Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік филармониясы "Сарыарқа" ансамблінің солисі Ертіс Сайырханмен сұқбаттасқан едік.
- Cіз жуырда ғана өткен домбырашылар конкурсының жүлдегері атаныпсыз. Құтты болсын! Жалпы, байқаудың өту барысы туралы айтып өтсеңіз...
-Осыдан бір ай бұрын Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының қолдауымен Ұлы Абайдың 175 жылдығы шеңберінде Ұлттық Домбыра күніне орай домбырашылар конкурсы өткен болатын.
Конкурсқа еліміздің түпкір-түпкірінен 35-ке жуық дарынды домбырашы өнерпаздар қатысты.
Қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі күйшілер Айгүл Үлкенбаева, Айбек Бекбосынов сынды танымал тұлғалар төрелік етті. Конкурс талапқа сай жоғары дәрежеде өтті деп ойлаймын.
Қорытындысында жүлделі ІІ орынға қол жеткіздім. Бұл байқау бізге үлкен күш-жігер берді. Болашақта осындай байқаулар көп болса екен деп тілеймін. Қуанышымда шек жоқ. Рақмет.
- Сіздің жастық шағыңыз елордамен тікелей байланысты. Армандар қаласы сізге не үйретті?
Арман қуып, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түскен кез есімнен бір сәт кетер емес. Өйткені біз білім, тәлім алған университет нағыз білім мен өнердің, мәдениеттің ордасы. Университет жанындағы «Шабыт» ансамблі мен қазақ ұлттық оркестрі құрамында талай мәрте өнер көрсеттік. Ансамбльдің белді мүшесі болдым. Университет ректоры, Әлем әртісі Айман Мұсаходжаеваның ұлттық өнерді қолдауының арқасында «Шабыт» ансамблі мен қазақ ұлттық оркестрі шетелдерге ұлтымыздың өнерін насихатттау мақсатында өнер сапарымен сан мәрте барды. Оның ішінде АҚШ, Египет, Франция, Малазия, Турция мемлекеттерін атауға болады. Шетелдіктердің біздің өнерімізді ерекше ықыласпен қабылдағаны біздің өнерге деген қанатымызды қатайта түсті.
Сол себепті біздің елімізде студенттік ансамбльдерді, оркестрларды қолдап отырған бірден-бір оқу орны біздің университет деп толық айта аламын. Бұл орайда ұлттық өнерімізді әлемге насихаттауда Айман Қожабекқызының еңбегі өте үлкен.
- Өнерге келу жолыңыз. Кім бағыт-бағдар берді, жөн сілтеді?
Әкем домбырашы адам. Нағыз өнер адамы. Бала кезімізде домбыра ойнап отырған әкеме барып: «Әке, маған неге домбыра үйртпейсің? деп сұрағаным бар. Содан әкем мені Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің домбыра сыныбына оқуға жіберді. Мектепте музыка мектебінің оқытушысы Сәбекова Рысгүл деген апайдан білім алдым, өнер үйрендім. Менің домбыраға, өнерге деген қызығушылығым осылай басталды. Ал 2012-2013 жылдары аралығында музыкалық колледжге оқуға түсіп, өнерімді шыңдай түстім.
Бертін келе елордадамыздағы «Шабыт» өнер университетінің оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбаев ағамызға оқуға түстім. Ұлағатты ұстаздан көп тәжірибе алдым. Алғысым шексіз. Менің жетістіктерге жетуім – ұстаздарымның арқасы.
Домбыра – қазақтың үні, рухы. Домбыра барда өнер жұтамайды. Осы жолды таңдағаныма еш өкінішім жоқ.
- Жалпы оқырманға айтар тілегіңіз...
Бүгінгі таңда елімізде ұлттық өнерге қолдаудың бар екендігі айқын сезіледі. Айтарым, телеарна, радиолар ұлттық өнерді бұқараға жеткізуде насихат жұмыстарын жүргізе берсе екен?..
Мені көбіне-көп еліміздегі жекелеген әншілердің Еуропаға, Батысқа еліктеуі қынжылтады. Олардың тасасында ұлы тұлғалардың есімдері, шығармалары халыққа дұрыс жетпей қала ма деген қорқыныш бары рас. Болашақта ұлттық құндылықтарға ерекше мән беруіміз керек деп ойлаймын. Болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болсын!
Сұқбаттасқан
Ертай Бимұханов