29.07.2020, 16:21
Оқылды: 55

Өрт сәл-пәл азайған

Биыл қуаңшылық болғанымен бірінші жартыжылдықтың қорытындысында өткен жылғыға қарағанда өрт оқиғалары сәл-пәл азайған. Былтыр 261 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл оның саны 30-ға кеміген. Өрттен келген материалдық шығын 8 млн. 269 мың 815 теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға төмен (2019 жылы – 11 млн. 082 мың 900 теңге). Тілсіз жау өрттен 3 адам (2019 жылы – 4 адам) қаза болған, 7 адам (2019 жыл – 8 адам) түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «БҚО Төтенше жағдайлар департаменті жұмысының 2020 жылғы II тоқсан қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев әңгімеледі.

2B834CEB-135F-4697-9E5C-9889FE3445F1

Өңірдегі қалаларда 95, елді мекендерде 135 өрт жағдайы тіркелді. Өрттен келген шығынның негізі ауылдардың, елді мекендердің үлесінде. Биыл өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің қызметкерлері өрт кезінде 11 адамның өмірін ажал тырнағынан арашалап, 75 млн. 300 мың теңгені құрайтын материалдық құндылықты от-жанудан сақтады.

– Есепті мерзім ішінде тұрғын үй-жайында 153 өрт тіркелген. Бұл 2019 жылдың осы кезеңіндегі өрт оқиғаларына қарағанда 18,6%-ға төмен (174 өрт). Өрттен келген материалдық шығын 45 мың теңгені (2019 жылы 6 млн. 900 мың теңгені) құрады. Халықтың тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы салдарынан тұрғын үй секторында өрт оқиғалары орын алады. Отты пайдаланудағы салғырттықтан өрт оқиғаларының 59,5%-ы немесе 137 өрт, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан өрт оқиғаларының 27%-ы немесе 62 өрт болды. Бүгінде пәтерлердегі және тұрғын үйлердегі түрлі жанғыш заттар, синтетикалық материалдар, тұрмыстық техника өрттердің пайда болуының қаупін ұлғайтып қана қоймай, екінші жағынан, ондай синтетикалық материалдар жанған кезде улы газдар бөліп, адамдардың өмірі мен денсаулығына  қауіп төндіреді. Тұрғын үй-жайларға мемлекеттік өрт бақылау жұмыстары жүргізілмейді, сондықтан өрт қауіпсіздігіне қатысты біздің ұсыныстарымызды ескеріп, өрт қауіпсіздігінің алдын алғанда ғана өрт болмайды, – деді Жасұлан Жұмашев.

Биыл облыс аумағында 14 орман, 40 дала және жалпы ауданы 6125 гектар болатын 236 жану орын алды. Маусым-шілде айларында ауа райы облыс аумағында 37-39, кей жерлерде 40-42 градус, тұрақты ыстық әрі желдің күші 15-20 м/с жетіп жатты. Орман және дала өрті 13-17 шілде аралығында 8 ауданда (Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау) және Орал қаласы маңында орын алды. Орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі міндеттерді орындау мақсатындағы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Апта сайын ТЖД мобильді топтары өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегіне жол бермеу мақсатында елді мекендер мен саяжай алқаптарында 175 рейдтік шара жүргізген. Осындай іс-шаралар барысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 336 және 367-баптарына сәйкес қоқысты өртеу және орман алқаптарында от жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған145 адам  әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

– Биылғы 236 табиғи жанудың 170-сі (72%) ерікті өрт сөндіру құрылымдары және мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметі күшімен сөндірілген. Мысалы, 26 мамырда Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылында 237 шаршы метр аумақта шаруашылық құрылыстары және 6 тонна шөп өртенді. Өрттің көршілес шаруашылық құрылыстарына өту қаупі болды.  Өрт шыққан жерден жақын маңдағы өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 90 шақырымды құрайды. Бұл ретте алғашқы өрт сөндіруді Базаршолан ауылының ерікті өрт сөндіру құрылымдары жүргізді. Ауылдық округ әкімі Ерлан Темірғалиевтің сауатты басшылығының және ерікті өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында ашық өрттің көршілес шаруашылық құрылыстарына өтіп кетуі қаупі жойылып, өрт сөндірілді. Сонымен бірге екі бас ірі қара құтқарылды. Көршілес учаскелердегі тұрғын үйлер мен үй малын от-жалынан құтқаруда белсенді көмек көрсеткен (құрылымдарды бұзу, суды жеткізу және шөп пен жанғыш материалдарға су шашу) ауыл тұрғындарының (шамамен жетпіс адам) ерлік істері азаматтық ұстанымның жарқын мысалы, – деді Жасұлан Қыдырғожаұлы.

Баспасөз мәслихаты барысында спикер дәнді дақылдарды жинау, мал азығын дайындау және оны тасымалдау, сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселелеріне назар аударды. Осыған орай аудандардың ТЖБ қызметкерлері ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірге  шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы техникаларының жағдайына тексеру жүргізуде.

ТЖД бастығы өңірдегі ірі өрт оқиғаларына тоқталды. Оның бірі  – мамырдың 25-інде Орал қаласындағы «Пивовар» кафесінің ғимаратына жалғас салынған жазғы орын және оған жақын  айырбастау пунктінің ғимараты өртенді. Жазғы үй-жайдан өрт сөндірушілер 4 тұрмыстық газ құрылғысы мен 2 оттегі баллонын шығарды (өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін бір газ баллонының жарылуы болды). Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрттің дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан, отты абайсыз пайдаланудан шыққанын алдын ала жүргізілген зерттеулер көрсетіп отыр. Өрт сөндіруге ТЖД-ның 83 қызметкері мен 22 бірлік техникасы қатысты.

13 шілдеде Ақжайық ауданындағы Бударин ауылының «Бударин орман шаруашылығы» КММ аумағында шамамен 5 га орман алқабы (терек, тал) өртенді. Жел бағытының күшеюіне мен өзгеруіне байланысты Жайық өзенінің сол жағалауынан Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылындағы орман алқабынан Ақжайық ауданы Коловертное ауылындағы тұрғын үйлерге өрт көшкен. Соның нәтижесінде Коловертное ауылында 2 үй (бір тұрғын емес) және 4 шаруашылық құрылысы өртенді. Өрт сөндіру барысында 42 адам,15 бас ІҚМ, 25 бас ҰҚМ және 30 үй құсы (тауық) эвакуацияланды. Өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндіруге Атырау қаласынан «Қазавиақұтқару» АҚ «МИ-884» тікұшағы (3 экипаж мүшесі) тартылды. Тікұшақ арқылы барлығы 65 рет су төгілді. Өрт 17 шілдеде түс әлпетінде толығымен жойылды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале