп жиі айтатын. Сөйтіп, бір күні жолға жиналды. Екінші балама жүкті болсам да, күйеуімнен қалмай, бірге баруды жөн санадым. Өзге де таныстарымызбен Түркия елі арқылы Сирияға жеттік. Бізді өздері «махар» деп атайтын әйелдер жатақханасына әкелді. Күйеулерімізді екі айдан соң көретінімізді, олардың әскери дайындықта болатынын айтты. Екі ай өтті. Қызымды дүниеге әкелдім. Содан соң күйеуім келді. Екеуміз бір үйді жалдап тұрдық, - деп Арайлым әңгімесін бастады.

 Арайлым Сирияға жол тартқанда 20 жаста ғана болған. Күйеуі кейде бір, кейде екі аптаға аймақ күзетуге барады екен.

-Рамазан айы болатын. Араласып жүрген достарымыз ауызашарға шақырған еді. Түнде үйімізге оралдық. Сол кезде біз тұрған қаланы ұшақпен бомбалады. Біз төртеуміз ас үйге тығылдық. Тынышталған соң, жуынатын бөлмеге кірдім. Тағы да жарылған снарядтардың даусы естілді. Бұл жолы жақыннан естілді. Тау бұзылып, үстіме төнгендей әсерде болдым. Жан ұшыра күйеуім мен балаларым тығылып отырған бөлмеге бардым. Кешігіп қалыппын. Үшеуінен бір сәтте айырылып қалдым. (Өлімді көп көргендіктен бе, осы оқиғаны шімірікпестен баяндады). Өзім тілін де дұрыс білмейтін елде жалғыз қалдым. Көп ұзамай Қырғызстанның азаматына тұрмысқа шықтым. Екеуміз де қашып-пысып өмір сүрдік. Окоп қазып, сонда тұрдық. Екінші күйеуімнің екі қызы бар. Мен жүктімін. Осылай өлместің күнін кешіп жүргенімізде, Қазақстанға оралуға мүмкіндік барын естідік. Шынымды айтсам, басында сенбедім, - деді тыныш өмір іздеп Сирияға барған келіншек.

Қазақстанға оралмас бұрын Арайлым түсінде інісінің қайта-қайта торт әкелгенін көріпті. Тортты қолына ұстаса, өзі менсінбей кеткен Отанының елтаңбасын көреді екен. Өздері армандаған «Ислам мемлекетінде» білім алмақ түгілі, бір күні тыныш өтпеген Арайлым Қазақстанда жүрсе де, әуеде ұшып бара жатқан ұшақтан қатты қорқады.

-Өмірімізде мән қалмады. Ас-су жоқ. Екінші күйеуім де мен сияқты елінен қашып келгеніне өкінетін. Жасап жатқан тірліктерінің мұсылманшылыққа жатпайтынын айтып, қарсы шығып жүрді. Бір күні оны аймақты күзетуге шықпағаны үшін абақтыға айдап алып кетті. Содан кейін мүлдем көрмедім. Не тірі, не өлі екенінен хабарым болмады. Оның қыздары қашып жүргенімізде қаза тапты. Тамақтың жоқтығынан кішкентай балалар кез келген жерде жан тапсырып жатты. Қайда барсаң да, жеуге азық іздеген жесірлерді көретінбіз. Амал жоқтықтан шөп жеген күндеріміз болды. Сол күндер есіме түссе, жанымды қоярға жер таппаймын. «Күйеуіме ілесіп, Сирияға аттанбағанымда, өмірім басқаша болатын еді» деген ой жиі мазалайды. Өкініштісі, жастық шағым келмеске кетті. Қазақстанға оралып, туыстарыммен қауышқаныма шүкір, - деді Арайлым.

20 жастағы келіншектің қателігін жерлесіміз, Подстепный ауылының тұрғыны Ғалия да (өтінішіне байланысты есімін өзгерттік) қайталаған. Қызының айтқанына еріп, балалық шағы өткен, ғашық болып, тұрмыс құрған, тар құрсағын кеңітіп, бала сүйген мекенін бір түннің ішінде тастап кеткен. Басында білім алып жүргеніне қуанады. Алайда қуанышы көпке ұзамайды. Күдігі ұлғайып, алданғанын білгенде өте кеш еді. Ол күндерді Ғалия апай есіне түсіргісі келмейді. Отанына оралуына мүмкіндік туғанына шүкіршілік етеді. Бүгінде жерлесіміз бейбіт еліндегі бейқам өміріне, таза ауамен тыныстаған әр сәтіне ешнәрсенің жетпейтінін түсінген.

Кінә кімнен?

Негізі адам баласына үйреншікті ортасын, өмір сүру дағдысын өзгерту оңай емес. Сирияға аттанған немесе жат ағымдардың жетегінде жүрген жандармен жүздескен сайын оларда отансүйгіштік қасиеттің, ана тіліне, ұлтына деген сүйіспеншіліктің әлсіз екеніне көзім жетті. Мақалаға арқау болған кейіпкерім Арайлым да қазақша түсініп, орыс тілінде сайрайтындар қатарында. Бұл жерде кінәнің кімнен екенін аңғару оңай. Олқылық ата-ана тарапынан кеткен. Себебі бала ұядан көргенін түзде іске асырады. Үйде өзің орысша сөйлесең, балаң қайдан ана тілін қадірлесін? Өзің бөбегіңе өзге тілде есім қойып, қазақ халқының игілігі үшін аянбай қызмет етуін қалай талап етесің?

Иә, соңғы кездері ата-аналар балаларына өзге ұлт есімдерін беруді сәнге айналдырған. Жақында бейтаныс келіншектің қызын «Сальсабил, мында кел» деп шақырғанын естіп, таңданысымды жасыра алмай, мағынасын сұрап едім. «Жәннаттағы өзен атауы» деген жауап алдым. Сол бүлдіршіннің аты есімнен кетпей қойды. «Кішкентай арудың есімі Кәусар немесе Мөлдір болғанда ғой» деп ойладым. Бір өкінішітісі, «Балаңыздың аты-жөні қалай жазылады? Қандай мағына береді?» деген сұрақтарға құлағымыз да үйреніп барады. Аты затына сай емес ұрпақтың ертеңі алаңдатады...  

P.S. Ұлтымыздың тарихына бойлай алмаған қатарластарымыз салт-дәстүр мен асыл дініміз Исламның егіз ұғым екенін түсінбей, бөліп жүр. Тереңірек үңілсе, ізденсе, сөзіміздің дұрыстығына көз жеткізер еді. Адам баласына дүниеге келетін жерін және ата-ана таңдау құқығы берілмеген. Алла Тағала пешенесіне жазады. Қазақ болып тусаң, демек, қайыры бар. Сондықтан қазақ болудан сақтанба, керісінше, мақтан, қазақ бала!

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале