17.07.2020, 10:13
Оқылды: 62

Жаңақалада мал ұрлығы мазаны алып тұр

 Жаңақалалықтардың тірлігі мал шаруашылымен тікелей байланысты. Атакәсіптен ажырамаған аудан тұрғындары әлі күнге дейін «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп адал еңбекпен күн кешуде. Десек те соңғы жылдары жаппай мал ұрлығы белең алып, халықтың көңілі күпті боп тұр. Оңай олжаға қызыққан, кісінің малын иеленуге дәніккен баукеспе, ашкөз ұрылар айылын жияр емес. Бүгінде мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіптен жиілеп кететіні рас.

FC49EBC5-07AC-4AB2-8D76-09C1B972CAEA

Соңғы жылдары ауыл қазағының мал ұстауға деген ықыласы жылдан-жылға кеміп бара жатқанын жасыруға болмас. Қорасын қойға, шарасын майға толтырсам деген шаруақор жұрттың жігерін құм қылған нәрсе – мал ұрлығы. Шынын айту керек, қазір малы бар адам не жылы үйіне, не жылқысының қасына жатарын білмей, дағдарып жүр. Бірінің малы өрісте ұрланса, енді бірінікі қорада қолды болуда. Әрине, жылдар бойы бағып-қағып, баптап күткен малдарынан бір сәтте айырылып қалу кім-кімге де оңай тимесі анық. Міне, жазғы маусым да аяқталуға таяу. Қырағылық танытпаса жаз бойы емін-еркін жайылып семірген малдар қолды болуы ықтимал. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батуды ойлайтын жандар союға жарамды көзіне түскен малды жоқ қылуға дайын. Яғни, өзгенің өрісіндегі түлікке барымташылардың көз тігуі өршіп тұр.

3 қылмыстық топ құрықталған

Жаңақала аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мал ұрлаумен айналысатын 3 қылмыстық топ құрықталған. Қылмыстық топтың біріншісінде екі адам бірігіп, бір жылқыны ұрлап сойып алған. Екінші қылмыстық топ ағайынды адамдардан құралған. Олар 4 эпизодтық қылмыс жасап, соның ішінде 2 бас жылқыны жымқырып, сойып жатқан жерінен ұсталыпты. Үшінші қылмыстық топ 5 адамнан құрылған. Бұл топ 14 эпизодтық қылмыс жасап, соның 11-інде мал ұрлығы жөнінде аса ауыр қылмыс жасаған. Бұл үшінші топ азаматтарын тексеру барысында Мәстексай, Бірлік, Көпжасар ауылынан малды қорадан ұрлағандары анықталған. «Ұрының арты қуыс» деген осы. Бұлар балама тілде «екі аяқты қасқырлар». Ауылдағы ақпейілді ағайынның берекесін қашырып, қойын қорасынан ұрлап, жылқысын үйірімен жоқ қылатын да осы әккілер. Көңілшек халықпыз ғой. Көбіне кешірім беріп, құйтырқы қылығын қайталамас деп жатамыз. Алайда ұрылар аяғанды түсінсін бе? Әй, қайдам. «Көп асқанға бір тосқан» дегендей, жұрттың малына қызыққандардың жазасы жеңіл болмауы керек. Ал ақыреттегі жазасын Алла береді...

«Биыл қылмысты ашу көрсеткіші жоғарылады»

«Сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-күйлі жоғалып кетіп жатқан  түліктер мен ұстатпай жүрген ұрылар шынында қайда жүр?», «Соңғы жылдары ауданымызда мал ұрлығының ашылу деңгейі қандай?», «Ұрылар жазасыз қалған жоқ па?» деген сауалдарымызды аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, майор Ербол Әлімбекеровке қойған болатынбыз.

- Бүгінгі таңда аудан бойынша мал ұрлығы азайып келе жатыр. Биыл полиция қызметкерлері мен шаруа қожалықтары және қоғамдық кеңес мүшелері бірігіп «Whatsapp» желісінен арнайы топ ашып, далада бағымсыз жүрген малдардың суретін желіге салып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасадық. Соның арқасында қазіргі таңда далада мал ұрлығы жоқ деп айта аламын.  Былтыр 2019 жылы 24 мал ұрлығы тіркеліп, соның 4 оқиғасы ашылса, биыл жыл басынан бері ауданда 14 мал ұрлығы тіркеліп, оның 11 ісі сотқа жіберілді. Сот шешімі жақын арада шығатын болады. Былтырғы жылға қарағанда биыл қылмысты ашу көрсеткіші 80 пайызға жоғарылады. Бұл тергеу жұмыстарының жемісті нәтижесі. Десе де, «көп жүрген жыланның аяғы көрінеді» демекші, ұрының ұзаққа баруы екіталай. Ерте ме, кеш пе ұрылар ұсталып, тиісті жазасын алады. Иә, тұрғындар «малымыз жоғалып кетті», «ұрланып кетті» деп бізге келіп, арыздарын түсіреді. Арыз түскен мезетте жедел топты жібереміз. Біздің полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Әрине, ант бергеннен кейін халыққа қызмет ету басты міндетіміз,-дейді майор Е.Еркінұлы.

14462906-B4F6-4766-B67F-4B4703790ADA

Малымызға мұқият болайық!

Малдың қолды болуына кейде тұрғындардың өзі мүмкіндік беріп жатады. Қазір нағыз науқанның уақыты. Жаз бойы малды сауын үшін ұстаймыз да, сосын еркіне жібереміз. Қысқа қамданыс, жемшөп, отын-су қамдаудың өзі мал түгендеуге мойын бұрғыза қоймайды. Қол байлайды. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп өзімізді өзіміз сендіреміз де, жағамыз жайлауда жатады. Орнында болмаса, сабылып 2-3 күн іздеп уақытты жоғалтамыз. Содан құқық қорғау органдарына шағымданғанша ұры да ізін суытып үлгереді. Бұрын малды ит құс жесе қаңқасы қалып, қарға үймелеп, «менмұндалап» жатушы еді. Қазір жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмай құриды. Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық, яғни адамның ісі. Іздестіре келгенде ұры да алыстан келмеген болып шығады.

Мал ұрлығы қазақта қанша ауыл болса, соның бәріне ортақ қасірет. Тағы бір айта кетерлік мәселе - бұл қылмыстың түп-тамыры тереңге жайылған, ол ұрыдан бастап, қасапшы, базардағы сатушы бәрі ұйымдасып жасайтын топтық қылмыс. Сондықтан мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз болуы әбден мүмкін. Яғни, ауыл тұрғындарының өздеріне де барынша сақтық керек. Төрт түлік малдың көбіне өрісте не жайылымда жүріп жоғалып кететінін  ескерсек, онда ең әуелі малға күзетті күшейту дұрыс болар еді.  Ұры айтып келмейді. Қораңызға құлып салғанды әдетке айналдырып, «ел ішіндеміз ғой» деген жалған сенімнен арылған абзал. «Ет тәттілігін қоймаса, мен де жеуімді қоймаймын» деп қасқыр айтпақшы, ауыл тұрғындары малды еркіне жіберуді қоймаса, ұрылар да қарап жатпасы белгілі.

Мал ұрлығы үшін жаза күшейді

Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлаған адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Ауданымызда биылдың өзінде мал ұрлап ұсталғандардың дені сотталып, темір торға қамалды. Қылмыстық кодекстің 188-1 бабы, 4-тармағы бойынша мал ұрлығы үшін қылмыскерді 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстың өтеуі – жаза. Жаза қатаңдап, қылмыскер саны азайса игі еді…

Ақсәуле Сексенбайқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Әлихан Декартұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы:

- Өткен жылдарға қарағанда биыл Жаңақала ауданында мал ұрлығы азайды. Оған негізгі себеп болған мал ұрлығы қылмыстары ауданда көптеп ашыла бастады және оның көбі сотқа дейін жетті. Ұрылар өздерінің жазасын алып жатыр. Әрине, барлық ұрылар ұсталды деп айта алмаймыз. Мал ұрлығының азаюының өзіндік себебі бар. Біріншіден, сол мал ұрлығына қатысы бар азаматтардың бір бөлігі ұсталып, олардың ісі сотқа дейін жеткендіктен басқаларына да ойлануға тура келді деп ойлаймын. Екіншіден, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мал ұрлығы қылмысының жауапкершілігі күшейгені бәрімізге белгілі. Сонымен қатар былтырдан бастап шаруа қожалықтары, мал ұстап отырған басқа да ауыл азаматтары мал ұрлығына қатысты жиын өткізіп, өздерінің пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салып, профилактикалық жұмыстарын жүргізді. Олар өздерінің ІІБ мен бірігіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін айтты. Яғни, бұл әңгімелер сол айтылған орында қалмай ұрылардың да құлағына жететіні анық. Халық пен ІІБ-нің бірігуінің арқасында мал ұрлығы азайды деп есептеймін. Сондай-ақ, жалпы биылғы жылғы ІІБ-нің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Себебі, бұрынғыдай емес мал ұрлығымен ұсталғандардың басым көпшілігінің ісі сотқа дейін жетті. Кей жағдайда соттан қайтып келген істердің өзіне қайтадан тергеу амалдары жүргізіліп, сотқа барып түбі жазаланып жатты. Міне, осының бәрі ұрлықты азайтуға өзінің үлесін қосты деп санаймын. Бұл орайда полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Ербол Әлімбекеровты атап айтқым келеді. Себебі қазіргі жаңа басшы келгенге дейін міндетін атқарушы қызметінде жүргенде көптеген профилактикалық жұмыстар жүргізді және жедел іздестіру шараларын жақсы ұйымдастыра білді. Соның арқасында көптеген қылмыстар ашылды.

Қобылан Аманғалиұлы, Мәстексай ауылының тұрғыны:

- Мәстексай ауылынан 2018 жылы ресми тіркелгені бар, тіркелмегені бар 90 бас ірі қара жоғалса, 2019 жылы 35 бастай ірі қара қолды болды. Бұл қылмыстың ешбірі ашылған жоқ. Қылмыс ашылмағасын кімнен көреміз. Бірнеше жылдан бері менің қорамнан да қой ұрланып жүрген, биыл ұрылар ұсталды. Малды ұрлаған көршілес ауылдың азаматтары. Күдікті тергеу барысында да малды қалай ұрлағанын тәптіштей айтып, көрсетіп те берді. Оның барлығы бейнетаспаға да түсірілді. Наурыз айында ашылған іс, әлі сот болған жоқ, күтудемін. Ұры ұсталды деп қуанып жүргенімізде бір аптадан кейін көршінің қойы қорадан ұрланып кетті. Ол екі қойды ұрлағандар да әлі анықталған жоқ. Қылмыс ашылған жағдайда заң тарапынан қатаң жаза қолданбаса, ұрлық қайталана береді. Кейінгі өсіп келе жатқан жастар оңай табыс көзі осы екен деп, ұрлықпен айналысып кете ме деген күмән бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале