Тасқала ауданының арқа бетіндегі еңселі «Бәйтерек» ет дүкені қашан да ауылдастарға сапалы мал өнімдерін ұсынумен келеді. Біз бұл жерге ат басын бұрғанда, ең алдымен кіреберіс қабырғада ілулі тұрған бір жас және бір үлкен арлан қасқырдың суретіне көзіміз түсті. Адамға рух беретін қайсарлық феномені іспетті көрініс. Сөре толы жылқы, қой, сиыр еттері. Тартылғаны бар, қазы-қарта, жал-жая, қойдың құйрық майы, қолдың майы, үйде өсетін тауық жұмыртқалары, қолдан жасалған тұшпара, вареники т.б. сатылуда. Осы жеке кәсіптің иесі Гүлайым Жақыпова тұтынушы сұранысын өтеу үшін бір дамыл таппайды. Талдырмаш келген келіншек нәзік жаратылысына қарамай, осы істің басы-қасында жүрген ұлы Дәуренге ақылшы. Анадайда буылған бес-алты сөмке адамдардың тапсырысы тұр. Әйтеуір, бұл жерде қайнаған тірлік. Әулеттің маңдай тері, іскер жандар кәсібінің қайнар көзі сынды.

«Бәйтерек» – ет дүкені
– Аяулы жұбайым Марс Жақыповтың өмір керуені тоқтағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Белді бекем буып, оның құрған ісін әрі қарай дамытып келе жатқан жайымыз бар. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, бір тал тұяғымыз – Дәуреннің кішкентайынан әкесінің қасында жүріп, шаруашылықтың қыр-сырын үйренгені, жас болса да әке ізін жалғастыруды дендеп қолға ала бастағаны көңілге қуаныш ұялатады, – дейді Гүлайым Шәукенқызы. Иә, бұл еңбекқор отбасы жеке шаруашылықтарын 2007 жылдан бастап қолға алған. Алдымен өз қораларындағы малдарын сатып, ақшалап жүріп кішкентай дүңгіршек ашады. «Бәйтерек» ет дүкені жанында орналасқан шағын орын әлі де қызметке жарап тұр. Бастапқыда іс бастау оңай болмағаны анық. Әйтсе де отағасы Марстың табандылығы мен еңбекқорлығы арқасында бәрі аз уақыт аралығында қалыпқа келген. Елге сыйлы, беделді азамат жеке кәсібімен қатар спортты бала кезінен серік етіп, қазақты төбет иттерін баптайтын өнерімен де көптің ілтипатына бөленген. Оның республиканың түкпір-түкпірінен келетін таныстары, достары көп-тұғын. Негізі Гүлайым Шәукенқызы сонау Қостанай облысының тумасы болса, Марс Бақтыгерейұлы осы Тасқаланың азаматы. Екеуін тағдыр сонау Алматы қаласында табыстырған. Гүлайым фельдшер мамандығын иеленсе, отағасы байланыс торабының инженері еді. Кейін бұл әулетте екі қыз, бір ұл өмірге келеді. «Орнында бар оңалар» дегендей, ұлы Атырау қаласындағы мұнай-газ колледжін оператор мамандығы негізінде тәмамдап, әке бастаған істі қолға алып, жауапкершілікті өз иығына артуды мақсат етуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мал өнімдерінен тұшпара (пельмени) цехын да ашқан. Онда ет тартылып, манты, тұшпара, вареники, котлет өзге де тағам түрлері жасалады. Көптен бері Әлима Ниеталиева, Бекайдар Мұқашев, Қайрат Бекқалиев сынды жұмысшылар қызмет атқарады. Соның ішінде 20 жылдан бері осы кәсіпте көмекші боп келе жатқан Бекайдар Мұқашев – Марс ағаның оң қолы болған сенімді адамы. «Менің екінші әкем сияқты» дейді Дәурен де ағайы туралы жылы лебізбен.
Әке көрген оқ жонар
Дәурен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі. Мал шаруашылығын өркендетуге қайтарымсыз несие алып, кәсіпкерлікті шыңдау курсынан өткен. Бүгінде ол сертификатқа қол жеткізіп, өз ісін жалғап жатса, шетелдік фирмада заңгер боп қызмет еткен үлкен қыздары Айсұлу Орал қаласынан ағылшын тілінен дәріс беретін жеке мектеп ашқан. Бала кезінен қайнаған еңбекті көріп өскен ұлға әкесінің жанында жүріп, ер азаматқа тән барлық жұмысты үйретіп кеткені үлкен өнеге. Мал сою, етті шауып, текшелеу, құрылыс сынды ерлерге тән жұмыстардың бәрін қызығушылықпен меңгерген. Үйге құрылысшы, болмаса, дәнекерлеуші келіп, оны-мұны жұмыстарды істейтін болса, «бар, қасында жүр. Қалай істеп жатыр, үйрен», – дейтін деп әке сөзін сағынышпен еске алады ұлы. Әулетіне қорған, ұлына қайталанбас тұлға, айналасына сыйлы, досқа жүрегі ашық азамат болған марқұм отағасының баласы ағылшын тілінде жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, шетелдік мұнай-газ жоғары колледжінің Атырау қаласындағы филиалына оқуға түскенінде қатты қуанып, ұлын мақтан еткені керемет естелік болып көңіл төрінде қонақтап қалған.
«Босс» – чемпион
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дәурен кішкентай кезінен мал сою, оның басын үйту сынды шаруашылыққа қатысты бар саланы меңгерген. Дәнекерлеу, темірден қақпа жасау да оған жат емес. Жас болса да, әкесінің хоббиі – төбет иттерді баптаумен айналысады. Оның арман, мақсаттары аз емес. Кезінде елдің түкпір-түкпірінен «Алабай» тұқымды иттердің жарысын ұйымдастырған Марс ағаның достары көп еді. Кавказ, Украина, Атыраудың Құлсары, Индер аудандарынан жалпы, республиканың әр қаласынан итке қызығушылығы басым жандар бұл әулет дастарханында жиі бас қосатын. Қазір де таныс, достары көп отағасының телефоны артында қалған жанұясына әлі қызмет етуде. Құрылғы тізіміндегі сол адамдарда байланысын үзбей, хабар алып тұрады. Қажет кезінде ақылшы, ниеттес.

Дәуреннің өзі алабай тұқымды алты төбет асырап отыр. Иттері жарысқа да қатысып, қатарластарынан қара үзіп жүргенін айта кеткен ләзім. Кейіпкеріміз жануарларға көп уақыт бөлу керек екенін қызығушылықпен әңгімелейді. Ол өзі әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөледі. Уақытымен тамақтарын беріп, далаға шығарып, ағзаларына қажетті укол егіп, үнемі денелеріне массаж жасауға да уақыт табады. Жарыстан ай жарым уақыт бұрын 7-8 шақырым қашықтыққа жүгіртіп, уколын егіп, үстін тарап, барлық жағдайын жасап, сақадай сай ғып алып барады. «Босс» атты төбеті осы облыстың, Атырау облысының чемпионы. БҚО-дағы иттер арасында ұйымдастырылған жарыста финалға шыққан. Енді тамыз айының 29-ында Ақтөбе қаласында өткелі отырған үлкен жарысқа әзірлік үстінде. «Егер бұл сайыста «Босстың» бағы жанса, яғни, Батыстың чемпионы болса, Қазақстан чемпионы атағын алу үшін республикалық жарыста бақ сынамақ. Ит асыраушылар әр иттің қанын, тіпті оларды жеті атасына дейін тарқатып айта алады», – дейді Дәурен Жақыпов.

Спорт шебері
Марс ағай көзі тірісінде салауатты өмір салтын ұстанған. Ол қол күресі, Дәурен еркін күреспен айналысқан. Бірі спорт шебері, бірі чемпион. Жас та болса, өмірден өз жолын тауып, бизнесті ілгерілету жолында алға ұмтылып жүрген жалынды жастың арман-мақсаттары да айқын. Соның бірі – еліне қадірлі болған әкеге ұқсау. Үнемі жақсы істің ортасында болу, жақсы нәрсені үйрену арқылы болашақ отбасын құрып, әке ізімен жүру Дәурен үшін үлкен құндылық. «Мен әкеммен мақтанамын!» деген оның риясыз пейілі көпке өнеге. Өн бойына тек жақсыны жинаған талантты да талапты жігіттің ертеңі жарқын боларына еш күмән жоқ.
Гүлнар Қадырова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz