Коронавирус пандемиясының құрбандарын ұлттық аза тұту күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы індеттің салдарынан жақындарынан, туған-туыс, бауырларынан, әріптестерінен айырылған еліміздің барша тұрғындарына көңіл айтты.
Министр COVID-19 індетінің еліміздің жүздеген азаматының өмірін қиғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, мәңгілікке көз жұмды, олар күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келді, соңғы демдері қалғанша күресті. Бұл қайғылы жағдай біз үшін орны толмас қаза. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі нағыз батыр болып қалады», - деді А. Цой.
Министр бұл індетті тоқтату үшін оған себепкер болып отырған пандемиямен күресте серпінді және тиімді шаралар қажет екенін атап өтті.
«Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін мен және менің әріптестерім тәулік бойы жұмысымызды жалғасатырудамыз», –деп мәлімдеді министр. Үкімет медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда, қосымша төсек орындар ұйымдастырылуда, шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан-жақты зерделенуде және жетілдірілуде. Ол сондай-ақ қазақстандықтарды қолдан келер көмектері болса осы індетпен күресуде белсенді атсалысуға шақырды және еріктілер мен белсенді азаматтардың маңызды рөлін атап өтті.
«Біз біргеміз, біз пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Бұл қиындықты жұмыла отырып, жеңе алатынымызға сенімдімін», – деп еліміздің бас дәрігері Алексей Цой сөзін түйіндеді.
Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бүгін коронавирус індетімен күрес жолында бақилық болған барлық дәрігерлердің тізімін жариялады.
zhaikpress.kz