15.07.2020, 12:15
Оқылды: 60

Індетпен күресте қырқопалық жастар қолдау білдірді

Аты өшкір індет өршігелі бері қазақтың бірлігі нығайып, ынтымағы жараса түскендей. «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деп ел-жұрт қиын кезеңде медицинаға, халыққа қолдан келгенше қолұшын созуда. Жанына дерт жамаған жерлестеріміздің саулығы үшін жаңақалалықтар да ауызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып қарап отырған жоқ.

F34EA7C8-E4A3-4B7B-9C3D-B5D2EC8898FA

Өткен аптаның өзінде Жаңақала ауданы тұрғындары, шаруа қожалығы жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер ұйымдасып, қомақты қаржы жинаған еді. Соның нәтижесінде берісі Самара қаласынан, әрісі Мәскеуден сапалы дәрі-дәрмек, түрлі тыныс алу аппараттары келді. Игі істер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Әрі қарай да жалғасын табуда. Айта кетсек, 14 шілде күні соның куәсі болдық. Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиеваның қабылдауында Қырқопа ауылының тумасы, әнші-сазгер Ербол Ақбасов болды.

- Ауыл жастары ақылдаса келе індетпен күреске тамшыдай болса да өз үлесімізді қоссақ деп шештік. Жиналған қаражатқа тапсырыспен дәрілер сатып алдырдық. Осы дәрі-дәрмектер қиналған қандастарымыздың дертіне шипа болғай. Тәжтажал тез жойылып, қазақ елі мамыражай күн кешсін деп тілейміз! - дейді Е.Ақбасов.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы ортақ іске жұдырықтай жұмылған қырқопалықтарға ризашылығын білдірді.

Алтынбек Ысқақ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале