Бәйтерек ауданының Мичурин ауылында еліміздегі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының «Еңбек-Балапан» деп аталатын қанатқақты жобасы шеңберінде грантқа ие болған 14 отбасына мекиендер мен етті бағыттағы шөжелер табысталды.
Аталған тың жоба құс өсіруді кәсіп көзіне айналдырып, пайда табуға талпынғандар үшін таптырмас мүмкіндік туғызып отыр. Ол үшін әр үміткер «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы тегін оқу курсынан өтіп, сертификат алуы қажет. Кәсіппен шұғылдануға ниет білдірген адам өзінің бизнес жоспарын жасақтауы керек. Мұнан соң оның құжаты арнайы комиссияда қаралып, олар келісім берген жағдайда 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қайтарымсыз несиеге қол жеткізеді. Осылайша, мемлекет өз кезегінде жұмыссыз ауыл тұрғындарының жеке ісін ашуы үшін жағдай жасайды. Жалпы, биылғы жылы біздің өңірде бұл бағдарламаға 625 миллион теңге қарастырылған.
-Біз бүгін «Еңбек-Балапан» жобасымен үшінші ауданды қамтып отырмыз. Бұған дейін бұл бағдарлама пилоттық негізде Теректі және Шыңғырлау аудандарында жүзеге асқан болатын. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – кәсіп көзін ашқысы келетін ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, сол арқылы жұмыссыздық пен масылдықты азайту болып табылады. Арнайы курстан өтіп, алғашқы қол жеткізген қайтарымсыз несиеге құс балапандарын сатып алып, оларды белгілі бір уақыт күтіп-баптап, кейін ет күйінде сатып, қайта осы кәсіппен айналысамын деген жанға бұл тамаша мүмкіндік деп ойлаймын,- деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ибрайымов.
Палата басшысының айтуынша, құс өсіруге ниетті тұрғындарды балапанмен қамтуды осы саламен айналысатын кәсіпорын өз мойнына алған. Бүгінгі сары ауыз шөрелер бапталып, кейін етке сойылған кезде дайын өнімді қуана сатып алушы кәсіпкер де табылып қойылған. Әр аудандағы кәсіп иелері құс еттерін көтерме бағамен сатып алып, сол жердегі мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік мекеме асханалары мен дүкен сөрелеріне таратпақ. Сөйтіп, аудан тұрғындары жергілікті жерде өскен табиғи таза өніммен қамтылмақ. Сондай-ақ балапан өсірушілерге осы саладан хабары мол бизнес-тренерлер бекітіліп, олар «жас кәсіпкерлерге» онлайн түрде ақыл-кеңестерімен қолдау көрсетпек.
-Біздің аудан биыл жалпы құны 48 миллион теңгені құрайтын 808 грант ұсынуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 43 аудан тұрғыны қайтарымсыз несиеге қол жеткізді. Бұл дегеніміз осы кезге дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген сегіз отбасы келесі тоқсаннан бастап ол санаттан шығарылады деген сөз. Бүгін аудандағы аз қамтылған, көп балалы отбасылары мен кәсіппен айналысқысы келетін жастарға «Еңбек» бағдарламасы бойынша сертификаттар табысталды. Арнайы курстан өткендерге 505 600 теңге көлемінде қайтарымсыз несие ұсынылады. Сонымен қатар құс өсіруге ниетті тұрғындардың әрқайсысына 100 дана етті бағыттағы бір күндік балапандар және жұмыртқа бағынындағы 57 мекиен берілді. Сондай-ақ оларға бөлінген грант есебінен тоңазытқыш пен қоршауға арналған тор көзді сеткалар, балапандарға арналған жемдер үйлестірілді. Бұл шығындарға жұмсалған қаражаттан қалған ақшаға кәсіп иесі қажетті жем немесе қосымша үйрек-қаздың балапандарын сатып ала алады. Етті бағыттағы шөрелерді үш ай баптаған соң иесі сойып, етін арнайы бекітілген операторға тапсыруға немесе өзі саудалауға құқылы. Мұнан соң тапқан табысына қайтадан құс балапандарын сатып алып, кәсібін дамыта алады,-дейді Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимов.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz