24.07.2020, 11:56
Оқылды: 69

Карантиндегі Құрбан айт

Құрбан айт – иісі мұсылман халқы үшін ең ұлық та қастерлі мереке. Биылғы күнтізбеге сәйкес Құрбан айт шілде айының 31-і және тамыз айының бірі, екісі күндеріне түсіп тұр. Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Жаратушы Хақ Тағалаға жақындай түсу дегенге саяды. Әйтсе де құрбандық шалу тек қан шығарып, мал бауыздаумен ғана шектелмесе керек-ті. Жақсы іске ниет еткен әр жанның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, жанашырлығы, мәрттігі, жомарттығы т.б адами қасиеттері  таразыға түсетін ізгі күн.

Карантин кезінде мұсылман қауымы үшін ең ұлық Құрбан айт қалай өтеді деген сауалдың туындары анық. Осы орайда Бөкей ордасы аудандық мешітінің имамы Қуандық Насыровпен сұқбаттасқан болатынбыз.

7A5FABC4-2CF7-4DCD-8637-108155EF0391

– Қуандық Берікұлы, пандемияға байланысты биыл діни жоралғыларымызға елеулі өзгерістер енгізілді. Қасиетті Рамазан айында ауызашарға кісі шақырылмады, айт намазы жамағатпен бірге оқылмады, яғни ел мүфтияты карантиндік талаптарға немқұрайлы қарамауға шақырды. Үш күнге созылатын Құрбан айт мерекесін жұртшылық қалай өткізулері тиіс?

– Әлбетте, дүние жүзін дүр сілкіндірген пандемия кезінде адамзат баласына аса сақтық танытып, денсаулықтарына немқұрайлы қарамағандары дұрыс. Бұл қауіпті жұқпа ауруы ешкімді мүсіркемейтінін айқын көрсетіп отыр. Қаншама жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан айырылып қалдық. Бір отбасында бірнеше адам осы індеттен айыға алмай, көз жұмды. Сондықтан қауіп-қатерлерді ескере отырып, діни жоралғылардың орындалу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Биыл Құрбан айт мерекесі шілденің 31-і және тамыздың 1-і, 2-сіне келіп тұр. Карантиндік талаптарға сәйкес жылдағыдай мешіттің алдында мал сойылып, құрбандық рәсімдері атқарылмайды. Әр ниет еткен азамат өзінің ауласында құрбан шалып, малдың етін түгел таратып беруіне не болмаса үшке бөліп берсе де өз еркі. Ал ғаламтордан тарап жатырған онлайн құрбан шалу деген сыңды жаңалықтар Алматы, Нұр-Сұлтан т.б ірі қалаларда жүзеге асырылады.

– Ораза және Құрбан айттан бір күн бұрын о дүниелік болған жақындарына арнап мал сойып, шек беру дәстүрі бұрыннан бар. Алайда біреулер марқұмға шек берген дұрыс десе, енді келесісі Құрбан айт күні құрбан шалып, шекті де сол күні беру керек дейді...

– Бұл сауалыңызға ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) келесідей әрекеттерін мысалға келтірейін. Құрбан айт күні айт намазынан кейін екі қошқар соятын. Бірін қайтыс болған жақындарының атынан шалса, екіншісін өзінің және отбасының атынан шалатын болған. Бірінші малды соярда «Аллахым, мына құрбандық сенің бірлігіңе және менің пайғамбарларыма куәлік еткен барлық үмбетімнің атынан» деп ниет етсе, екіншісін шаларда «Аллахым мына құрбандық Мұхамедтің атынан және Мұхамедтің отбасының атынан» деп айтатын. Одан соң сойылған малдың еттерін жоқ-жітік, міскіндерге таратып беретін, ол еттен өзі де, жанұясы да ауыз тиетін. Сондықтан шек беруді марқұмның атынан құрбан шалу деп түсінсек, ол амалды Құрбан айт күндері бойына атқарса болады. Әлбетте, шек беру ата дәстүрімізде берік орын алған игі, қайырымды амалдардың бірі. Сондықтан шек беріп, сауабын өлген адамға бағыштау шариғи бұйрық болмаса да, шариғи үкімдерге қайшы емес. Бірақ, дейтұрғанмен, қазіргі кезде шекті Құрбан айттан бір күн бұрын беріп, дәл құрбан шалу күні керісінше мал сойылмай, тиісті рәсімдер ескерусіз қалып жатады. Ал шариғи тұрғыдан қарар болсақ  бақуатты, материалдық жағдайы толысқан саналы азаматқа Құрбан айт күні мал сойып, құрбан шалу міндет болып табылады. Демек, Құрбан айт басталған үш күннің ішінде мал сойылып, құрбан шалынуы керек. Одан бір күн бұрын шалынған мал құрбандық емес, нәпіл құрбандық болып табылады. Сондықтан, шекті дәл Құрбан айт басталған уақыттан үш күннің ішінде берген абзал. Бір жағынан құрбан шалынғандай сауап алады және Алла жолында ата - бабасының артынан құрбан шалып, құран бағыштағаны үшін сауаптар жазылады.  Имам Бухари риуаят еткен хадиске сүйенсек, «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын» делінген. Сондықтан нәпіл құрбандық пен уәжіп құрбандықтың аражігін ажыратып алғанымыз дұрыс болар еді. Дегенмен бір күн бұрын шек беру мақсатында мал сойған кісінің тұрмысы төмен, қайтара құрбан шалуға жағдайы келмесе құрбан шалмаса да болады. Ал бақуатты азаматқа бұл амал уәжіп болып табылады.

Құрбан айтта мүмкіндігі бар мұсылман құрбандық шалуға міндетті делік. Қазіргі құрбан саны күн санап көбейген пандемия кезінде сол құрбандыққа шалынатын малдың ақшасын науқастарды демеу қорына аударуға бола ма?

– Бірден кесіп айтайын, болмайды.  Құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі. Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Дін мамандарының сөзінше, құрбандық шалудың басты шарты - малды бауыздап, қанын ағызу. Жаратушы иемізге құрбандықтың еті де, қаны де, терісі де жетпейді. Негізгі өлшем - әрбір пенденің ықыласы мен тақуалығы. Сондай-ақ құрбандыққа жақсы әрі семіз мал сойған адам мұқтаж мұсылман бауырларымыздың көңілін аулайды делінеді. Сондықтан Құрбан айт кезінде мал сойылуы қажет екен. Өйткені құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатыны жайында хадистерде айтылған. Малдың ақшасын садақа етіп таратумен міндеттен құтылу болып саналмайды делінеді.

Құрбан айттан бір күн бұрын келетін Арапа оразасы туралы айта кетсеңіз. Бұл уәжіп амал ма, яғни, арапа оразасын ұстау міндетті ме?

– Арапа – дініміздегі ең қасиетті күндердің бірі. Арапа күнінің тарихи негізіне жүгінсек, сонау ИбраҺим пайғамбардың өмір тарихынан маңызды кезеңдерді еске түсіреді. Яғни, зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын  көреді. Әуелде бұл түсіне ол аса мән бере қоймайды. Алайда келесі күні де дәл сол түсті қайталап көреді. Осыдан кейін түсінің Алладан келген аян түс екенін анық түсінеді. Осы себепті де зүлхиджа айының сегізінен тоғызына қараған уақыт – «Арапа» күні деп аталған. Арапа күнінің артықшылығын ұғынып, қадіріне жете білуіміз керек. Ардақты Пайғамбарымыз «Арапа күнін құрметтеңдер, өйткені арапа – Алла қадірлі еткен күн» деген. Биыл қасиетті арапа күні шілденің 30-на сәйкес келіп тұр. Бұл күні балиғат жасына жеткен, денсаулығы, әл-ауқаты бабындағы әр саналы азамат таңмен ауыз бекітіп, күні бойына сауапты істерді атқарып, құлшылықтарын ерекше ықтиярлықпен орындап Алланың ризалығынан мақұрым қалмауға тырысуы керек. «Арапа күнінде оразасын өткерген адамның өткен әрі осы жылдағы күнәлары кешіріледі» делінген хадис бар. Әлбетте, арапа оразасы сүннет амалға жатады, яғни ораза ұстаса сауап алады, ұстай алмаса, күнә ретінде жазылмайды. Қандай жақсылық жасасақ та, ізгі амалдарды арттырсақ та көптік етпейді. Негізі, ата-бабамыз да бұл күнді әуелден қадірлеп, мән-мазмұнына бойлай білген. Арапа күні Құрбан айтқа ерекше дайындық жасап, үйдің іші-сыртын тазалап, ұлық мейрамның келуін айрықша күткен. Осындай берекелі күнде құлағымызды өсек-аяңнан, тілімізді ғайбаттан, көзімізді харам істерден аулақ ұстағанымыз жөн.

-Алла тағала Құрбан айт мейрамын берекелі еткей. Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Арайлым Фарит

Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале